Қазақстан • 09 Мамыр, 2022

Қаһармандық қағидасы

433 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Елім деген Ер едің!

Жат жұртта сүйегің қалды ғой.

Жас өлдің, арулап көмбедім,

Сұм соғыс ұрпақты жұтты ғой!».

Қаһармандық қағидасы

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Ел Жеңіс күнін мерекелеп жатқан­да Зағи әжеме келіп мұңын шағатын ­бір уыс қара кемпірдің зарлы әуені әлі де ­жа­дым­да. Мектеп баласымыз. Әже­міз­дің: «Ауы­лымыздан майданға аттан­ған он аза­маттың сегізі ғана оралды», дегені де есте. Қа­һарлы соғыс жыл­да­ры мыңдаған қан­да­сымыз опат болды. Шырақтары сөнді. Есім­дері белгісіз қалды...

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Отан қорғаушы күні» құрметі­не мемле­кеттік награда, жоғары әске­ри және арнаулы атақ, сыныптық шен беру рәсімін өткізді. Жиында Екін­ші дүниежүзілік соғыста 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанғанын, бірақ көптеген майдангер­­дің ерлігі түрлі себепке байланысты елеу­сіз қал­ғанын еске салды. Мемлекет басшысы жиынға қатысушы офицерлерге аты аңызға айнал­ған үш ержүрек жауынгердің ерен ерлігі туралы айтты. Соғыста ерлікпен қаза тапқан майдангерлерге «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Мемлекет басшысының Жарлы­ғы­мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Ха­лық қаһарма­ны» атағы беріліп, айрықша ерек­шелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені марқұмдар – Әбдібеков Төлеу­ғали Насырханұлы, Несмиянов Алек­сандр Александрович пен Сүлейменов Ыбы­райымға табыс етілуі қаһармандығын үлгі тұтатын елдің әділеттілік ережесін парызы санайтындығына дәлел.

Өткен соғыс қаһармандарын ұмыт­­пай, ұрпақтарының ұлықтауы қажетті­­лік қа­ғидасына айналуы керек. Бүгінгі жас жет­кіншек те, жетпістен асқан қария­лар да сол соғыс туралы кітаптан оқып білдік. Со­­ғысты көзбен көргендердің шығармала­ры Кеңес Одағы дәуірінде шықты. Бірақ комму­нис­тік партия цензурасы ақиқатты айтқыз­ған жоқ. Тек компартияның бас идеологы Суслов қайтыс болған, 1982 жылдан бастап соғыстың шындығы жазылған туындылар жариялана бастады.

Орыс жазушысы Валентин Распу­тин мен белорусь жазушысы Василь Быковтың романдарын соғысты бас­тан кешкен майдангерлер жылы қа­былда­ды. Распутин мен Бы­ков «Социалистік Еңбек Ері» атағын ал­ды. Мемлекеттік сыйлықтармен марапат­талды. Соғыстың суық та сұрқай шын­дығын боямасыз, қаз-қалпында сипаттайтын Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» ро­маны да сол кезде жарық көрді. Шы­ғармада қан майданда да жұ­мыр бас­ты жандардың пендешілігін, адам­гер­шілікті ұмытып, адалдықтан аттап өте бере­тінін көрсетеді. Соғыс та қара­ба­йыр қарапайым тіршіліктің бір беті. Жақ­сылық пен жамандық, әділдік пен әді­летсіздік қатар жүреді. Романның алғаш­қы тарауларында-ақ бі­реудің атып тү­сірген жау ұшағын, награда дәметкен абы­ройсыз иеленіп кеткісі келеді. Соғыс сәтін­дегі күнгей мен кө­леңкеде бас кейіп­кер бірде өзі, бірде аға­сы Қасым бо­лып әділдікті орнатуға күш салады...

Соғыста ерлік көрсеткен қаһарман­дар­ды марапаттау барысында өрескел қия­наттардың жасалғандығы туралы қаламгер-мемуаршы Валенти́н Береж­ко́втың «Бас штаб соғыс жылдарын­­да» кітабы арқылы танысуға болады. Сол жылда­ры Сталиннің жеке аудармашысы бол­ған оның қызметі Бас штабта тіркел­ген болатын. Тарих ғылым­да­рының докторы Бережковтың жазуын­ша нағыз қырғынды көзбен көрмеген, тек май­дан­нан келген құжаттарды тіркеп отыр­ған штабтағылардың барлығы дерлік Кеңес Одағының Батыры атағын алған «көртышқандар».

