Экономика • 12 Мамыр, 2022

Қойды еті үшін ғана өсіру қателік

359 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Газетіміз қойдың жүнін, малдың терісін өңдеуге қатысты мәселені назарда ұстап келеді. Бұл тақырыпқа орай жыл басынан бері бірнеше мақала да жазылды. Жуырда тараздық оқырман, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Аманқұл Нысанбаев редакциямызға келіп, «Egemen Qazaqstan» көтерген мәселелерге қатысты пікірімен бөлісті, ұсыныстарын ортаға салды.

Қойды еті үшін ғана өсіру қателік

Еңбек ардагерінің айтуын­ша, ауыл шаруашылығы саласын­да шешімін таппаған түйткілді мәсе­ле көп. Әсіресе мал шаруашы­лығындағы мәселе шашетектен.

– Кеңес Одағы тарағаннан кейін ауыл адамдары бұрыннан өсіріп келе жат­қан қой тұқымдарынан бас тартып, тек қазақы Еділбай тұқымдарын өсіруге көшті. Біздің қателескен жеріміз осы болды. Кеңестік кезеңде жер жағдайына байланысты шаруашылықтар биязы жүнді меринос, арқар-меринос, қаракөл, жартылай қылшық жүнді кроссбред тәріздес будан қойларды өсіретін еді. Бұлардың әрқайсысының өзіне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан оларды бір-біріне қоспай бөлек ұстайды, бөлек жаяды. Мәселен, қазіргі қой тұқымдары табиғаты қаталдау таулы, қыратты, суық жерлерде өсіріледі. Бұлардың еті болмаса, жүні мен терісі жарамсыз. Сондықтан оны ешбір жер қабылдамайтындықтан, ауыл адамдары өртеп жібереді. Демек біз қойды еті үшін ғана өсіріп отырмыз. Мұн­дай етті басқа да қой тұқымдарынан алу­ға болады және жүні мен терісін де кә­де­ге жаратуға мүмкіндік бар. Жүннен са­па­­сына қарай әртүрлі кездеме маталар мен жылы киімдер тоқуға, теріден әр­түрлі күздік киімдер мен жылы тондар тігу­ге болады. Мұндай бағалы шикізатты бекер­ге өртеп жібергенше, оны ақшаға ай­нал­дырып, сол түліктің өзіне қажетті жемшөпті әзірлеуге пайдаланған жөн, – дейді А.Нысанбаев.

Еңбек ардагері ауыл адамдары қой басын өсіруге бейілді емес екенін алға тартты. Бейілді болғанда басқаша әрекет етер еді. Мысалы, табиғи жаратылы­сына байланысты қазіргі қазақы қойлардың әрбір 100 саулығынан 70-75 қозы алына­ды. Ал жоғарыда аталған қой тұқым­дары­­ның әрбір 100 саулығынан 120-125 қозы алуға мүмкіндік бар. Демек қазір біз­дің шаруалар әрбір 100 саулықтан 50 қозы жоғалтып отыр.

– Ауылдағы қозы мен лақ, бұзау мен құлын терілері, ауыл адамдары ұстаған қарсақ, түлкі, борсық, қоян секілді аң терілері кәдеге жаратылмай жатыр. Бұлар аса құнды тері екенін ескерсек, олардан неше түрлі жылы киімдер тігуге болады. Алайда мұны ескеріп жатқан ешкім жоқ, – деп қынжылады ақсақал.

Жыл сайын әр шаңырақ соғымның етін жеп, сүйегін қоқыс­қа тастайды. Аман­құл Нысан­баев­тың айтуынша, осы сүйектің өзін кәдеге жаратуға болады. Өйткені сүйек майы – емдік қа­сиеті бар ең таза май. Оны қоқысқа таста­ған­ша, қайнатып майын алып, сүйекті диір­менге тартып сүйек ұнын алу керек. Сүйек ұнын жемге қосып берсе, мал тез семіреді.

– Мұның бәрі ауыл экономикасын көтеретін қосымша табыс емес пе?! Жұмыссыз жүр­ген ауылдықтар осындай жұмыс­тармен неге айналыспайды?! Біз елдің экономикасын, халықтың тұрмысын көтереміз десек, алдымен осындай қарапайым ғана дүниелерге де мән беруге тиіспіз. Сондықтан қой өсіретін шаруа қожалықтарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек деп есептеймін. Қой тұқымдарын қазірден алмастырсақ, алдағы екі-үш жылда саладағы кемші­лік­тердің бәрі өздігінен жойылады, – дейді А.Нысанбаев.

