Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ халқының да қатысқаны және алдыңғы лектен көрінгені рас. Кешегі кеңестік режиссерлердің өз халқын алдыңғы шепке шығарып, орыс мүддесімен түсірген туындысын малдана бермей, кішкентай халықтардың соғыстағы ерлігін жаңаша пайымдап көрсету – бүгінгі ұлттық кинорежиссура алдындағы үлкен міндет. Бірақ бұл сала түрен түспеген күйі тың жатыр. Бос. Ал вакуум іші ұзақ уақыт бос болса, оны күндердің күнінде міндетті түрде біреу келіп иеленіп, оны өзінше толтыруға әрекет ететіні белгілі. Бірақ немен толтырады, дәл осы тақырыпты ол қалай көрсетеді? Өзегіне қандай ой салады?
Соңғы жылдары көрерменге таныстырылған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметованың, Қасым Қайсенов пен Бауыржан Момышұлының кинодағы бірегей образын енді майдангер жазушы Әди Шәріповтің бейнесі толықтырады. Биыл туғанына 110 жыл толып отырған белгілі қаламгерді «1941 жылдың жазы» атты жаңа көркем фильмнің кейіпкеріне айналдырған режиссер Бекболат Шекеровтің ұзақ жылғы ізденісі тосын жаңалыққа толы болуымен назар аудартады. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен түсірген фильм актерлердің жаңа буынымен таныстыра отырып, қайсар мінезді қазақтың ерлігіне соғыстың бар шындығын сыйдыра алған.
Тағылымы мен өнегесі тарих тақтасында өшпестей болып таңбаланған тұлғалардың бірі Әди Шәріпов соғыс жылдарында партизан отрядын басқарды. Режиссер Беларусь жеріндегі майданда «Саша қазақ» атанған Әдидің ерлігін көрсетуді фильмнің негізгі өзегі етіп алған. Беларусь орманында ойран салған қазақ жігіті және ол басқарған партизан қозғалысы – жарты әлемді шарпыған алапат соғыстың шөкімдей бір бөлшегі ғана, сонда да болса фильмнен соғыстың бар сипаты көрінген. Достық та, махаббат та, сатқындық та – осы фильмде. Фильмнің аз ғана кадрлары Алматы облысында, ал басты бөлігі Беларусь елінде, дәл соғыс болған жерде, партизандар мен фашистер шайқасқан аумақтың өзінде түсірілген. Картинаның аты айтып тұрғандай, Әди Шәріпов неміс басқыншылары басып алған Беларусь жеріндегі соғысқа бірінші күнінен бастап кірісіп, лейтенант шенінде партизан жасағына басшылық жасаған ол, жас та болса, иығына жауапкершілік міндетін жүктейді. Қалың орман ішінде талғажау етер тамағы, оқ-дәрісі таусылып, арып-ашып жүрсе де, опасыздық жасап кейін қайтуды ойламайды. Беларусь жерінің иірімі терең батпағында қалуға мәжбүр болғанда да, құдай-аруақтың күшімен ол жылымнан да жол тауып шығады. Жан-жағының бәрі анталаған жау, қалың жынысты орман ішінде жан қысылғанда қолұшын созып, жәрдемге келер ешкімнің жоғын әскерлер жақсы түсінеді. Алдағы күн айқын емес, белгісіздігі басым мұнартқан күннің әр мезеті қорқынышты, кез келген сәтте келіп оқ жаудырып, баудай түсіруі мүмкін жау соққысынан гөрі қолында қалқан етер қаруы, оқ-дәрісі, орталық штабпен байланыстың жоқтығы партизан отрядын тығырыққа тірейді. Ал отрядта мұрнына оқтың иісі бармайтын кіл жас балалар тәуекел жасауға батылы жетпей «бүлдіріп аламыз ба» деп барлық әрекетті тежей береді.
