Экономика • 12 Мамыр, 2022

Сатып алу жүйесі ашықтыққа негізделеді

129 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Самұрық-Қазына» са­тып алу рәсім­дерін же­тіл­діруді жалғас­ты­ру­да. Компания бұл үде­ріс­ке мемлекеттік орган­­дарды, ел­дің бизнес және са­р­ап­шылық қауым­дас­тығын жұмылдырып отыр.

Сатып алу жүйесі ашықтыққа негізделеді

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

«Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу әдістемесі секторы­ның меңгерушісі Юлия Ар­хипованың айтуынша, жаңа сатып алу ережелері бизнес-қауымдастықпен, оның ішін­де «Атамекен» ұлттық кәсіп­к­ерлер палатасымен, Қар­жы министрлігімен, Бә­секе­лес­тікті қорғау және дамыту агент­тігімен, Президент Әкімші­лігі­мен бірлесіп әзірленген. Әлеу­меттік желі арқылы түскен пікір­лер де ескеріліпті.

– Жаңартылған сатып алу ережелері «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің 22 сәуірде бизнес қоғамдастықпен бір­лесе өткізген отырысында талқы­­лан­ды. Кәсіпкерлердің көбі қордың бүгінгі сатып алу жүйесі басқа жүйелермен са­лыс­­тырғанда барынша түсі­нікті, анық әрі ашық, бизнес үшін қолайлы екенін атап өтті, – деді Ю.Архипова.

«Самұрық-Қазына Конт­ракт» ЖШС бас директоры Мұрат Тұрғанбаевтың айтуынша, қазірдің өзінде сатып алу деректерін машина оқи­­тын форматта ашық қол­же­­тім­­­ділікке беру үшін арнайы функ­­ция іске қосылған (zakup.sk.kz). Енді кез келген адам қор ком­панияларының барлық са­тып алуларын түрлі параметрлер бойынша талдай алады.

– Тендер нәтижелеріне ша­ғым­дану институты да енгі­зіл­ді. Енді өткен тендердің нәти­­жесіне қанағаттанбайтын кәсіп­кер апелляциялық ша­ғым түсіре алады. Барлық ша­ғым­ zakup.sk.kz веб-пор­талында ашық жарияланады. Сонымен қатар қордың сатып алу дерек­терін Сыбайлас жемқор­­лық­­қа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тексереді. «Самұрық-Қазынаның» барлық тауарларды, жұмыстар мен қыз­­меттерді сатып алуына кез кел­­ген адам қатыса алады. Бү­гінде біздің жүйеде 70 мың­нан астам пайдаланушы тіркелді, – деді М.Тұрғанбаев.

Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерді қолдау­дың тиімді тетіктерінің бірі – Қазақстанда жаңа өндіріс­терді құруды ынталандыратын импортты алмастыру бағ­дарламасы. Қолдау тәсілдерінің бірі оффтейк келісімшарттар, яғни әлі өндірілмеген өнімді сатып алу операциялары үшін қаржы көздерін тарту. «Са­мұрық-Қазына» қоры мұндай келі­сім­шарттарды сатып алу­ларға бірінші болып енгізіп отыр.

Бүгінгі таңда 54 жоба ма­құл­данып 82,2 млрд тең­геге 192 оффтейк шарт жа­сал­ған. Ашықтықты арттыру үшін Қазақ­станда әлі өндіріл­мей­тін 4,15 мың таза импорт пу­лы тізімделді. Бұл – өндіріс кілт­терін жасаудан бастап мұ­най өңдеуге арналған катали­за­­тор­ларға дейінгі жобалар. Кез келген адам олармен «Самұрық-Қазына Контракт» және svoyzavod.kz сайттарында та­ны­са алады. Қор алдағы уа­қыт­та оны отандық компания­лар әзір­­леп шығарады деп сенеді.

– Жергілікті тауар өндіру­шілерге айтарлықтай басымдық беріліп отыр. Олар кепілдің бар­лық түрінен босатылды. Олар­ға шарт сомасының кемін­де 30 пайызы мөлшерінде аванс төленіп, тендерде жеңілдіктер қарастырылған. Жеткізілген тауарларға өтем төлеу мер­зімі 5 жұмыс күніне дейін қыс­қар­тылды. Отандық тауар өндіру­ші­лерден сатып алынатын бар­лық тауарды жеткізудің ең қыс­қа мерзімі кемінде 60 күн, күр­делі тауарлар үшін кемін­де 120 күн деп белгіленді. Про­грам­малық қамтамасыз ету мен IT өнімдерін сатып алу да тек отандық өндірушілерден жүзеге асырылады, – деп нақ­тылады Ю.Архипова.

Қор өкілдерінің айтуынша, бір көзден сатып алулар саны 34-тен 20-ға дейін немесе 41 пайызға қысқарған. Соның нә­ти­жесінде, 400 млрд тең­геге жуық сатып алу бәсеке­лес­тік ортаға берілді. Бұл тарапта Қаржы министрлігімен, Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамы­ту агенттігімен, ұлттық кәсіпкер­лер палатасымен бірлесе отырып бәсекеге қабілетті емес сатып алуларды азайту бойынша жұмыс жалғасуда.

– Мысалы, бәсекелестіктен тыс сатып алулар тізбесінен стратегиялық инвестициялық жобаларды іске асыру шең­берін­дегі тауарларды, жұмыс­тар мен қызметтерді сатып алу, телекоммуникация активтері мен жабдықтарын, мерзімді басылымдарды, ұялы байланыс операторларының қызме­тін, медициналық тексерулер және басқа да жұмыстар мен қыз­меттерді сатып алу алынып тас­талды. Енді бұлардың бар­лығы бәсекелестік арқылы жүзе­ге асырылады. Мұндай сатып алуды азайтудың мәні зор. Топ ішінде сатып алу­лардың әлеуметтік құрам­дас бөлігі бар. Қор өндірістік кәсіп­орындар­дың еңбек ұжым­дары алдында жауапты. Сондықтан біз тиіс­ті мем­ле­кеттік органдардың қаты­суымен мұндай сатып алуларды азайтуды жүйелі түрде жалғастыра береміз, – деді Ю.Архипова.

Сатып алудың ашықты­ғын арттыруға бағытталған ша­раларды күшейту үшін zakup.sk.kz сатып алу веб-пор­талы ұлттық палата және Қаржы мониторингі агент­тігі­мен интеграцияланды. Бұған қоса қордың және ен­шілес ұйымдардың сатып алу­лары туралы мәліметтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агенттігімен қамтамасыз етудің интеграция мәселесін қарастыруда. Әлеуетті жет­кізушілердің салықтары бо­йынша мәліметтерді Мем­лекеттік кірістер коми­тетінен алып отыру да жоспарланған. Мұндай интеграция бағаның негізсіз өсуіне, сатып алу әдісін таңдаудың негізділігін бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ықтимал бұзушы­лықтарды анықтау мақсатында бақылаушы органдардың жұмысын жеңілдетеді.

Еске сала кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алудың жаңа тәртібін енгіз­ді. Барлық сатып алулар бұ­рынғыдай тоғыз емес, бір құ­жатпен реттеле бастады. Отандық кәсіпкерлерді қолдау күшейтілді, бизнеске кедергілер жойылды, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері барынша азайтылды.