Әлем • 12 Мамыр, 2022

Финляндия Қазақстан арқылы жүк тасымалдайтын жаңа бағытты іске қосты

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Финляндиядағы ең ірі жүк операторы Nurminen Logistics Қытайдан Қазақстан арқылы жүретін контейнерлік бағытты іске қосты, деп хабарлайды Egemen.kz Azernews-ке сілтеме жасап.



Финляндия Қазақстан арқылы жүк тасымалдайтын жаңа бағытты іске қосты

«Nurminen Logistics-тің алғашқы толық өлшемді контейнерлік пойызы 2022 жылдың 10 мамырында Қытайдың Чонгсин қаласынан оңтүстік транскаспийлік жаңа бағыт бойынша аттанды», делінген компания хабарламасында.

Жол Қытайдан басталып, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Румыния арқылы Орталық Еуропаға өтеді. Компания қазақстандық теміржолшылармен бірлесе отырып, екі айдың ішінде жол бағытын нөлден бастап құрды.

«Жаңа бағыттағы пойыз үлкен сұранысқа ие. 25 мамырда жүретін келесі пойызға санаулы ғана орын қалды. Апта сайын жүретін рейс маусым айына жоспарланып отыр», делінген компания хабарламасында. Бұған дейін Nurminen Logistics Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту ниеті туралы мәлімдеп, 16 наурызда Қазақстан мемлекеттік теміржолымен коммерциялық пайдалану туралы келісімге қол қойды.

Бұдан басқа, Hellmann Worldwide Logistics неміс компаниясының Әзербайжандағы өкілдігі өзінің серіктестерімен бірлесіп Қытайдан Еуропаға Әзербайжан арқылы транзитпен маршруттық пойызын іске қосатыны туралы бұрын хабарланған болатын. Маршруттық пойыз Қытайдың Сучжоу қаласынан Қазақстанның шекарасына дейін темір жолмен жүреді, содан кейін Ақтау портынан Баку портына жөнелтіледі.

Бүгінгі таңда Транскаспий көлік бағыты Оңтүстік Кавказ арқылы өтетін маңызды трансеуразиялық дәліз болып табылады. Бағыт Оңтүстік-Шығыс Азия мен Қытайда басталып, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия арқылы Еуропаға өтеді. Бұл жаңа Жібек жолы бағыттарының бірі, «Бір белдеу, бір жол» жобасының орта дәлізі.