Оның айтуынша, әлемдегі ауыл шаруа­шылығы саласындағы әлеуеті жоғары ел ретінде Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдеріне, оның ішінде мал өнімдеріне деген сұраныс ешқашан жойылмайды.

– Сондықтан өз байлығы­мызды қор­ғау үшін ауыл шаруа­шы­лығы өнім­дерінің мемлекеттік өлшемдерін (ГОСТ) және өнімнің сапасына байланысты бү­гінгі күннің талабына сәйкес тұрақ­ты бағасын бекітіп алу маңызды. Бұл қадам өнім бағасын тұрақтандыруға және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын көтеруге септігін ти­гізеді. Сонда мемлекет те субсидия төлеудің машақатынан құ­ты­лады. Жасыратыны жоқ, қазір ел­дегі азық-түлік бағасы қымбат. Халық тарапынан бұған қатысты шағым да жиі айтылады. Десе де, өзімізде өндіріліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы әлдеқайда арзан екенін естен шығаруға болмайды. Бұл жерде бағаны көтеріп отырған – ортадағы делдалдар. Мәселен, ауылдан келген арзан етті базар алдындағы делдалдар есікке жеткізбей-ақ қағып әкетеді. Сосын ішек-қарнын, қазы-қартасын, бас-сирағын еттен бөлектеп сөреге шығарып, әрқайсысына қосымша үстеме ақы қосып сатады. Сөйтіп ауылдан жеткізілген арзан ет әп-сәтте жасанды түрде қымбаттап шыға келеді. Өкінішке қарай, мұны ешкім қадағаламайды. Мұндай ала-құла сауданы тыйып, базар бағасына шектеу қойылуы керек, – дейді еңбек ардагері.

А.Нысанбаев жеміс-жидек, көкөніс өндірісіне қатысты да мәселе барын жасырмады.

– Өкінішке қарай, оңтүстік өңірде өндіріліп жатқан өнімдер толықтай игеріліп жатқан жоқ. Оларды өңдейтін консерві зауыттары жоқтың қасы. Бар­ларының өзі қазіргі технологияларға бейімделмеген. Мәселен, Кеңес дәуірінде Алматы, Талдықорған, Жамбыл облыс­тарында ауыл адамдары қант қызыл­шасын өсірумен айналысатын. Қазір сол кезде өндірілген қызылшаның 20 пайызын ғана кәдеге жаратып отырмыз. Қант зауыттарының кейбірі қи­рап, құрып кетті. Әрине, өткенді кері қай­тара алмаймыз. Бірақ өткеннен сабақ алуға болады. Демек қант қызылшасы егі­летін алқаптардың көлемін арттыруға мүм­кіндік бар. Қант зауыттарының жұмы­сын жан­дан­дырудың да тетіктері көп.

Бұл ретте қант қызылшасын өсіруші­лер зауыттар қабылдап алынған өнімге төлемақыны дұрыс есептемейді деп шағымданады. Төлем­ақы өткізілген қант қы­зыл­шасының салмағы мен қант­ты­лы­ғына қарай төленетіні мәлім. Мысалы, зауыт өнімді орташа есеппен 15 пайыздық қанттылықпен қабыл­дап ала­ды. Ал одан алын­ған қант шекері 20 па­йыз­дық қант­тылықты көрсетуі мүм­кін. Мұндай жағдайда артылған 5 па­йыз зауыт­тың пайдасында қалады. Мұны тек­серу қиын, әрине. Өйткені қант зауыт­тарының дені жергілікті атқарушы билікке емес, Алматы қаласындағы қант кор­порациясына қарайды. Сондықтан осы мәселені де реттеу маңызды, – дейді ол.

А.Нысанбаевтың пікіріне қара­ғанда, түптеп келгенде сала­дағы проблеманың дені мемлекет­тік органдардың енжар­лығынан туындап отыр.

– Жоғары жаққа дұрыс ақпарат берілмейді. Қағаз жүзіндегі ақпарат шынайы жағдаймен сәйкес келмейді. Елдегі, ауылдағы жұмыссыздық туралы көп айтамыз. Шындығында, ауылда жұмыс көп. Бірақ оған мойын бұратын ешкім болмай тұр, – дейді ақсақал.