Фильм соғыс кезіндегі тарихи деректер мен көңіл күй әсерін мүмкіндігінше дәл сипаттауға тырысады. Себебі фильм Әди Шәріповтің майдан даласында жүріп өз қолымен жазған хаттары, от пен оқтың тынысымен тілдескен сәттерін суреттеген шығармалары негізінде, болған оқиға ізімен түсірілген. Ә.Шәріповтің 1941 жылдың 22 маусымында соғыстың алғашқы күні-ақ Беларусь жеріндегі шайқастың ішінен табылу себебі, ол дәл сол мезетте кеңестік әскер сапында шекараға таяу Гродно қаласында әскери борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер болатын. Тұтқиылдан келіп тиіскен жау соққысына кеудесін төсеген жауынгерлермен бірге Короб деревнясы маңайында екі күн бойы қоршауда қалғанша Гродно бағытына полк штабы өтіп кеткенше сыртынан жасқап тұрады. Айнала мұздай қаруланған жау әскерінің ортасында қалған Әдидің қорықпастан, шайқасты әрі қарай жалғастыра беруге шешім қабылдайтын ержүректігі – ең көңіл толқытар сәт. Басшылықпен байланысын үзіп алғанына қарамастан Әди жау тылында жатып та жауынгер жолдастарының жүрегіне үміт пен сенім отын жаға біледі. Оққа ұшып, өлім құшқан әр сарбаздың кеудесіндегі бесжұлдызды кетіп бара жатып үзіп алу Әдидің әдеті, ең соңында күректей қолында соншама серігінің опат болғанының белгісіндей үйілген бесжұлдызды уыстап тұрғаны – ұтымды кадр. Бәрі де жан тапсырып, взводта бар болғаны 11 жауынгер қалады. Алайда шейіт кеткен сарбаздардың сапы деревняның жергілікті тұрғындарымен толыға түседі.
28 ай бойы Беларусь елінің ормандарында партизан болып, құрбандықтың қандай түріне де ойланбастан бара беретін батырлығымен аты шыққан Әди Шәріповтің «Саша қазақ» деген атын естігенде фашистер ашу-ызадан қалшылдап, оның көзге көрінбейтін, қолмен ұсталмайтын «елес-бейнесін» қолға түсіре алмай әбден әбігерге түседі.
Фильмдегі Әди Шәріповтің күлімдеп тұратын мейірбан мінезін бірбеткей батылдықпен шендестіре көрсеткен Омбы қаласында дүниеге келген қандасымыз, Мәскеудегі Станиславский атындағы электротеатрдың әртісі Азамат Нұғымановтың шеберлігі тәнті етеді. «Ол туралы деректермен танысқанымда, Әди Шәріповтің белгілі партизан болғанын білдім. Оны белорустар да, немістер де «Саша қазақ» деп атаған. Немістер Саша қазақтың басын әкелген адамға 5000 марка бәс тіккен. 1944 жылы ол Қазақстанға оралады. Мен оның өмірбаянын зерттеп жүріп, ол кісінің әйелімен таныстым. Апамызбен көп әңгімелестім, ол кісі маған батасын берді. Өз кейіпкерім туралы жаңа деректерді білген сайын тағдыр оны қанша рет сындырмақ болса да, сол сынақтың бәрінен адамдық болмысына кіреуке түсірмей өткеніне қарап, шын таңырқадым. Әди атамыз неткен қайсар, жарығы мол жақсы адам болған!»
Сондай-ақ өзге де басты рөлдерден Шәріпбек Закиров, Әлихан Лепесбаев, Андрей Сенькин, Елизавета Шукова, Мақпал Қасенова, Александр Брухацкий, Валентина Гарцуева сияқты Қазақстан мен Белоруссияның танымал жас актерлері көрінеді.
Бұған дейін «Қарсы бақылау», «Жас ұлан», «Секер» фильмімен есімі көрерменге жақсы таныс Бекболат Шекеров жаңа фильмін былай таныстырды: «1941 жылдың жазы» фильмі арқылы мен көрерменге екі ойды жеткізгім келді. Бұл біріншіден, қазақтардың және қазақстандықтардың да осы соғысқа қатысқанын көрсету. Ол кезеңде бұл барлық 15 республиканың Отаны болды, ендеше қатысқан барлық халық жанын да бірдей қиды. Екіншіден, біз фильмді кеңестік киноның кешегі озық дәстүріне сай соғыс атаулыға қарсы фильм түсіргіміз келді».
Нағыз суреткер сезімтал келеді. Бекболат Шекеров тұсауы жаңадан кесіліп жатқан «1941 жылдың жазы» фильмін пандемия басталмай тұрып, Ресей-Украина соғысынан да бұрын түсіріп тәмамдаған. «1941 жылдың жазы» Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына қазақтың өз көзімен қарауға үндейтін нағыз кең форматтағы ауқымды дүние. Тек шектеулі прокатта жарыққа шығатыны қынжылтады. Әдилер кешкен қанды қырғын, қызыл майданның өртінен де бейбіт күндегі рухани дағдарысты тудыратын осы оспадарсыздықтан Отан зардап шегуі әбден мүмкін. Өкініштісі де осы.
АЛМАТЫ