Өнер • 11 Мамыр, 2022

Музыка саласының мұзбалағы

371 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Біздің бүгінгі әңгімеміз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы мен Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының іргетасын қалаушы, академик Ахмет Жұбанов сынды тұлғалардың ізбасары, музыкатанушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, ұлағатты ұстаз Пернебек Момынұлы жайлы болмақ.

Музыка саласының мұзбалағы

Пернебек Момынұлы Түр­кі­с­тан облысы (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) Түлкібас ауданы Көк бұлақ ауылында дүниеге кел­ген. Әкесі ертерек дүниеден озады. Марқұм әкесі балаларын «Адамға ең алдымен керегі – адамгершілік. Осы абзал қасиетті жоғалтпаңдар», деп тәрбиелеген. Домбыра шертіп, ыңылдап отырып, Пернебекке «осы өнерді игерсең де жаман болмас» дейді екен. Баласының атын Пернебек қоюын да сол күйшілігімен байланысты болса керек. Әкенің кү­йін, ананың әнін естіп өскен Пернебек күй өнеріне бет бұра бастайды. Пернебек 7-сыныпты үздік бітіреді. Анасы «Қарағым, сендердің бәріңді асырау маған оңай емес. Балықшыда мектеп-интернат бар екен. Сейіткәрім Нұрматов деген директормен ке­лісіп келдім. Сені қабылдайтын болды, келесі жылдан бастап сонда оқитын боласың», дейді. Бұл ел есін жия бастаған 1948 жыл еді.

Мектепте Пернебек белсенді оқушылардың бірі болады. Хорға жетекшілік жасайтын ұлты неміс мұғалімнің соңынан қалмай жүріп, аккордеон аспабында ойнауды үйренеді. Бірде ұстазы оған музыкалық қабілеті жоғары екенін айтып, консерватория­ға баруға кеңес береді. Бала Перне­бек сонда консерватория деген сөзді бірінші рет естіген екен. Пернебектің өнер иесі бол­сам деген арманы асқақтай тү­седі. Анасы колхозда жұмыс істейді, артық қаражат жоқ. Әкесі көзі тірісінде нән ісекке сатып алған бес гектар бау-бақ­шасы болған. Ол жерге бидай, арпа, тары, ноқат егетін. Алма, өрік, шие сияқты неше түрлі жеміс ағаштары жайқалып өсіп тұратын. Амалсыздан осы жерді сатуға тура келеді. Арман қуған өжет бала Пернебек мектеп директорына барып, «Аға, мен Алматыға оқуға барғым ке­ле­ді, мені жіберетін шешемнің қа­ражаты жоқ. Сіз біздің бау-бақ­шаны сатып алыңыз», деп ойын ашық айтады. Ақыры сол кісіге жер сатылады.

1951 жылы консерватория табалдырығын аттап, Ахмет Жұ­ба­новтың алдында емтихан тап­сырады. Өз құлағымен естіп үйрен­ген күйлерді домбырада тар­тып, бір-екі ән айтып береді. Бағы жанып, сынақтан өтіп, Жұбановтың шәкірті болып қабылданады. Алғашында қобыз-прима класында оқып жүр­ген ол кейін бас қобыз класына ауысады. Сөйтіп Алматы­дағы Құрманғазы атындағы мем­ле­кеттік консерваторияның сту­денті атанады. Мұнда ұлт­тық музыка өнерінің көрнекті қай­рат­керлері, доцент-профес­сорлар Ф.Балғаева, Б.Са­ры­баев, Ф.Мансұров, Л.Ха­миди, Ш.Қажығалиев, Л.Шарго­род­ский, С.Шабельский, Ғ.Бисенова, Қ.Мұхитов сияқты, т.б. тұлға­лар­дан тәлім-тәрбие алады. Өзімен қатар оқыған М.Бестібаев, Т.Тоқ­таров, Н.Жомартов, М.Құс­­­пан­ғалиев, Р.Өтегенова, ал жо­ға­ры курстағы Д.Тезекбаев, Ж.Ер­­кінбеков, Д.Ботбаев, курсы төмен М.Дауытбаев, В.Тен, Қ.Айнақұловтармен жақсы қа­рым-қатынаста болып, қызық­ты студенттік жылдарды бірге өткізеді.

