Теннис • 10 Мамыр, 2022

Елена Рыбакина Рим жарысының екінші айналымына өтті

176 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина Рим WTA 1000 турнирінің екінші айналымына өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елена Рыбакина Рим жарысының екінші айналымына өтті

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда іріктеу сайыстары жеңімпаздарының бірі, дүниежүзілік рейтингте 146-орында тұрған 19 жастағы ресейлік Элина Аванесянмен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда есеп 4:4 болған мезетте Е. Рыбакина төртінші брейкке қол жеткізіп, сосын өз геймін де алды – 6:4.

Екінші сетте есеп 5:3 болған кезде доп берген Э. Аванесян өз мүмкіндігін пайдалана алмады. Бұдан кейін қатарынан үш геймді алған Е. Рыбакина матчқа доп берген сәтті мүлт жіберді – 6:6. Дегенмен, тай-брейкте Елена қарсыласына бірде-бір ұпай берген жоқ – 7:6 (7:0).

Бір сағат 50 минутқа созылған матч барысында қазақстандық спортшы 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды. Қарсыласы 5 брейкпен (11 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Е. Рыбакина жүлде қоры 2,5 млн еуродан асатын жарыстың үшінші айналымына шығу үшін рейтингте 102-сатыдағы америкалық Лорен Дэвиспен таласады.

Негізгі турнирге іріктеу сайыстарынан қосылған Л. Дэвис алғашқы айналымда әлемнің 13-ракеткасы, 2017 жылғы Ролан Гаррос додасының жеңімпазы, латвиялық Елена Остапенконы 6:2, 6:3 есебімен жолдан тайдырды.

Аяна Тоғанбек