«Банкроттық – мәселенің салдары екенін есте ұстаған жөн, ал оның себебі басқада жатыр. Халық табысының төмен болуы, пайыздық мөлшерлемелердің шамадан тыс жоғары болуы және жеке тұлғаларға несиенің тым қолжетімді болуы банкроттыққа әкеп соғады. Халықтың негізгі бөлігінің табысының төмендігі оларды баспананы жалға алу, балаларды оқыту, басқа банкте ай сайын несие төлеу, азық-түлік және басқа да қажеттіліктер үшін онлайн-қарыз алуға мәжбүр етеді. Кепілсіз қарыз тез және табыс деңгейін ескермей берілуі, жоғары пайыздық мөлшерлеме түріндегі сын-қатер халықтың жаппай кредиттелуіне ықпал етеді», деді Еспаева Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс депутатының айтуынша, халықтың қарыз тұзағына түсуінің негізгі себебі – жоғары пайыздар болып отыр, соның салдарынан олар өз мүлкінен, соның ішінде жалғыз баспанасынан айырылуы мүмкін.
«Микроқаржы ұйымдарындағы проблемалық қарыз үлесі жыл сайын өсіп келеді. 2022 жылғы наурыздағы жағдай бойынша 1 212 мың қарыздың 435 мыңы проблемалық болған. Мерзімі өткен қарыздар – 479 мың қарыз алушы немесе жартысынан астамы коллекторлық компанияларға сатылды. Осылайша, микроқаржы ұйымдарының портфеліндегі проблемалық қарыздардың жалпы саны 914 мың немесе жартысынан астамын құрайды. Қазір ұлттық экономиканы несиелендіруді қысқарту, жұмыс орындары мен халық табысының өсуін тежеу жүріп жатыр. Жеңіл болып көрінетін интернеттегі несие берудің айла-амалдары да адамдарды құлдыққа итермелеуде. Бұл «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның қабылдануын қажет етті», деді Дәния Еспаева.
Осыған байланысты «Ақ жол» фракциясының депутаттары онлайн-кредиттеуге тыйым салуды ұсынды.
Аяна Тоғанбек