Қазақстан • 11 Мамыр, 2022

Жанат ағаның шапағаты

319 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Ол кезде «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің редакциясы Алматыдағы ЦУМ деп аталатын Орталық дүкеннің маңайында, Горький көшесінің бойында еді. Бүгінгі Абылайхан даңғылы мен Жібек жолы көшелерінің қиылысқан тұсындағы ғимаратта орналасқан. Газет өз заманындағы қазақ жастарының сүйікті басылымы, ақылшысы, рухани серігі. Жас қаламгерлердің ыстық ошақ, жылы отауы. Қысқасы, газеттің қоғамдық ортадағы беделі аса жоғары, дәуірлеген жұлдызды шағы-тын. Көңіл төрінде қалған сол бір әзіз жылдарды Фариза Оңғарсынова апамыз былай деп еске алыпты: «Бүгіндері баланы да, үлкенді де арбап алған көгілдір экран ол кезде жоқ. «Ленжас» республиканың әр түкпірінде жастың да, жасамыстың да қолынан түспейтін басылым еді. Очерк, әңгіме, топтама өлеңдердің үтір-нүктесіне дейін қалдырмай, астын сызып шұқшия оқитынбыз. Шағын хабар, соңғы беттегі әзіл-сықаққа дейін түгін қалдырмай ақтарып шығатынбыз».

Жанат ағаның шапағаты

Партияның қол астындағы, жіті бақылауындағы шырғалап, шырмап ұстап отырған өзге басылымдар айта алмайтын тақырыптарға осы жастар газеті ғана барып жүр­­ді. Редакцияда «сен тұр, мен атайын» дейтіндей өңкей бір текті де тегеурінді жастар істейтін. Жоғарғы билік те «е, жастар ғой» деп бұл газетке кешіріммен қа­райтынын сезетінбіз. Оның үс­тіне газеттің редакторы күндей күркіреген Шерхан Мұртазаев ағамыз еді. Қашанда принципті, әділ басшы Шерағаң одағай пікір, мұртты мақаланың өзін де, оның авторын да биліктегілерге талауға бергізбейтін. Бастықтардың алдында кеудесімен де, күркіреген үнімен де қорғай білетін жалаңтөс баһадүр. Қарсы келгеннің аузын қайыстырып жіберетін қасқаның нағыз өзі. Әншейінде әзілқой, қалжыңбас Шерағаң елдік мақсат, ұлттық мүдде сияқты принципті мәселелерде сөзінен аяз, үнінен үскірік есетін адуын, айбаты арыс­тандай, мінезі ноқ. Содан билік басындағылар да ағамыздың торсаң мінезінен қаймығатын, сыйлауға мәжбүр болатын.

Сол Шерағаң аю жортқан Ал­тайдың шалғайында балағын түріп тастап шөп шауып жүрген жерінен Оралхан Бөкеевті өзі арнайы шақыртып, жастар газетіне қызметке алғанын білетінбіз. Қызмет болғанда да қатардағы тілшілікке қабылдаса да шоң жаңалық, зор табыс қой... Шерағаң әлі жоғары білімі жоқ, КазГУ-дің журналистикасында сырттай оқып жүрген Оралханның талантын қырағы қырғидай қырымнан танып, бірден газеттің әдебиет бөліміне меңгеруші етіп тағайындайды.

Мен Алматыдағы Н.В.Гоголь атындағы Көркемсурет училище­сіне оқуға түскен кезім. Оралхан ағамыз Айман жеңгеймен Ни­кольск базарының маңайында, көп «линиялардың» бірінде өлмелі бір кемпірдің лашығын жалдап тұрады. Біз анда-санда сол үйге барып, Айман жеңгеміздің дастарқанынан дәм татып, аш-құрсақ қарнымызды қампитып жүрген уақыт. Ол үйде жиі-жиі Мәншүк апайымызбен де ұшырасып қаламыз. Орағаңның ЖенПИ-де оқитын осы Мәншүк қарындасы керемет бауырмал еді, тілге ділмар, сөзге шешен болатын. «Оралхан ағаң құйрық-жалсыз жалғыз, қалған төртеумізді Құдай-тағала қыз етіп жаратыпты. Сен Оралханға іні бол!» – деп мені байлап кеткен де марқұм Мәнсия апайым болатын.