1956 жылы консерваторияны тәмамдаған Пернебекті дип­ломы қолға тиер-тиместен бес жыл бойы «қайсар бала» деп атайтын Ахмет Жұбанов өзіне шақырып: «Қайда барып, қандай жұмыс істемек ойың бар?» деп сұрайды. «Музыкант болатын шығармын», дейді Пернебек. «Музыкант деймісің? Ал мен сені Семейде бұдан бір жыл бұрын ашылған музыкалық учили­щеге директор болуға ұсындым. Қазір Мәдениет министрлігіндегі кадр­лар басқармасының бастығы Ғ.Ғаппаровқа барасың, қалға­нын сол жерде айтып өзі реттей­ді. Есіңде болсын, бұл шешіліп қойған мәселе. Мәдениет ми­нистрі Әмір Қанапин біледі. Пәлен-түген деп жүрме. Семей­дегі училище төрт аяғынан ақсап, жұмысы жүрмей тұр. Соны жолға қоясың, ол қолыңнан келеді, мен саған сенемін», деп күлімсірейді Ахмет Қуанұлы.

Сөйтіп оқуды жаңа бітірген жас жігіт Мәдениет министрі­нің бұйрығымен Семейде жаңа ашылған музыкалық училище­нің директоры қызметіне таға­йындалады, еңбек жолын, Абай мен Әуезовтің туған жерінен бастайды.

Мүсіні сымдай тартылған сұлу, батыр тұлғалы, күш-қуа­ты кемеліне келіп тұрған кө­рік­ті жігітті сырттай ұнатқан қыз­дар көп еді. Пернебек атақ­ты қыл­қобызшы Дәулет Мықты­баевтың қызы Тамарамен көңіл жарастырып, отау құрады.

Жас басшы Пионерлер сара­йында ашылған не оқитын ғи­мараты, не жатақханасы жоқ, мұға­лімдерге, тіпті өзіне де пә­тер жоқ, бар-жоғы 7-8 бөлмесі, екі қа­зақ мұғалімі, отыз бес сту­денті мен мөрі ғана бар оқу ор­нын қабылдап алады. Сеніп тапсырған жұмысты әрі қарай алып кету керек, ақылдасатын ешкімі жоқ, өзін-өзі қамшылап, ізденуге тура келеді. Орыстың атақты педагогтерінің кітаптарын түгелдей оқып шықты. Іскер басшылардың тәжірибесіне ден қойды. Өзін-өзі қамшылап, күні-түні ізденеді.

Пианино, скрипка, ән класына қосымша сол жылдары қобыз, домбыра, баян классы ашылады. Алматыға арнайы барып, белгі­лі шебер Қамбар Қасымовтың музыкалық аспаптарының арасынан он екі домбыра, жеті қобыз сияқты халық аспаптарын таңдап алып келеді. Адал еңбегімен, қайсарлығымен көзге түсе бас­таған жас жігіт сол кездегі Мә­дениет министрі Ә.Қанапинге жолығып, Мәскеуге бару туралы ойын айтады. Ондағы мақсаты – училищеге қажетті классика­лық аспаптар алу. Мәскеуге сапар шегіп, Одақтық министрдің қабылдауында болады. Абайдың, Мұхтардың елінен келгенін айтып, оқу орны музыкалық аспап­тарға зәру екенін жеткізеді. Одақ­тың Мәдениет министрі сөзге келмей, өзінің сала басшысымен хабарласып, мәселені тез арада шешіп беруін тапсырады. Сол жерде П.Момынов Ә.Қанапинге телофон соғып, қаржы мәселе­сін де шешіп алады. Айтқан өтіні­ші орындалып, П.Момынов Се­мей­ге қайтып оралғанда, музыка­лық аспаптардың келгені тура­лы құжатты көреді. Құжатта 1 кон­церттік рояль, 7 пиани­но, 57 үрмелі аспап деп көр­се­­тілген. Мұндай аспаптар Қазақ­станда өңің түгілі тү­сің­де де көрмейсің. Сөйтіп «қай­сар ба­ла» училищенің оқу-әдісте­ме­лік қорын қоймай жүріп толық­тырады.

