Үкімет • 13 Мамыр, 2022

Ел экономикасы 4,4 пайызға өсті

14363 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Осы жылдың қаңтар-сәуір аралығында ел экономикасы 4,4 пайызға өсті. Есепті кезеңде нақты сектор өсімнің жеделдеуі, экспорт көлемінің үдемелі ұлғаюы, қызмет көрсету секторындағы тұрақты динамика байқалып жатыр.

Ел экономикасы 4,4 пайызға өсті

Үкімет инфляцияны тежейді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың мәліметінше, нақты сектордағы өсім 5,1 пайызды құрады. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 3,4 пайызға дейін ұлғайды. Салалар арасында сауда, құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен жабдықтау, тау-кен өндірісі өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы оң өсім көрсетуде.

Негізгі капиталға салынған инвес­тициялардың өсу қарқы­ны 2,3 пайызға тең. Тау-кен өн­ді­рісі өнеркәсібін есепке алма­ғанда, негізгі капиталға салынған инвес­тициялардың өсу қарқыны 0,7 па­йызды құрады. Инвестициялар білім беруде 87 пайызға, мем­ле­кеттік басқару, әлеуметтік қам­сыз­дандыруда 74,1 пайызға, құрылыс саласында 62 пайызға, ғылыми және техникалық қызметте 53,7 пайызға өсті.

Өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Ақмола облысында және Алматы қаласында байқалып отыр.

– Қаңтар-наурызда сыртқы сау­да тауар айналымы 45 пайызға өсіп, 28,7 млрд долларды құрады. Оның ішінде экспорт көрсеткіші 66 пайызға өсіп, 19,1 млрд долларға дейін жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 32,4 пайызға артып, 5,3 млрд долларды құрады. Тауар­лар импорты 9,5 млрд долларға тең. Жалпы, оң сауда балансы жақ­сарып, 9,6 млрд долларды құрады, – деді Ә.Қуантыров.

Өңдеу өнеркәсібінде серпінді өсу үрдісі байқалуда. Қаңтар-сәуір айларында өндіріс көлемі 5,8 пайызға өсті. Барлық өңір бо­йынша оң өсу көрсеткіші тір­келді. Ең жоғарғы өсу Алматы қала­сына, сондай-ақ Атырау және Жам­был облыстарына тиесілі. Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көле­мі 4,4 пайызға ұлғайды. Ауыл ша­ру­а­шылығының жалпы шығарылымы 1,9 пайызға ұлғайған.

– Есепті кезеңде құрылыс сек­торы жоғары өсу қарқынын көр­сетіп, орындалған құрылыс жұмыс­тарының көлемі 9,5 пайызға өсті. Көр­сеткіштің оң өсімі 15 өңірде тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұ­мыстарының ең жоғары өсуі Ақмола облысында, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалуда. Осы жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 2,4 пайызға өсіп, 3,6 млн шаршы метрді құрады. Оң динамика 13 өңірде тіркелді. Олардың арасында ең жоғарғы көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Алматы және Павлодар облыстарында байқалды, – деді Ұлттық экономика министрі.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша 6 өңірде оң динамика бар – Ақмола, Алматы, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында белгіленіп отыр. 6 көрсеткіш бойынша өсім 5 өңірде байқалуда.

Әлемде инфляциялық қысым геосаяси шиеленістің салдарынан күшейіп отырғаны белгілі. Бұл жағдай тауар жеткізіліміндегі проблемаларды ушықтыра түсті. Ұлттық банк басшысы Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, азық-түліктің әлемдік бағасы жоғары деңгейде сақталып отыр. Шикізат пен материалдар құнының тұрақты түрде өсуі аясында дайын өнімнің де жаппай қымбаттауы орын алған.