Бұл деректі аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момыш­ұлы мен жазу­шы Әзілхан Нұршайықов арасында 1970-77 жыл­дардағы сұхбат же­лісінде жазылған роман-диалогтен бай­қай­мыз. Мойындау керек, ол кезеңде соғыс ақи­қатын айтуға рұқ­сат жоқ бо­ла­тын. Бірақ Бауыржан ата­­мыздың шын­ды­ғын шынжырға бай­ламай, Әзілхан аға­мыз тұспалдап жеткі­зіп отыр­ған. 316-атқыштар дивизиясының штаб бас­тығы болған Гофман өзінің аты кі­тап­қа неге енбегенін, қарамағындағы полк командирі болған Момышұлынан сұрай берген. Баукеңнің жауабы анық: «Гоф­ман офицерге лайықсыз әрекет еткен». Бұл романда Бауыржан Момышұлы сұрақ қою­шы Әзілхан Нұр­шайықовтан соғыста­ғы есте қалған жау­жүректігін сұрай­ды. «Артил­ле­рист болдым. Снарядтар­ды боратып жа­тамыз. Нақты жаудың екі танкісін жай­рат­қанымды біле­мін» дейді. Сонда полков­ник Момышұлы бұл батыр атағына ұсы­­нылатындай ерлік болған дейді... Қа­зіргі дерек­тер­ден білетініміздей, Ба­уыр­­жан Мо­мыш­­ұлының өзі екі рет Ке­ңес Одағының Ба­тыры атағына ұсы­­ныл­ғанмен, штаб­тағылар өткізбей тастаған.

Рақымжан Қошқарбаевты еске ала­йық. Ол Берлиндегі Рейхстагқа Гри­горий Булатовпен бірге Жеңіс туын бі­рін­ші болып тікті. Бұл 1945 жылдың 30 сәуіріндегі тарихи оқиға. Бірақ Бас штабтағы бюрократтар Ұлы Жеңістің тұңғыш тізіміне қазақты емес, Бас қолбасшы Сталиннің жерлесін жазды. Соған батыр атағын бергізді. Соғыс бойында мұндай жағдайлар көп кездесті.

Жоғарыда атап өткен сол соғыстың өлім мен өмір айқасын көзбен көр­ген Кемел Тоқаев­тың майдандағы кезек­ті «Ерлігі үшін» медаліне ұсынған 7-гвар­диялық танк пол­кінің команди­рі, гвардия подполков­нигі Кор­буттың бұйрығы («Память народа» сайтынан алынды) мынадай: «Автоматшы­лар бө­лі­мінің командирі Кемел Тоқаев 1943 жылдың 17 шілдесі мен 1 тамызы ара­лығында танктерді күзетуде ерекше батыл әрі ержүректік әрекет жасады. Толассыз артиллериялық атқылау ке­зінде танктермен байланысты үзбей ұс­тады. Тоқтаусыз пулемет-автомат оғы­ның астында істен шыққан танк­тер мен экипаждар барлауын жүргізіп, танк­терге ұтымды өткел жолын жасады. Өз автоматымен 20 гитлершілдің көзін жойды». Керемет ерлік. Сірә, полк командирі жауынгерлеріне жоғары награда бұйырмайтындықтан тек медаль­ға ұсына берсе керек. Осы наградтау қағазына дивизия командирі қызыл қарын­дашпен Қызыл Жұлдыз ордені деп жанына баттитып жазып қойған. Бірақ үлкен Штаб бұл ерлікті медальмен наградтау тізімінде қалдырған.

Сөзімізді Бауыржан Момышұлы мен Әзілхан Нұршайықов арасындағы елу жыл бұрынғы «Ақиқат пен аңыз» кітабындағы диалогпен аяқтайын.

«Әзілхан: Сол қырық бірінші жылы ­8 жел­тоқсанда айтқан уәдеңізді орын­дапсыз, Бау­ке. Жолтайдың (Жолмұхамед Бозжанов, ер­лікпен қаза тапқан жауынгер) да атын «Москва үшін шайқас» кітабына кіргізіпсіз. Үкімет наградасына жазған сіздің ұсыныс бойынша оған Ленин ордені беріліпті.

Бауыржан: Жоқ, орындай алған жоқ­пын. Менің кітабымда Жолтайдың аты ғана жүр. Ал ол туралы Қасым Аман­жо­лов­тың Абдол­лаға арнаған дастанындай поэма жазу керек еді. Ол менің қолымнан кел­меді. Жастар бар ғой, бәлкім, жазар әлі де».

Бұл соғыс көрген қазақтың әйгілі екі аза­матының әңгімесі. Ой салатын, ерлік шежі­ресін ұмытпауға үндейтін ата сөз.

Әлі де тарих қойнауында жатқан ата-баба ерлігіне лайықты бағасын бе­ру бүгінгі Қазақстан елінің парызы. Мемлекет басшысы үш майдангерге «Халық қаһар­маны» атағын берумен аталар рухын жаңғыртты. Ел үшін де, ертеңіміз үшін де өнегелі өрелі іс!

 

Махат САДЫҚ,

журналист