Қоғам • 10 Мамыр, 2022

Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасылар саны көбейе түсті, оларға барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасыларға көмек көрсетіледі

«Қостанай қаласындағы Набережная көшесінде 12 тұрғын үй, шаруашылық нысандары, 3 жеңіл көлік пен 1 жүк көлігі өртеніп кетті. Бұл жайт қала көлеміндегі төтенше жағдай есебіне жатқызылды. ТЖ салдарын жою бойынша қалалық штаб пен комиссия отырыстары өтті. Мемлекеттік органдарға зардап шеккендерге жылдам көмек көрсету жөнінде тапсырмалар берілді», деп хабарлады қала әкімдігі.

Өртенген мүліктің бағасын есептеу мақсатында жедел комиссия құрылып, оған тәуелсіз сарапшылар тартылды. Комиссия қорытындысын қысқа мерзімде шығару міндеттелді.

«Қазіргі мәліметтер бойынша 13 отбасы зардап шекті. Оларда 13 кәмелетке толмаған бала бар, оның 7-еуі – оқушы. Адамдарды уақытша орналастыру үшін «Дружба» сауықтыру орталығы дайындалып, кеше кешке оған 5 адам жайғастырылды. Қажетіне қарай, яғни қалалық штабқа жүгінетіндер болса, тағы да жіберіледі. Адамдар тамақпен қамтамасыз етіліп жатыр. Алғашқы көмек ретінде әр отбасына 200 мың теңгеден берілді», деп толықтырды әкімдік.

Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен зардап шеккен отбасылардың әрқайсысына 70 АЕК көлемінде бір реттік жәрдемақы бөлінеді.

 Аяна Тоғанбек