Ұлттық банк болжамына сәй­кес Қазақстандағы инфляция нау­рыздағы 12 пайыздан сәуірде барлық компонент бойынша баға жылдам өскендіктен 13,2 пайыз­ға дейін өсті. Азық-түлік баға­сы­ның жылдық өсімі 15,4 пайыздан 17,9 пайызға дейін жеделдеді. Әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауар­лары бағасының апта сайынғы өсуі тұрақтанды. Алайда наурызда жекелеген азық-түлік тауарларына сұраныс артқандықтан, бағаның жылдық өсімі жоғары деңгейде сақталып отыр.

– Сыртқы инфляциялық жағдай 10,9 пайыздан 11,1 пайызға дейін жеделдеген азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасына өсім тұрғысынан қысым көрсетуін жалғастыруда. Ақылы қызмет көрсету бағасының өсуі 8,3 пайыздан 8,9 пайызға дейін жеделдеді. Бұл бірқатар нарық қызметі бағасының өсуіне байланысты. Инфляциялық тәуекелдерді ескере отырып, инфляция жыл соңына дейін жоғары деңгейде сақталады, – деді Ғ.Пірматов.

Сәуірде жаһандық қар­жы нарықтарындағы құбыл­ма­лы­лық­тың жалғасуына қарамастан, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 445,62 теңгеге дейін немесе 4,6 па­йызға нығайды.

– Сәуірде шетел валютасына сұраныстың айтарлықтай азаюы байқалды. Қазақстан қор бир­жасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 179 млн доллардан 92 млн долларға дейін азайды. Валюта нарығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді сатуы қолдау көрсетті. Олар­дың көлемі сәуірде шамамен 253,2 млн долларды құрады. Респуб­ликалық бюджетке берілетін транс­ферттерді қамтамасыз ету үшін сәуірде Ұлттық қордан 168,3 млн доллар сатылды, – деді Ұлттық банк басшысы.

Ішкі валюта нарығындағы жағ­дай­дың тұрақтануы аясында Ұлт­тық банк сәуір айында валюталық интервенцияларды жүргізген жоқ.

– Қысқа мерзімді перспективада геосаяси жағдайдың белгісіздігінен теңгенің құбылмалылық тәуекелі сақ­талады. Ұлттық банк теңгерім­сіздіктің жинақталуына жол бер­мейтін және алтын-валюта резерв­терінің сақталуын қамтамасыз ететін еркін бағам режімін ұстануды жалғастырады, – деп нақтылады Ғ.Пірматов.

Жалпы халықаралық резервтер сәуір айының соңында 85,9 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері жыл басынан бері валюталық интервенциялар, екінші деңгейлі банк шоттарындағы қалдықтардың және сыртқы борыш бойынша төлем­дердің есебінен 851 млн долларға төмендеп, 33,5 млрд долларды құ­рады.

– Ұлттық қордың активтері 52,4 млрд долларға тең. Республикалық бюджетке 1,5 трлн теңге трансферт бөлу үшін биылғы 4 айда 2,3 млрд долларға валюталық активтер сатылды. Мұнай бағасы көтерілген тұста Ұлттық қорға түсетін түсім өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 еседен аса ұлғайып, жыл басынан бері 2,1 трлн теңгені құрады. Ұлттық қордың кірістілігі құрылғаннан бастап 30 сәуірге дейін жылдық көрсеткіште 3,22 пайызға жетті, – деді Ұлттық банк төрағасы.

Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорының зейнетақы активтері сәуірде 12,9 трлн теңгені құрады. Жыл басынан бері инвестициялық кіріс шамамен 136,5 млрд теңге, зейнетақы жарналары – 524 млрд теңге, зейнетақы төлемдері 89,6 млрд теңге болды. Соңғы 12 айда зейнетақы активтерінің кірістілігі 8 пайызға тең.

