Отырысқа қатысушылар Ата Заңның ел дамуындағы рөлі мен Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқыға салды. Алдағы референдум жиынның негізгі тақырыбы болды. Спикерлер дауыс беру белсенділігі ел дамуына қалай әсер ететіні туралы пікірлерімен бөлісті.
Іс-шара модераторы, Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазбек Майгелдинов 5 маусымда өтетін референдумның мақсаты туралы айтып, Ата Заңға енгізілгелі отырған өзгерістер бұрынғыдай Парламент қабырғасында емес, референдум арқылы халық талқысына салынып қабылданғалы отырғанын атап көрсетті. Сондай-ақ енгізілгелі отырған өзгерістердің маңыздысы республиканың суперпрезиденттік модельден классикалық президенттік басқару моделіне көшуі болып отыр.
Sarap клубының осы бағыттағы отырыстары бұған дейін Қарағанды, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында өткізіліп, конституциялық реформа жұртшылық тарапынан қызу талқыға түскен.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 мамырда арнайы Жарлыққа қол қойып, 5 маусымда конституциялық реформа жөнінде референдум өткізуді ұйғарды. Елімізде соңғы рет референдум осыдан 27 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 30 тамызында өткен болатын. Онда халық қазіргі Конституцияға дауыс берген еді. Содан бері ғылым мен техника дамыды, қоғамдық сана өсті. Негізгі Заңға заманға сай өзгерістер енгізілгелі отыр, – деген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров жиналған көпшілікті осы саяси науқанға бір кісідей қатысуға үндеді.
Жиында Қ.Майгелдинов референдум дегеніміздің не екеніне түсінік беріп, Конституцияның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгелі отырғанын жеткізді.
– Қазір әлеуметтік желілерде референдумға қарсылық білдірушілер де бар. Әр азамат референдумға қатысып, өзінің пікірін дауыс беру арқылы білдіруі тиіс. Реформалар халық үшін жасалуда және бұл ретте азаматтар пікірі аса маңызды. Мәселен, Тұңғыш Президенттің тарихи рөлін Ата Заңда көрсету қажеттілігі қаншалық маңызды деген ой қоғамда жиі айтылды. Ақыры, осы пікір ескеріліп, жобадан бұл бап алынып тасталды, – деді ол.
Жиында сөз алған Өскемен қаласы әкімдігінің өкілі шаһарда 240 мың дауыс беруші, 120 сайлау учаскесі бар екенін, қазіргі кезде олардың алдағы науқанға дайындалып жатқанын атап өтті. Әр азамат өзін тізімдерден тексере алады. Жалпы, қаланың азаматтық секторы өте белсенді. Референдум жөнінде облыстық және қалалық штабтар құрылып, жұмысқа кіріскен.
Саясаттанушы Самат Нұртаза конституциялық реформа Ресей, Түркия, Қырғызстан елдерінде өткенін және оларда бұл процесс президенттік билікті күшейту үшін жасалғанын айтты. Ал бізде керісінше, президент өкілеттіктері шектеліп, Үкімет пен Парламентке, жергілікті атқарушы органдарға мол құзірет беріліп отыр.
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің оқытушысы Гүлмира Байыркенова Ата Заңымыздың преамбуласы «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы» деп басталатынын, сондай-ақ 3-бапта «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп жазылғанын айта келіп, Негізгі Заңды қабылдайтын да тек халық болуы керек екенін атап көрсетті. Сондықтан, алдағы референдум – еліміздің демократиялық бағытта қарышты дамуына серпін беретін батыл қадам.
– Біз қазір аудан-қалаларды аралап, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Жуырда ғана Алтай ауданынан оралдық. Жалпы партия алдағы конституциялық реформаларды толық қолдап отыр. «Жер – халықтікі» дегенді біз бұрыннан-ақ айтып келеміз. Ата Заңның жаңа жобасында да осылай жазылған, мұны құптаймыз. Азаматтардың бәрін референдумға қатысуға шақырамыз, ауызбіршілігімізді танытайық, – деді кездесуде «Халық» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Анжела Горностаева.
Қоғам белсендісі Әділ Сайлаубек көпшілік тарапынан өзгерістер керек деген сөздер жиі естілетінін айтып, алдағы референдумның нақ сол өзгерістердің бастауы болғалы тұрғанын жеткізді. Оның пікірінше, реформалар – алдағы дамудың негізі әрі қоғамдағы шиеленістердің алдың алудың бірден-бір жолы.
Кездесу университет қабырғасында өткендіктен жиынға студенттер көп қатысып, талқылау кезінде белсенді болды. Сонымен қатар, келген сарапшыларға өз сауалдарын да қойды. Айталық, 3-курс студенті Нұрай Медеуханова Екінші республиканың біріншіден қандай айырмашылығы болатынын сұрады. Сарапшылар, бірінші республика тұсында еліміздің шекарасы шегенделіп, әлемге танылғанын атап, алайда саяси жүйенің соңғы жылдары тұралап қалғанын, демократиялық үрдістердің тежелгенін баса айтты. Екінші республика әділетті қоғам орнатуды, әр азаматқа мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін беруді көздейді.
Саясаттанушы Дина Әйкенова жастарды еліміздің саяси өміріне қызығушылық танытып, саяси іс-шараларға, мемлекетті басқару ісіне белсене қатысуға шақырды. Конституциялық реформа сайлау жүйесіне де маңызды өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Мажоритарлық жүйе кез келген азаматтың партия қатарына қосылмай-ақ, аудандық-қалалық, облыстық мәслихаттарға, Парламент Мәжілісіне депутат болу мүмкіндігін қарастырады.
Кездесуді түйіндеген Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров жиналғандарды Sarap эксперттік клубының телеграммдағы парақшасына кіріп, конституциялық реформалар туралы толық ақпарат алуға және өз пікірлерін ашық білдіруге шақырды.
Шығыс Қазақстан облысы