Пернебектің жұмысқа кел­ге­н­ екінші жылында оқушы саны 240-қа артады. Осынша оқушы­ны үш ауысымда оқытудың өзі мүмкін болмай, оқытатын орын жетіспейді. Жас маман қала, облыс басшыларына қайта-қайта өтініш жазады. Олардан қай­ран болмай, уақыт созыла берген соң, Одақ, Республика орталық партия комитетіне хат жолдайды. Бұл екі арада ұстазы Ахмет Жұбанов «қайсар бала» деп атайтын Пернебек, енді семейлік басшылар тарапынан «даукес бала» атанады. Көп ұзамай директордың атына: «Гурьевке барып, Семейдегі училищені сонда көшіру туралы жайында обкомның бірінші хатшысы Нұртас Оңдасыновпен келісім жасауға 10 күнге рұқсат етілсін. Министр Ә.Қанапин» деген телефонограмма келеді.1958 жыл. Шілде айы. Пернебек Момын­ұлы Мәдениет министрлігінің өкілі ретінде Гурьевке (қазіргі Атырау облысы) сапар шегеді. Оқу орнына керекті: ғимарат, оқу құрал жабдықтары, жа­тақха­на, ұстаздарға пәтер сияқ­ты мә­селелердің барлығы оң шеші­мін табады. Сөйтіп музыкалық училище Гурьевке көшірілетін болып келісіледі. Бірақ Пернебек сол сапардан Семейге оралған­да екі әріптесі сүйіншілеп қарсы алады.

– Сіз кетісімен обкомның бірін­ші хатшысы Новиков қыз­­мет­тен қуылып, орнына Мұ­хамед­ғали Сужиков деген өз қан­дасымыз келді. Жеті-сегіз мұға­лім қабылдауында болып, бар­лық жайды айттық. Ол кісі қат­ты таңданып, директорларың орал­ған бойда маған келсін. Абай елінде ашылған ешбір оқу орны ешқайда көшірілмейді», деп бізді қуантып тастады, – дейді.

Мұхамедғали Сужиковтің тапсырмасымен обком хатшысы Мұстафин мен Пернебек еке­уі қаланы аралап училищеге ғимарат іздейді. Цемент зауытына тиесілі зәулім ғимаратты көріп, училищені орналастыруға лайық деп табады. Кезектен тыс өткен бюрода бірінші хатшы М.Сужиков: «Жолдастар! Біз кімбіз? Қызметімізді қалай атқарып жүрміз? Халық не дей­ді, қандай баға береді? Егер ұл-қыздарымыз оқып жатқан учи­лищені жауып, басқа облысқа бере салсақ, кім болғанымыз? Гурьевтіктер Абайдың отанын­дағы училищені көшіріп әкетуге, бүкіл шығынын көтеруге шешім қабылдапты. Қалай қарайсыз­дар? Менің шешімім: училище ешқайда көшпейді де, жабылмайды да. Директор өзі үшін шырылдап жүрген жоқ. Бүгін түске дейін Мұстафин жолдас екеуі қаланы аралап, лайықты ғимарат тауып келді. Оқу орнын сонда көшіреміз. Бюро осындай шешім қабылдайды, оның орындалуын бақылау Мұстафин жолдасқа тапсырылады», дейді.

Міне, осылайша Семей қала­сын­дағы музыкалық училище ашылғанына үш жыл болмай жатып құрдымға кете жаздаған еді. Бұл жерде кәсіби жас маман Пернебек Момынұлының ұлттық өнер үшін жанын беруге дайын екені анық көрінеді. Жас та болса Пернебек Момынұлының бұл еңбегін, қазақтың ұлттық өнер тарихында алтын әріппен жазылатын еңбек деп бағалаймын.

Жас басшы атақты Жүсіпбек Елебековтің шәкірті Мәдениет Ешекеевті халық әртісі дәре­жесіне дейін көтеріп, рухани демеушісі, қамқоршысы болды. Табиғи тума талантты бірден танып, бар-жоғы 6-ақ сыныптық білімі болғанына қарамай музы­калық училищенің оқушысы етіп қабылдаған. Осы ісі үшін іші тарлар жоғары жаққа дейін домалақ арыз жазған. Бұл жерде «қайсар бала» өнер үшін жан пида деп, нағыз ұлтжандылығын көрсетті.

1960 жылы Пернебек Мо­мын­ұлының қолдауымен, қа­зақ­тың классикалық музыка­сы­ның негі­зін қалаушы, композитор Мұ­қан Төлебаевтың есімі осы өнер ордасына беріл­ді. Сөйтіп Пернебек Момын­ұлы 1956-1961 жылдары музыка­лық учи­ли­щенің жұмысын іскер­лік ізденумен қатар, қайсар мі­нез танытып, бес жылда аяқ­қа тұрғызды. Бүгінде «қайсар бала» іргесін қалаған өнер орда­сынан қанаттанып шыққан өнер қайраткерлері жетерлік. Олар: композитор Теміржан Базар­баевтан дәріс алған Жолан Дас­тенов, Болат Қабылбаев, Мәу­літ Рахимбаев, домбырашы Құр­манғали Рахимовтің шә­кірт­тері: Мырзағали Айдаболов, Қадыр Досымжанов, Жанас Бек­тұров, Отантай Кәріпжанов, Мәрия Құсайынова, әнші Дауыл Қайроллиннің шәкірттері: Нұр­лан Көшеров, Медет Чотабаев, осы мақаланы жазған автордың шәкірттері: Секен Тұрысбеков, Серік Малаев, Сайлауғазы Ахме­тов, әншілерден Кенжеғали Мыр­жықбаев, Роза Рымбаева, т.б.

Бүгінде училищенің жас директоры Сайлауғазы Ахметовтің бастамасымен музыкалық училище ғимараты ішінен Пернебек Момынұлы атындағы кабинет ашылған.

М.Төлебаев атындағы учи­ли­щенің тұңғыш директоры П.Момынұлының өнер сала­сы­на сіңірген еңбегі жайлы бір ма­қалада айтып тауысу мүмкін емес. Ұлағатты ұстаз, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайратке­рі, педагогика ғылымдарының кан­дидаты, Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­миясының, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­верситетінің профессоры, музыка зерттеушісі, 100-ден аса ғылыми-педагогикалық, музыкалық-эстетикалық бағыттағы еңбектің авторы Пернебек ағаның жасы бүгінде 90-нан асып отыр. Соның 68 жылын музыка тарихын зерттеуге, жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беруге, оқулықтар жазуға арналған ұлағатты ұстаздың «Музыкалы эстетикалық тәр­бие», «Қазақ музыкасының қыс­қаша тарихы» атты үш томдық жинағы, «Ғұмырнама» атты монографиясы өте құнды еңбектер болып саналады.

«Егемен Қазақстан» басылымында өткен жылы «Ұлт­тық музыкамыздың тарихы мен құді­ретін дәріптей алмай ке­ле­міз» деген тақырыппен шық­қан сұхбатында Пернебек аға: «Елі­мізде ән, би, музыка дүниесін зерт­теу ісі кенжелеп қалғаны жа­сырын емес. Әдебиеттану, тарих­тану, тілтану бағытында зерт­теу ісі жолға қойылғанымен, ғы­лыми-зерттеу бағытында өнер­тану институты жоқ. Әлі күнге ұлттық музыкалық аспаптар тарихын ғылыми деңгейге көтере алмай отырғанымыз елдігімізге сын. ...Қазақтың ұлттық музы­ка аспаптарын жасайтын кәсі­би өндірістің жоқтығы қын­жылтады», деп ой түйеді.

Қазақстанның білім беру ісі­нің үздігі П.Момынұлының алдынан өткен, тәрбиесін көрген шәкірттері бүгінде ел игілігіне ең­бек етуде. П.Момынұлы жасы 90-нан асса да әлі тың, көкі­регі ояу, сөзі тиянақты, ойы сер­гек, әлі де жастарға тәлім-тәр­бие беруден жалықпайды.

 

Қадыр ДОСЫМЖАНОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

СЕМЕЙ