Бірде жексенбіні пайдаланып арсалаңдап әлгі жалдамалы үйіне барғанымда Оралхан: «Сен ертең уақыт тауып біздің ре­дак­цияға соғып кетші!» – деген. Ағамыз солай деген соң дүй­сенбінің сабағынан кейін кештетіп, салып-ұрып «Лениншіл жастың» редакциясына жеттім. Үшінші қабаттағы жалпақ бөлмеде иін тіресіп бірнеше адам отырады екен. Имене басып, төр жақ бұ­рыштағы Орағаңа бардым. Орағаң қолымнан жетелеп түрлі түсті қа­рын­дашпен бірдеңелер сызып отырған қурайдай арық, қара мұрт­ты қағылез, қара көзілдірікті жігітке ертіп апарды.

– Анада өзіңе айтқан суретші інім осы! Бірдеңе заказ берші, қолынан не өнер келеді екен, өзің байқарсың? – деді де, қайыра өз орнына барып жайғасты.

Мені таныстырған жігіттің аты-жөні Жанат Елшібеков болып шықты. Байқауымша, секрета­риат­тың білдей қызметкері сияқ­ты. Бас редактордың қабылдау бөл­месі іспетті бұл кабинетте бір-­біріне түйістіріліп тағы екі стол қойылыпты. Әуелде маған жете мән бермеген оларды жаңа танысым «Мына ағаларың Эрнест Төреханов пен Әскер Исақов, осы секретариатта бірге істейміз» деп менің назарымды аударды. Кейінірек олардың орнына Тұрарбек Бұшпақпаев деген көпті көрген көбелі бір мықтымен, түрі маған ұқсаған елпілдеген шикісары Алашыбай Есмағамбетов деген ағаларыммен таныстым. Әредіктен соң қыз­меткерлер біреулері үйлеріне қайтып, енді біреулері баспаханаға кезекшілікке кетіп, бөлмеде сопиып Жанат екеуміз ғана қалдық. Жақаң газеттің қалай жасалатынын, баспаханаға алдын ала терімге жіберілген материал­дарды қалай орналастырудың құпия-сырларын айтып, газет макетінің қалай сызылып, қалай басылатынын түсіндіріп, біршама «лекция» оқып тастады. Келесі бір нөмірдің макеті дайын екен, біраз ойланып отырды да, үшінші беттің макетін қайта сызды. Содан бір бұрыштан орын қалдырып, «мына жерге сен штрих салып әкел» деп алғашқы тапсырмасын беріп те тастады.

Газетті көріп жүрміз, оқып жүр­міз, «штрих» дегеннің не еке­нін білеміз. Газетке живопись келмейді, акварель жарамайды, тек шымқай қара түспен салынған графикалық сурет қана пайдаланылады. Тіпті «полутон» дейтін күлгін қараны да газеттің басуы қиын екен. Кейінгі офсет басылым әлі шықпаған, газеттің бәрі қорғасында теріліп, фотолар мен штрих-суреттер де қорғасынға құйылатын қыстау заман...

Жатақханаға бардым да түн­нің бір уағына дейін отырып, қара тушпен графикалық суреттің бірнеше нұсқасын салып тастадым. Таңертең төрт сағаттық «жи­­вопись» сабағына қатыстым да, түстен кейінгі «Өнер тари­хы» пәнінен қашып, сызған дү­ниелерімді Жанатқа апарып бердім. Суреттерді Шерағаңа көрсеткен екен, ол кісіге бәрі ұнаған секілді. Сол-ақ екен, Жанат ағамыз тапсырманы маған бастырмалатты-ай дерсің. Редакция алыста, автобуспен барасың, салған суретіңді тапсырасың да, жаңадан тапсыр­ма алып қайыра жатақханаға қай­тасың. Бүйтіп ары-бері шапқы­лау ауырлау тие бастағанын бірде Жә­кеңе нұсқалап жеткіздім. Менің штаттағы басыбайлы қызметкер емес­­тігім ағамыздың есіне түсіп, тү­­сіністік танытты, сөйтіп, екі-үш күнде бір кездесетін болып келістік.

Болашақта мықты суретші болсақ деп арман қуған желбір танау, қауырсын қанат бозбаламыз. Үйіміз айғай жетпес Алтайда, әке-шеше көз көрмес шалғайда, қалта болса шұрқ тесік. Өстіп жүргенде, газет менің салған штрихтарым мен суреттеріме қаламақы төледі ғой! Жаутаңдаған жетімек студент үшін бұдан өткен қуаныш, бұдан асқан көмек болмас тегі!

