Тарих • 11 Мамыр, 2022

Ел қорғаны

555 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов: «Абылай заманы – қазақ батырларының дәуірі» деген екен. Өйткені бұл уақыт ойраттар мен қазақтардың сұрапыл шайқастарына толы кезең болды. Осы бір алмағайып тұста, небір ел қорғаны батырлар туды. Соның бірі – Машан батыр Арықбайұлы. Бұл батырдың ататегі – Орта жүз – керей, соның ішінде Абақ тайпасынан. Қолдағы шежіре – дерекке жүгінсек, Машан батыр Абақ одағына біріккен он екі атаның бірі – молқы руының ұранына айналған тұлға.

Ел қорғаны

Батырдың өмір сүрген ке­зеңі және жорық жолдарына тоқталар болсақ, шежіреші Баяхмет Жұмабайұлы және көнекөз қариялар Сұлтан Тоғызұлы, Құмархан Қажыбалаұлы, Рәпғат Нығметұлының естеліктерінде Машан батыр шамамен 1690-1760 жылдар арасында ғұмыр кешкен делінсе, профессор Тілеуберді Сидулдиннің 2019 жылы Алматыда жарық көрген «Өмірім менің» атты кітабында батыр 1692 жылы туып, 1762 жылы өмірден өткені жайлы нақты мәлімет келтіріпті. Сол сияқты Шыңжан – алтайлық белгілі өлкетанушы һәм рулық генеология түзудің маманы Қахарман Қоманұлы, Машан батыр шамамен 1692-1760 жылдары өмір сүрген дейді.

Батырдың жорық жолдары мен ерлік істері жайлы айтар болсақ, оның өмір сүрген кезеңі ойрат пен қазақ қақтығысына толы жылдарға тұспа-тұс келеді. Танымал тарихшы Тұрсынхан Зәкенұлы ойраттардың қазақ жеріне шабуылын төрт кезеңге бөліп қарайды:

Біріншісі, Батыр қонтайшы бастаған 1635-1653 жылдары үш дүркін (1635, 1945, 1952 ж.ж);

Екіншісі, Галдан бошықты тұсында 1681-1683 жылдары үш дүркін (1681, 1682, 1683 ж.ж);

Үшіншісі, Сыбан Рабданның заманы 1698-1728 жылдар алты дүркін (1698, 1711, 1712, 1718, 1723, 1725 ж.ж),

Төртіншісі, Галдан Серен кезі 1727-1745 жылдары үш дүркін (1739, 1741, 1742 ж.ж.) шайқас болған.

Соның ішінде 1723 жылдың көктемінен 1728 жылдың жазына дейін жалғасқан «Ақтабан шұбырынды» ақтаңдағы бес жылға созылса, осы жылдары ойраттан бас сауғалаған қазақтар Сыр бойына ойыс­қаны байқалады. Осы жерде аз ғана тыныштық тауып,
ес жиған соң жауға қарсы соқ­қы бе­рудің әрекеттері жасалады. Атап айтқанда, 1724 жылғы Түркістанды қорғау, 1725 жылғы Алакөл шайқасы, 1728 жылғы Шұбартеңіз майданы, 1729 жылғы Итішпес көлі маңында өткен Бұланты қырғыны, 1735 жылдардағы Шаған, 1755 жылы өткен 80 күн Шорға жорығы т.б. бұл майдандар ойрат-қазақ арасындағы ірі қақтығыстар есебінде тарихта таңбаланған.

Жоғарыдағы ірі-ірі шайқас­тарды білмей, біз қазақ батыр­ларының жорық жолдары мен ерлік істерін бағамдай алмаймыз. Мысалы, Машан батыр осы соғыстардың қайсысына қатыса алды, қандай ерлік көрсетті дегенге келсек, орыс тарихшысы В.А.Моисеевтің жазбасында: «1731 жылы орта жүздің тұлғалары ойратқа қарсы ең ауқымды майдан ашуды жоспарлады. Сөйтіп, олар 1731 жылдың қысында орта жүздің ортасына барып келген башқұрт Тақмас Әбілқайыр ханның ордасында жатқан А.И.Тевкелевке көрген-білгенін баяндаған құжат сақталған. Осы баянхатта: «Қонтайшыға қарсы шабуылға өту үшін Барақ сұлтан алты мың жасақ жинады. Бұл қосынға жалындаған жас батырлар Жәнібек, Машан екеуі өз қосынын бастап келіп қосылды» десе (АВПР, ф. Зюн­горские дела, оп. 113/1. 1733 гг., д.1, л.57-57 об), екінші дерек – Ресейдің Сыртқы саясат бөлімі мұрағатында: «О приезде в киргис-кайсацкие орды контайшинских калмыков в пятнадцати тысячах о нападении на кайсацкие орды владения Увак-Гирея, Абулмамбет и Барак-салтанов и которые кочевали около Иртышу и Ишиму рек» деген сөз бар.

