Қоғам • 09 Мамыр, 2022

Ұрпақтар сабақтастығы

208 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматылық профессор Қозыбай Анарбек атасының зиратына зиярат ету үшін Ресейдің Орлов облысына арнайы келді. Оның атасы Орловщина маңындағы ұрыстарға қатысқан. Бұл туралы «Орловская правда» газеті жазды.

Ұрпақтар сабақтастығы

Ол атасының зиратын табуды армандаған екен. Міне, арманы да орындалды. Осылайша, перзенттік парызын өтеп, арқасынан ауыр жүк түсті. Профессор Орлов­щи­на­ға қызы Лаурамен бірге ке­ліпті. Меймандарды вокзалдан бүкіл­ресейлік «Волонтеры По­беды» қоз­ғалысының Орловтағы бөлім­шесінің жетекшісі Кирилл Ишков пен облыстық әкімшіліктің өкілі Анна Рубцова күтіп алды.

– Сіздерді Орловщина жерінде көргенімізге қуаныштымыз! – деді Кирилл Ишков таза қазақ тілінде. Сіздердің бұл сапарларыңыз біз­дің өңір үшін үлкен мәртебе. Баба рухына тағзым ету үшін ұзақ қа­шықтықты жүріп өтудің өзі неге тұрады?! Өз кезегінде Қозыбай мен Лаура жылы қарсы алған Ки­рилл мен Аннаға алғыс айтып, Қа­зақ­­стан нышандары бейнеленген кон­фет орамын сыйға тартты.

Алматы қаласында бұл әулетті көбі жақсы біледі. Қозыбай Анарбек – педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлт­­тық педагогикалық университетінің про­фессоры, Халықаралық педа­гогикалық білім беру ғылымдары академиясының академигі. Оның зайыбы Бақытгүл – еңбегі сіңген акушер-гинеколог. Үш қызы бар. Олар әлемге әйгілі жоғары оқу орындарын бітірген. Үлкені Лаура атасының рухына тағзым еткен соң Мәскеуге – Мәскеу мемлекеттік пе­дагогикалық университетіне пе­да­гогикалық практикадан өтуге аттанбақ.

– Атам Нұрахмет Толыбаев ауылдық кеңестің хатшысы болып жұмыс істеді. Соғыс басталғанда лауазымына байланысты әскер қа­тарына шақырылған жоқ. Алайда елге қауіп төнгенде бұлай жүру­ді жөн көрмей, қатарластарымен бірге майдан шебінен табылуды көздеді. Сөйтіп, 1942 жылдың 9 тамызында ерікті түрде соғысқа ат­танды, – дейді Қозыбай Анарбек.

Нұрахмет Толыбаев 1943 жыл­дың 5 шілдесінде Орлов облысын жаудан қорғау кезінде Глазунов ауданының Александровка де­рев­­нясына жақын маңда қаза тапты. Ол небәрі 37 жаста еді. Оны бауырластар зиратына жерлеген. Оның есімі 1943 жылдың 5-6 шілдесіндегі ұрыстарда қаза тапқан 81-ші атқыштар дивизия­сы жауынгерлерінің құрметіне қо­йылған мемориалдық тақтаға ойып жазылған. Бауырластар зиратын­да бір мыңнан астам жауынгер жерленген.

Қозыбай Анарбек дәл осы жер­ге келуді армандапты. Атасы дамыл тапқан бауырластар зиратын көрген ол көзіне жас ал­ды. Аруақтардың рухына дұға ба­ғыш­тап, тағзым етті. Осыдан бір жыл бұрын әкесінің қабірінен салып алған топырақты бауырластар зиратына шашты. Бірнеше минуттық үнсіздіктен кейін атасы жерленген жердің бір уыс топырағын шү­бе­рекке түйіп алды. Оны өзімен бірге ала кетпек.

– Бұл әрбір адамның қасиетті борышы. Менің жаным енді жай тапты, – деді ол.

Бұдан соң Глазунов ауданы Очкин селолық қонысының басшы­сы Ольга Боева қонақтарды аудан­ның өткеннен сыр шертетін тарихи және көрнекті орындарымен таныс­тырды.

Қонақтар жылы қарсы алып, қонақжайлылық танытқан ор­лов­тықтарға алғыс айтумен болды. Қайтарда «Қазақстанға ке­ліңіздер!» деген тілектерін де жет­кізді.

 

Екатерина АРТЮХОВА