Кейінірек Шерағаң «Жалын» жастар альманахына қызметке ауысып, ол кісінің орнына газетке редактор болып Сейдахмет Бердіқұлов келді. Көп ұзамай редакция Көкбазардың қасындағы жаңадан асқақтай бой көтерген тоғыз қабатты көкшіл ғимараттың жетінші қабатына көшті.

Сейдағаңның суретке көз­қарасы, газет безендірудегі талға­мы аса нәзік, ешкімге ұқсамайтын бекзат екен. Бізге сабақ беріп жүр­ген, Ленинградтың академиясын бітірген, Батыс пен Шығыстың көркемсурет тарихын шақпақша шаққан өнертанушы мамандардан бетер. Аңғары ерек, айтары бөлек, көзқарасы алабөтен зерелі жан. Алғашқы таныстықтан соң бөлмесіне Жанат екеумізді қатар шақырып алып, газетке басылар графикалық суреттер жөнінен біршама дәріс оқыды. Газет жас­­тардікі, сондықтан суреттің әрбір сызығы нәзіктікпен өріліп, домбыраның қыл пернесіндей саз шығаруын, тұнып тұрған лирика болуын, романтикаға шақырып тұруы керектігін мықтап ескертті. Өзі де осы бағыттағы идеясын ай­тып, бірер жеке тапсырмалар беріп тастады. Сейдағаңның осы дәрісінен кейін менің де шығар­машылығыма жаңа бағыт, өзгеше өріс енгендей болған. Қысқасы, жаңа редактордың келуімен маз­мұны да, мәні де, безендірілуі де дағдыдан тыс, қалыптасқан дәстүрден бөтен сипаттағы жаңа газет пайда болды.

Сейдағаң жауапты хатшы Серік Әбдірайымовқа «Мына балаға қаламақыны дұрыстап қоярсың» деп шегелеп тапсырып тастаған секілді. Менің бағыма орай Серік ағамыз отбасылары араласқан Оралханның жақын досы. Бастығы солай деп тапсырғасын ол ағамыз аянсын ба, маған қаламақыны көзін жұмып бастыра қойып жіберетін болды. Жанат кейде менің газетке қатыссыз жеке графикалық суреттерімді де шағын аннотациялармен таныстырып, бұрқыратып басып жүрді. Осылайша, айына екі мәрте қаламақы алатын мен енді ақшамды қайда жұмсарымды білмей қиналайын...

Менің Жәкеңмен жақындас­қаным Оралхан көкеме де қатты ұнаған сияқты: «Байқаймын, сендер өзі бірге туғандай әмпей-жәм­­пей болып кеттіңдер ғой! Жұрт­тың бәрі сені «Жанаттың бауыры» дейтін көрінеді. Жанат аза­мат жігіт қой, жақсы аға тапқа­ныңа қуаныштымын!» деп риза­шылығын білдіргені бар.

Жанаттың айтулы журналист, сыршыл жазушылығынан бөлек, ерекше бір «хоббиі» бар екен. Қолы қалт еткенде, шұқшиып сөз­жұмбақ құрастырумен айналысатынын білдім. «Сөзжұмбақ» деген жалпы атауы ғана, ал оның арғы жағы тарам-тарам болып – кроссворд, чайнворд, сканворд, криптограмма, анаграмма, шарада, ребус, т.с.с. деп бөлініп кете барады екен. Бұрын иісін де сезбеген әлгі жұмбақтар тылсымына мен де бойлап кіріп кеттім. Әрдайым әлемдегі сирек деректерді жалықпай теріп жүретін ағамыз тор көз дәптердің бетіне сызғылап алуан дүниелерді құрастырады. Мен оларды ақ ватманға қара тушпен көшіріп, айналасын сөзжұмбақтың тақы­рыбын ашатындай суреттермен көмкеремін. Сөйтіп, екеулеп жүріп «Сен білесің бе?» атты бас-аяғы жұп-жұмыр кітап шығардық.

