Кейінгі толқын алдында сөйлеген сөзінде аймақ басшысы елдік істерге араласқан, ғылым-білімде ерекшеленген тұлғалар өмірінен мысалдар келтірді. Оларды жастарға үлгі етті. Жаңашылдыққа қол созған дарындылар бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.
– Жастарға қолдау көрсету – біздің жұмысымыз ғана емес, басты міндетіміз. Облыс әкімінің халықтың әлеуметтік осал және көпбалалы отбасыларға арналған білім гранты 2 есеге артып, биыл 200-ге жетті. Кәсіпкерлікпен айналысуға бел байлағандардың жобаларына облыстық бюджеттен 70 млн теңге бөліп отырмыз. Мұнан бөлек, спортпен шұғылдануға да жағдай жасалып жатыр. Қала мен аудан орталықтарында ғана емес, ауылдық жерлерде де спорт нысандарының саны артып келеді. Біз қай кезде де жастардың бастамаларын қолдауға әзірміз, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Басқосуда колледж студенті үйден оқитын балаларға арналған «Виртуалды шындық» жобасын таныстырды. Облыс әкімі мұндай әлеуметтік жобаларға қолдау танытатынын атап өтті. Сондай-ақ үздік студент Биназир Әлиханқызына Мәншүк Мәметова атындағы арнайы стипендия сертификатын табыс етті.
Шолпан Каринова аймаққа жасаған сапары барысында М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде республикалық патриоттық жастар форумына қатысушылармен кездесті. Онда Шолпан Таңатқызымен қатар облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменова, «Қосшынар: Әлия – Мәншүк» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Ғалымжан Байдербес және Ақтөбе қаласынан арнайы келген көшбасшы студент А.Нұрлыбекқызы колледж ұжымын құттықтап, Мәншүк Мәметова ескерткішіне тағзым етті.
Тоқсан жыл бұрын Қызылорда аудандық атқару комитетінің №33 шешіміне сәйкес педагогика техникумы болып ашылған оқу орны 5 жылдан кейін педагогика училищесі болды. Ал 1952 жылы ҚазКСР Ағарту ісі министрінің бұйрығымен М.Мәметова атындағы Қызылорда қазақ қыздар педагогикалық училищесі, 36 жыл бұрын педагогикалық училище, кейіннен заман талабына сай колледж атанды.
Шолпан Таңатқызы форумға қатысушыларды қос мерейтоймен құттықтап, оқу орнының бүгінде білікті педагог мамандар даярлайтын іргелі білім шаңырағына айналғанын атап өтті. Ғасырға жуық тарихында бұл оқу орнын мыңдаған шәкірт бітірді. Олардың қатарында жиырмадан астам ғылым докторлары, 200-ден аса ғылым кандидаттары, қоғам және мәдениет қайраткерлері бар. Ғұмырын білімге арнаған Шәмша Беркімбаева, айтыскер ақын Надежда Лушникова, есімдері жүректе, үндері құлақта қалған әншілер Бақыт Әшімова, Мәдина Ерәлиевалар осы киелі мекеннен түлеп ұшқан таланттар.
Шолпан Каринова форум аясында жарық көрген «Білім шамшырағы» атты кітаптың таныстырылымына қатысып, салтанатты түрде лентасын қиды. «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығының «Дуалды оқыту алаңы», «Білім нұры» атты педагогикалық сабақтастық галереясы мен «Құзыреттілік орталығы», «Көркем еңбек» шеберханасындағы кіріктірілген сабақтарға қатысып, студенттердің енгізген жаңарған жобаларына оң бағасын берді.
Осы күні Н.Бекежанов атындағы Қазақ академиялық музыкалық драма театрында батыр қыздың өмірін бейнелеген «Моншақ» спектаклі сахналанды. Қойылым кейіпкерлерін колледждің 100-ден астам студенті сомдап шығып, көрермен қошеметіне ие болды.
Қызылорда