Сондай-ақ жоғарыда аты аталып, түсі түстелген шайқастарға Машан батыр қатысқаны жай­лы моңғолиялық ғалым-та­рихшы Сұлтан Тәукейұлы өзінің еңбектерінде атап өтсе, Шыңжан-Алтай өлкесіне танымал шежіреші, машантанушы Баяхмет Жұмабайұлы: «Өз басым тарихи тұлға Машан батыр жөнінде 1990 жылдардан бастап көп материал жинадым. Сол материалдарға сүйене келе, Машан батырдың өмірі мен ерлігі жөнінде қариялардан естіген талай деректі дү­ниелер менің жеке архивімде бар. Осылардың ішінде Машан батыр жоңғарларға қарсы жүргізген шайқастардың бірінде Ғалдан Рабданның (Ғалдан деп те айтылады) басын алып, аты шыққаны жайлы көп айтылды» дейді («Жеті жұрт» газеті, №12, 25 маусым, 2021 ж).

Бұл жерде тағы бір есте боларлық дерек, шежіретанушы Қахарман Қоманұлының айтуынша, Машан батыр ежелгі көшпенділердің соғыс айласын жетік меңгерген адам екен. Әсі­ресе табиғат түзілісі мен жер жағдайын шайқас барысында жақсы пайдалана білген. Соның ішінде «Жалған тайсау», «Қақпан бастыру» «Қоралап соғу», «Шырғалау», «Мазалау», «Үш тоғыс», «Қаша ұрыс салу», «Екі аша соғысы», «Жүре соғыс», «Жекпе-жек соғыс», «Үлкәр жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғыс», «Қоян қашты жасау», «Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс» қатарлы қазақтың бұрынғы жауынгерлік өнерін жақсы білген дейді көнекөздер.

Осы орайда Машан батыр­дың жорық істеріне қатысты ел аузында сақталған кейбір көшпенділердің ежелгі соғыс өнеріне қатысты әскери-так­тикалық һәм жауынгерлік әрекеті жайлы айтар болсақ:

Түтін салу тәсілі: Шежіреші Қахарман Қоманұлының бізге берген ақпарында: – 1730 жыл­дары Есіл бойында өткен бір реткі шайқаста, – дейді. – Ма­шан батыр бір топ сарбазымен жаудың қоршауында қалып қояды. Адамы көп қалмақтар аз қазақты құрсаулап қолға түсірмек болады. Осындай қиын-қыстау кезде Машан батыр айла тауып, дереу дарияны бойлай өскен қалың қамысқа өрт қойдырады да, аз ғана жасағын биік қабақтың астына жасырып, өзі торы қасқа тұлпарын мініп алып жауды өзіне шырғалап шақырады. Батырдың астындағы атақты тұлпарын білетін қалмақтар бір-біріне есе бермей, тұлпарды алу үшін жапа-тармағай өңмең­дей ұмтылады. Осы сәтті пайда­ланған батыр жау­ды шырға­лап маң далаға қарай тартады. Тұлпарға құныққан жау батыр­дың ізіне түскен кезде, жар астын­дағы жасақ дарияны жиектей ығып, қою түтінді пайдала­нып қоршаудан құтылады. Ер­­теңін­де уағдаласқан жерге жи­налған қазақ қосыны қал­мақ­­тарға тұтқиылдан қарсы шау­былға өтіп жаудың бетін қайтарады.

Ай қоралау әдісі: Сол сияқ­ты Машан батырдың басқа­руымен тағы бір тосқауыл шай­қас­та қазақ қолы айлалы іс қылып, жауды жеңеді. Ауызекі деректе айтылғандай, қалың қолдың алдында келе жатқан қалмақтың жортуыл жасағына тоспада тұрған қазақ сарбаздары Машанның нұсқауымен ай қоралау тәсілін пайдаланып, соққы жасайды. Ол үшін ең әуелі, жүйрік жылқы мінген торуылшылар жаудың көзіне түсіп, мазалайды да, бытырай қашады. Қысқасы, жаудың жортуыл басы шерігін шырғалап әке­ліп, жазық алаңға алып шыға­ды. Жазық жерде шырға бар деп күдіктенбеген қалмақтар аң­даусызда, қораланған ай сияқ­ты ор қазып жасырынған мерген­дердің тосқауылына тап болады.

Машан батырдың басқалар­дан тағы бір артықшылығы – соғыс тәсіліне жүйрік, сұң­ғылалығымен қатар, алыста келе жатқан жаудың дүбірін тыңдап, қанша шерік келе жатқанын, олардың қаншалық қашықтықта екенін аңғара алатын қасиеті болыпты. Осы қасиетін білетін қазақ қолбасшылары оны «Сәуегей батыр» атағаны жайлы айтылады.

Оның сыртында Машан ба­тыр елдің ішінде үнемі болып тұратын, жер дауы, же­сір дауы, басқа рулармен өріс-қо­ныс таласы сияқты дү­ние­­лер­ді әділдігімен шешіп отыр­ған. Шежіреші Қахарман Қо­манұлының жазбасында Машан ата ел ішіндегі ұры-қары, бұзақыларды қатаң жазалайтын, сол себепті оны қарауындағы барлық бұқара қадір тұтып, батырдың игі істері мен кемел амалын есте қалдыру мақсатында, Молқы атаның ұр­пағы өздеріне Алтайға ауғанға дейін 30 жыл қоныс болған қазіргі Абай облысы жеріндегі тауды батырдың құрметіне «Машан тау» деп атағаны жайлы айтады.