Көркемсурет училищесі төрт­жылдық еді, соның екі жылын аяқ­тап қалған кез... Жаңадан құры­лып жатқан Орта Азия әскери округінің штабына қолынан сурет пен сызу келетін «чертежник­тер» керек болып қалыпты. Ол кез – көршіміз Қытаймен арадағы жағ­дай шиеленісіп тұрған күрде­лі заман. Екі жыл бұрын Даманс­кі­де әлемді шулатқан қанды қыр­ғын өткен, былтыр өзіміздің Жа­лаңаш­көлде қарулы қақтығыс болған. Штабтағы мұрындары көк тіреген офицерлер мен генералдар өздерінің командирлік қабілеттерін танытып, әскери таланттарын дәлелдеп карталарға айқыш-ұйқыш соғыс қимылдарын түсіреді, түрлі сызбалар мен кес­телерді көлденең тартады. Оларды Әскери кеңесте, округ қолбасшысы Н.Г.Лященконың алдында есеп беріп, қызғыштай қорғап жата­ды. Сол үшін қабырғадай зор кар­талардың бетіне мұқият сызбалар жасай алатын, сурет сала білетін қолы міскер мамандар керек екен. Сондай суретші студентті іздеп училищеге Винокур деген подполковниктің келгені есімде.

Амал қанша, екінші курс аяқ­талысымен мені ауылдағы әке-шешеммен қоштасуға да жібермей, бастан-аяқ киіндірді де, бір-ақ күнде әскерге алды да кетті. Қап­шағайдың қуаң даласында бір айлық «жас жауынгердің курсынан» өтіп, әскери ант қабылдаған бойда мен Округ штабының «Оперативті басқармасына» тап болдым. Басқармадағы «чертежниктер» сапында маған дейін Ағымсалы Дүзелханов (бүгінгі Мем­лекеттік сыйлықтың лауреа­ты, атақты суретші) пен Фарид Гараев деген ташкенттік татар жігіті істеп жүр екен. «Жиырма бес жылға дейін жұмған аузымды ашпаймын» деген қағазға қол қойған соң, мен осы топқа үшінші болып «службаға» кірісіп кеттім...

Кейде «самоволкаға» шық­қанда, САВО штабының дәл ірге­сіндегі КазГУ жатақханасында тұратын достарға ғана емес, салып-ұрып Алматының «Мехпоселок» атты шағын ауданында пәтерде тұратын Жанат ағаға да баратын едім. Ол үшін аптасына болмаса да, айына бір-екі рет мүмкіндігін тауып, редакцияға телефон шалып қоя­мын. Оның өзі ағаның тапсырмасы, екі тиындық монетаның бір уысын жинап қалтама салып бере­ді де, «звондап тұр» деп тапсырады. Кейде «ана жолы неге хабарласпадың?» деп ренжіп те жатады. «Курстас досым Серік Мақпыровқа Зайданы таныстыру үшін екеуін үйге шақырғамыз. Сен бірге болса екен деп ойлап едім, звондамадың, келмедің!», немесе «Ел жақтан Қабай інім дәм әкеліпті. Сені күтіп, келмеген соң бауырларым Мешітбек пен Қанағатқа беріп жібердік». Өзі әскери өмірді көрген жоқ, жағасы жайлау «гражданкада» жүргендей-ақ маған жатып келіп ренжиді. Мен не дейін, басымды салбыратып, бәрін де үнсіз мойындаған боламын.

Жатақханадағы Дидахмет пен Сауытбектің «маргарин» майын жаққан қара наны, қара шайымен салыстырғанда, Жанат пен Зина жеңгейдің дастарқанын мейрамхана дерсің. Екеуі мен келеді-ау деген демалыс күндері етін асып, барын жайып, бауырсағын төгіп күтіп отырады. Өздері ғана емес, сол жылдары Жанаттың үйінен қонақ арылмайтын. Үлкен шенді офицерлермен қоян-қолтық араласып, солардың тапсырмасын орындап, Округ штабында жұмыс жасайтын солдаттарды казармада мазалап іздеп жатқан ешкім жоқ. Тек батальонның кешкі «проверкасы» кезінде бар екеніңді білдіріп тіркеліп жүрсең болғаны. Сол кеңдікті пайдаланып кейде сенбіде, кейде жексенбіде ұрланып жатақханаға барамын. Барамын да үстімдегі сары ала «робаны» лақтырып тастап, «комплексиясы» өзіме ұқсаған Ұлықбек Есдәулетовтің киімін киіп аламын. Содан күн батқанша мәзім шығып қала тентіреймін. Ақыры күндердің бір күнінде бүйтіп шошаңдай бергеннің сазайын мықтап тарттым-ай дер­сің, оңбай ұсталдым... Өзіміздің батальонның штабы емес, полк та емес, дивизия да емес, тұтас Әскери округ­тің, яғни Майдан штабының жауынгері қашып-пысып «самовол­када» жүрген соң несін сұрайсың! Жұрт­қа қарар бет жоқ, халық жауынан қиын жағдайға тап болдық. Ақыры, жұмақтай болған Алматыдан шырылдап «жер аударылып», Тәжікстанның ми қайнатқан оң­түстігіндегі Қор­ғантөбе деген қала­сынан бір-ақ шықтық.

* * *

Секретариат дегенің газет атаулының ұстаханасы саналады. Бөлім қызметкерлері шоқтай үйіріліп сол секретариатты айналып-торып жүргендері. Өйткені материалдардың бәрі осы секретариатта тоғысады, осы жерде макеттеледі, суреттер салынып, фотолармен безендіріледі, содан кейін ғана баспаханаға жіберіліп жатады. Соны білетін Сейдахмет ағамыз газеттің безендірілу жағы­на, яғни секретариат жұмысына айрықша маңыз беретін. Ол жерде отырған журналист жастардан үнемі жаңашыл бастамалар, орамды ойлар мен пайымды пікірлер күтетін. Маған «штаттан тыс тіл­ші» деген қып-қызыл куәлік беріп, қуантып қойғаны тағы бар. Жанаттың іскерлігі мен таланты, ұйымдастырушылық қабілеті осы секретариатта жүргенде жар­қырай ашылды. Кейінгі бір жылдары полиграфия саласында революциялық бетбұрыс жасалып, газет-журналдар офсеттік тә­сіл­ге көшірілді, өмірге «фотона­бор» дейтін озық технология енді. Жаңалық атаулына қалт жібермейтін Сейдағаң осы өзгерістерді білгірлікпен тиімді пайдаланып, газеттің бет-бейнесін ғаламат көріктендіріп жіберді. Жанат екеумізді қатар шақырып алып, газет бетін өрнек­теуге, суретпен безендіруге байланысты жеке тапсырмалар беріп жүрді. «Бөлімдерден әзірленіп шыққан әрқилы материалдарды мазмұндарына сай көркем безендіріп, қыздың жиған жүгіндей жұтындырып, ажарын ашып беріңдер. Макет дегенің үлкен өнер екенін ұмытпаңдар!» Міне, мұндай байлам – Сейдахмет ағамыз секілді көреген де, кірпияз басшының айнымас қағидасы болатын.

Ол заманда Наурыз дегенді есті­геніміз болмаса, әдібін түсінбеппіз, мәні мен мазмұнына бойламаппыз. Өркениетті империяның атеист азаматы ретінде атап өтуге тыйым салынған діни мейрам деп қабылдайтынбыз. Төбеміздің тесігі, ақылымыздың есігі ашылып, санамызға сәуленің түскені бертінгі кез ғой. «Ленжастың» журналистері газеттің «Көктем нөмірі» деп аталатын, сегіз бет болып шығатын санын дайын­дауға алдын ала, бір ай бұрын кірісетін. Жігіттер мен қыздар жүрек түкпірінде жинап жүрген әдемі идеяларын, сақтап жүрген романтикалық материалдарын, асыл ойларын ағыл-тегіл осы нөмірге төгетін. Олардың бұйы­ғы жүрген шын таланттары, қа­лам­герлік ересен қабілеттері, алау­лаған жастық жалындары осы нөмірде жарқырап ашылғандай болушы еді. Әдетте газеттің бұл нөмірі әдеткі қара түске қосымша жасыл бояу қосылып шығады. Яғни маған сурет салуыма да кеңірек тынысты жол ашылатын. Көктемнің жауқазын гүлдерімен әлем-жәлем безендірілген айтулы бұл нөмір март айының 22-сі күні жарқ етіп көп таралыммен еліміздің түкпір-түкпіріне жол тартатын.

Кейін білдік, Сейдахмет аға­мыз алаулатып-жалаулатып жұрт­қа жария қылмай-ақ, идеоло­гиялық тегершігі бекем қоғамда «Көктем нөмірі» деген желеумен халқымыздың Наурыз мерекесін осылай атап өтеді екен ғой. Япырай десеңші, істің көзін таба білетін кемел басшы осы ағамыздай-ақ болсын! Қалайша риза болмассың, қалайша қайран қалмассың! Жатқан жеріңіз жарық болсын, нұрыңыз пейіште шалқысын, тар заманның ауанын кеңейте білген елжанды асыл аға!

