Қоғам • 12 Мамыр, 2022

Сананы сергітетін сериалдар керек

225 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұрындары көрермендердің көпшілігі «көк жәшікке» телміріп, шетел сериалдарын қызықтаушы еді. Соңғы жылдары отандық киноиндустрияның осы саладағы өнімдері өзімізде де көптеп шығарылып, жұртшылықтың көзайымына айналып келеді.

Сананы сергітетін сериалдар керек

Газет-журнал, кітап оқып, радио тыңдап, теледидар көретіндер санатында бармыз. Сәт сайын алуан түрлі оқиғалар орын алып, ақпараттар тасқыны сананы жаулап алып жатқан мына алмағайып заманда бір мезгіл телесериал тамашалағанға не жетсін.

Қайсыбір жылы «Күй-керуен» атты сериалды бірқауым уақыт тұщына көрген едік. Содан кейінгі ұнағаны осы «Ауыл мұғалімі» телетуындысы болды. Бас-аяғы отыз шақты сериядан тұратын фильм ауыл өмірін шынайы бейнелеуімен есте қалды. Әсіресе профессор ағай мен оның аңғал да періште көңіл шәкірттерінің шым-шытырыққа толы оқиғалары езуге күлкі үйіріп, бір кездегі балалық шақты еске түсірді. Дәл қазіргі таңда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы қалың көрермен назарына ауыл өмірін қамтитын көп сериялы «Ынтымақ ауылы» атты телефильм ұсынылып жатыр.

Сананы сергітетін осындай дүниелер алдағы кезде де көбейе бергей деген тілек бар.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

еңбек ардагері

Түркістан облысы