Ұлттық банк жағдайдың дамуы мен оның нарықтарға ықпалын үнемі қадағалап, санкциялардың Қазақстанның қаржы жүйесіне әсер ету дәрежесін бағалап отырады. Сондай-ақ баға және қаржы тұрақ­тылығын қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауды жалғастырады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік бюджетке 5 трлн 93 млрд теңге сомасында кірістер түскенін немесе жоспар 108,6 пайызға орындалғанын атап өтті. Республикалық бюджетке 3,4 трлн теңгеге жуық қаражат түс­ті немесе жоспар 101,1 пайызға орын­далды. Кірістер бойынша жоспар 36 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 24 млрд теңгеге, са­лық­тық емес түсімдер 12 млрд тең­­геге асыра орындалған. Ішкі тұ­тыну тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жос­пар орындалмаған.

– Жергілікті бюджеттердің кірістері 127,1 пайызға атқарылды және 1 трлн 719 млрд теңгені құрады. Жоспар 366 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша 325 млрд теңгеге асыра орындалды. Кірістер бойынша жоспарлар Маңғыстау облысын қоспағанда, барлық өңірде асыра орындалды. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,8 пайызға, республикалық бюджеттің шығыстары 99,4 пайызға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,5 пайызға атқарылды. Республикалық бюджет бойынша сомасы 5,6 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқа­рыл­мау 31 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 8 млрд теңге үнем­делді. Игерілмегені – 23 млрд теңге. Игерілмеген ірі сомалар қаржы, мәдениет және спорт, қорғаныс және ішкі істер министрліктерінде қалыптасты, – деді Е.Жамаубаев.

Жергілікті бюджеттердің шығыс­тары 2,7 трлн теңгені құрады. Атқарылмағаны – 42 млрд теңге. Биыл өңірлерге 2,6 трлн теңгеге жуық нысаналы трансферттер көз­делген. Оларға 1 мамырға 696 млрд теңге бөлінген. Оның 98,3 пайыз игерілді. Атқарылмағаны – 12 млрд теңге, оның ішінде 3 млрд теңге – үнемдеу, 9 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Маңғыстау, Алматы және Қарағанды облыс­тарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қа­ла­сында қалыптасқан.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің ішкі жалпы өні­міндегі өсімі экономиканың нақты секторының қарқынды дамуының нәтижесінде қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Сондай-ақ Үкімет басшысы санк­циялық шектеулер аясында сыртқы келеңсіз әсерлерді азайту және ұлттық экономиканың одан әрі дамуын қамтамасыз ету жө­ніндегі іс-шараларды жандандыру қажет екенін жеткізді.

Премьер-Министр жылдық инфляцияны жеделдетуге әсер етіп отырған азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу бойынша қабылданып жатқан шараларға ерекше назар аударды.

– Біріккен Ұлттар Ұйымының деректері бойынша дүние жүзінде азық-түлік бағалары соңғы 12 айда 36 пайызға өсті. Әлемде, әсіресе, қант, ет және сүт өнімдерінің бағасы өсіп барады. Бұл өз кезегінде біздің нарыққа да тікелей әсер етіп отыр. Қазіргі уақытта Үкімет инфляцияны тежеу бойынша тиісті шараларды қабылдауда. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысты тиімді қамтамасыз етіп, бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы керек, – деді Ә.Смайылов.

Былтырғы сәйкес кезеңде Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің өсу қарқыны 0,7 пайызды құрағанын атап өткен жөн.

Жылыту маусымы – жыл бойы назарда

Сондай-ақ Үкімет отырысында жылыту кезеңінің қорытындысы мен алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.

Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстанда Петропавл қаласын қос­пағанда, жылу беру маусымы тұ­рақты режімде өтті. 2021 жылы елдің электр стансаларында 114,3 млрд кВтс электр энергиясы өн­дірілді. Қысқы ең жоғары жүктеме 2022 жылғы 21 қаңтарда тіркеліп, 15 931 МВт-ты құрады.

Былтыр Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінде 5 562 технологиялық бұзушылық орын алды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тех­нологиялық бұзушылықтар саны 20 пайызға артты. Электр стансаларында технологиялық бұзушылықтың өсуіне Қазақстан аумағында коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген шараларға сәйкес 2020 жылы жабдықты жоспарлы жөндеу бойынша жұмыстар көлемінің тө­мен­деуі, жеткіліксіздігі және жұмыс­тардың кейінге қалдырылуы әсер етті.