Сөйтіп, жастар газетінің мазмұ­ны мен сапасын көркейткен Жанат Елшібековті ел өмірінің айнасы саналатын бас газетіміз – бүгінгі «Егемен Қазақстан» қызметке шақырады. Бірақ Сейдағаң жібер­мейді. Қатарынан үш жыл құда түскен қазақ баспасөзінің қара шаңырағы бірден газеттің бөлім меңгерушісін ұсынған кезде ғана Сейдағаң талантты шәкіртіне батасын бергені есте. Жастар газетінің қызметкеріне бөлім тізгінін ұстату ол кезде сирек құбылыс. Алғашқы жылдары газеттің көркемдеу-безендіру бөлімін басқарған ол кейінірек жаңалық-хабар, туризм-спорт, экономика бөлімдеріне жетекшілік жасады. Зейнет демалысына шыққанға дейін газеттің жауапты хатшысы лауазымында ширек ғасырға жуық жемісті еңбек етті.

Қатар жүрген әріптестерінің, былайғы жұртшылықтың Жанат ағамызға таққан «Бесаспап» деген тағы бір жанама аты бар. Расында солай... Жанат Елшібеков бүгінде белгілі жазушы, танымал журналист, еліне қадірлі қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Қазақтың қара сөзінің ақтангері, қара тілінің тайпалған жорғасы Ғафу Қайырбеков інісіне арнаған мақаласында: «Жанатта жазушыға керек екі нәрсе – суретшілік талап пен әдемі көркем тіл – екеуі де бар. Сондықтан Жанат Елшібеков жалпы әдебиетімізге, оның ішінде балалар әдебиетіне нағыз суреткер, талантты профессионал жазушы ретінде қосылып отыр» - деп, ағалық алғаусыз көңілін төгіпті. Ал өмір бойы сөзжұмбақты «хобби» еткен адамның білмейтіні жоқ, жан-жақты эрудит, интеллектуал болатыны белгілі жайт. Ағамыздың ондай қыры туралы аузы дуалы, сөзі уәлі Шерхан Мұртаза: «Жанат газетке жұмысқа келгенде әуелі сөзжұмбақтан бастады. Сөзжұмбақтың әсіресе өскелең жастарға, жалпы оқырманға пайдасы мол. Адамды ойлануға, ізденуге, оқуға, яғни білімін жан-жақты байытуға, қысқасы оқырманның ойын оятуға итермелейтін тосын жаңалық болды... Жанат – журналист, Жанат – жазушы. Ол не жазса да материалға жан беріп жазады. Шабысы ерек, жүрісі бөлек, ешкімге ұқсамайтын өз өрнегі бар», деп жазыпты. Ақын атаулының ақ баталы абызы Мұзафар Әлімбаев Жанаттың сөзжұмбақ кітабымен танысқаннан кейін Шерағаңның ойын жалғастырғандай болып: «Елшібековтің қаламгерлік жолы қазақ баспасөзінде бұрын болмаған сирек үрдіс, оқырманға өнеге»,  деп тамсанған екен.

Мен Жәкеңнің алуан қырлы шығармашылық жолына баға беруден аулақпын. Республика бас­паларынан шыққан кітаптарының тізімін шұбыртып әуреге түс­кім тағы жоқ. Кезінде өрелі де, талғампаз қауымның назарын аударған дүниелері кітап храмдарының төрінде, сүйікті оқырмандарының қолында. Оның қаламгерлік қырлары жайында өткен жылдары «Фолиант» бас­пасы «Бесаспап» атты кірпіштей кітап шығарыпты. Ол кітапта бүкіл саналы ғұмырын қазақ баспасөзін өркендету ісіне арнаған, осы салада несібелі бақытын тапқан ағамыздың шығармашылығы туралы жүзден астам мақала бар екен. Жанатқа деген көрікті сөз бен жүрекжарды тілектерді сол кітаптан оқуға болады.

Менің бүгінгі айтайын дегенім – жастық шағымызда бізге дұ­рыс жол сілтеп, бағыт-бағдар көрсет­кен, көңілінің шапағат-шуа­­ғы­­мен өмірімізге бетбұрыс жа­са­ған, сөйтіп, азамат ретінде қа­­лып­тасуымызға ықпал еткен ар­дақты ағаларымызға інілік іл­ти­па­тымызды жеткізу. Сондай мейір­бан жүректі, шарапат ті­лекті, жансарайының шамы жарық ағамыздың бірі – бүгінде мерейлі жасқа толып отырған Жанат Елшібеков болатын.

 

Әлібек АСҚАРОВ,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты