15 Сәуір, 2014

Жылы сөз де жанға дауа

635 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жақында бір сәтте әлсіздіктен басым ауырып, қан қысымым көтеріліп, бүйрегімнен соққы ұстап, өзімді өте нашар сезіндім. Сөйтіп, Тараздағы №2 қалалық ауруханасының неврология бөлімшесіне ауыр жағдайда түстім. Жасым – 51-де. Әрине, кәрілік болса, аса мән бермес едім. Бұрын аса ауыра қоймаған, еңгезердей, ірі денелі, мен тәрізді адамға сырқаттанған да оңай емес екен. Қатты қиналғанда, жаным мұрнымның ұшына келгендей көрінді. Осы кезде жаныма ең алдымен, дәрігерлердің жылы сөзі желеу болды. Мені ғана емес, сондағы барлық науқастарды ыстық ықыласымен емдейтін дәрігерлерді осы ауруханадан көрдім. Сағат сайын келіп, жағдайымды біліп, қажет дәрі-дәрмектер тізімінің дұрыс берілуін қадағалап жүретін бас дәрігер Сауле Мамашева бастаған ұжымда бірде-бір біліксіз маман жоқ секілді. Әсіресе, Гулам Умаров пен Айман Бекебаева, медбикелер Гүлмира Жақсыбаева, Медеткүл Сегізова, жас маман Раушан Баяубаеваларды атамауға болмайды. Жанына шипа іздеп келген әр науқасты сөзге тартып, жылы лебіз көрсетіп, арасында қалжыңдап, күлдіріп алатын медбикелер де жоқ емес. Сырқат адамға жылы сөздің өзі шипа емес пе? Алтын қолды, мейірімді дәрігерлердің арқасында дене қызуым басылып, қан қысымым орнына келіп, қажетті шаралардан өтіп, ем-дом алып, жазылып шықтым. Дәрігерлерге ризашылығым шексіз. Керімқұл БЕГАЛИМОВ, Жуалы аудандық мәслихатының депутаты. Жамбыл облысы.