– Қазіргі жылыту маусымында электр стансаларының жергілікті атқарушы органдар бекіткен жылу желілері жұмысының темпе­ра­туралық кестелерін сақтамаудың 36 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылғы деңгейден 18 пайызға төмен. Жылу желілерінің температуралық кестесінің бұзылуының негізгі себебі – энергетикалық қондырғыны пайдалануда жіберілген кемшіліктер, – деді Б.Ақшолақов.

Электр стансаларының отын үшін кредиторлық берешегінің көп болуы да өзекті мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдын­дағы берешегі 2 млрд 272 млн теңгені құрады. Сондай-ақ «Бога­тырь-Көмір» ЖШС алдында «Көк­шетау Жылу»-дың 722 млн теңге мөлшерінде берешегі бар.

Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев 2021-2022 жылғы жы­лыту маусымы тұрақты өтті деп бағалады. 2021 жылдың қоры­тын­дысы бойынша 111,7 млн тонна көмір өндірілді.

– Халықты және коммуналдық-тұрмыстық секторды көмірмен қамтамасыз ету біздің министрліктің тұрақты бақылауында болып, көмір жетіспеушілігі болған жағдайда мәселелер жедел шешіліп отырды, – деді М.Қарабаев

Ол алдағы жылу беру маусымына 47 мыңнан астам көп­қабатты тұрғын үйді, 11 мыңға жуық білім беру және 5 мыңға жуық денсаулық сақтау объектілерін дайындау қажет екенін атап өтті. Шамамен 4 мың шақырым жылумен жабдықтау желілерін, 10 мың дербес қазандық қондырғыларын және 13 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілерін даярлау қажет.

– Дебиторлық берешек­ке тоқталсақ, бүгінде тұтыну­ш­ы­лар­дың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешек көлемі шамамен 14,8 млрд теңгені құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 214 млн теңгеге азайған. Әкімдіктер борышкерлермен дебиторлық берешекті өтеу және азайту бо­йынша жүйелі жұмыстар жүргізуде, – деді ол.

Премьер-Министр Әлихан Смайы­лов жылыту маусымына қа­тысты бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Энергетика минис­трлігі мен әкімдіктер жылыту мау­сымы басталғанға дейін жылу және энергетика нысандарының барлығының жай-күйі мен дайын­дығын толық тексеруге тиіс.
1 маусымға дейін әкімдіктер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй және әлеуметтік сала объек­тілерін жылу беру маусымына дайындау жөніндегі іс-ша­ра­­лар жоспарын бекітуі керек. Бі­лім беру және денсаулық сақ­тау объектілерінің дайындығын 1 қыр­­­күйекке дейін қамтамасыз ету қажет.

Үкімет басшысы өңір әкім­дерінің назарын жаңа құры­лыс­тарды іске қосу үшін оларды ком­му­налдық және инженерлік инфра­құрылыммен уақтылы қамта­масыз етуге аударды.

Сонымен қатар тұтыну­шы­лардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін азайту және энергия өндіруші ұйымдардың отын жеткізушілер алдындағы берешегін өтеу жөнінде шаралар қабылдау қажет.

Әлихан Смайылов былтыр республиканың шығыс және солтүстік өңірлерінде күннің ерте сууы салдарынан кезектер пайда болып, көмір бағасының көтерілгенін еске салды.

– Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі әкім­діктермен бірлесіп, тұрғындарды, ЖЭО мен қазандықтарды қажетті көлемдегі көмірмен алдын ала қамтамасыз ету жұмыстарын ұйым­дастыруға тиіс. «Қазақстан темір жолы» компаниясы электр стансаларына көмір жеткізуге басымдық бере отырып, оларды қажетті вагондармен қамтамасыз етуі керек. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі әкімдіктермен бірлесіп, көмір бағасын ерекше бақылауға алып, әсіресе тұрғындар үшін көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдауы қажет, – деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар