Экономика • 15 Мамыр, 2022

Дизель тапшылығы туындай ма?

146 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр шаруаларды дизельмен қамту күн тәртібіндегі күрделі мәселеге айналғаны есімізде. Отандық арзан отынды шекаралас елдерге қымбатқа сату, мұнай өңдеу зауыттарының жөндеуге жабылуы салдарынан ішкі нарықта келеңсіз жағдай қалыптасқан еді. Аталған мәселе биыл алдан шықпай ма? Дизель тапшылығы туындаса қайтпек керек?

Дизель тапшылығы туындай ма?

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың айтуынша, әзірше мұндай қауіп туындап отырған жоқ.

– Рас, былтыр ішкі нарықты дизельмен қамтуда қиындықтар болды. Біз дизельдің бағасын литріне 200 теңге көлемінде сақтауға тырыстық. Алайда Ресей мен Өзбекстандағы отын бағасы жоғары болғандықтан, отандық арзан дизельді шекаралас елдерге қымбатқа сату жиіледі. Соның салдарынан ішкі нарықтағы баға да құбылды. Дизельді елден көлікпен тасымалдауға тыйым салынса да, көлеңкелі айналымның үлесі көбейді. Ресейден келетін импорттық отынның бағасы да қымбат еді. Аталған факторлар мұнай өнімдерінің айналымын реттеу туралы заңнамаға түзетулер енгізуге мәжбүр етті. Нарық ойын­шы­ла­­рына шектеулер енгізілді, – дейді Ә.Мағауов.

Мәселен, ойыншыларда көтерме нарықта жұмыс істеуі үшін мұнай базасының болуы міндетті нормаға айналды. Сондай-ақ мұнай өнімдерін тауар биржасы арқылы сату жолға қойылды.

– Былтыр көктемде бензин де, дизель де тауар биржасы арқылы жақсы сатылды. Бірақ биржаға кіру үшін тиісті шектеулер қойылған-ды. Мәселен, биржаға қатысушы компанияның мұнай өнімдерінің бір жылдық айналымы 20 мың тоннадан кем болмауы керек деген шектеу болды. Жылдың ортасында оны 5 мың тоннаға дейін азайттық. Бір ай бұрын Биржалық комитеттің шешімімен атал­ған шектеу алынып тасталды. Бұл шағын жанар-жағармай құю стан­са­ларының биржаға кіруіне, өнім­ді делдалсыз-ақ тікелей сатып алуына мүмкіндік береді. Дизельді биржада сату жақын күндері қайта жанданады, – дейді Энергетика вице-министрі.

Қазіргі уақытта ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерді дизельмен қамту ерекше назарда. Өйткені көк­­темгі егіс жұмыстарын уақтылы әрі қалыпты жүргізу қажет. Ол үшін ша­р­уа­ларға биыл 400 мың тонна дизель бөлінді. 2022 жылдың ақпан-сәуір айларында 231 мың тонна немесе жалпы көлемнің 92 пайызы шаруаларға жеткізілді.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынын жөнелту басым негізде жүзеге асырылады. Бұл ретте тиеп-жөнелтуді бақылау және мониторингілеу тәулік са­йын назарда ұсталады. Көктемгі егіс жұ­мыс­тарына арналған дизель оты­ны­ның бағасы мұнай өңдеу зауыттарында 1 тонна үшін 212 мың теңге (литріне 176 теңге) деп белгіленген. Өңірлерге дейін жеткізуді және отынды сақтау шығынын ескерсек, шаруалар үшін болжамды баға бөлшек сауда бағасынан (230-260 теңге/литр) орта есеппен алғанда 15-30 пайызға төмен болады, – деп сендірді Ә.Мағауов.

Еске сала кетейік, «Мұнай өнімде­рі­нің жекелеген түрлерін өндіру­ді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңға сәйкес Ауыл шар­уа­шылығы министрлігі жыл са­йын облыс әкімдіктерімен бірле­сіп, ауыл шаруашылығы тауарын өн­діруші­лердің мұнай өнім­де­ріне деген қажеттілік көлемін айқын­дай­ды. Тиісінше, Энергетика министрлігіне дизель отынын жеткізу көлемі туралы ұсыныстар енгізеді. Осы ұсы­ныстардың негізінде екі ми­нистрлік бірлесіп, маусымдық дала жұ­мыс­та­рын жүргізуге арналған дизель отынын жеткізу үшін облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына бекітеді. Облыс әкімдіктері өз деңгейінде фермерлерге дизель отынын жеткізу бо­йынша операторларды белгілейді.

Сонымен қатар салалық заңның нормаларына сәйкес «мұнай өнім­де­рін бөлшек сауда арқылы өткі­зуді жүзеге асыратын тұлғалар жыл са­йын мұнай өнімдерін өткізу кезінде 1 наурыз – 31 мамыр және 1 тамыз – ­31 қазан аралығында ауыл шаруа­­шылығы өнімдерін өнді­ру­ші­лер­ге басымдықпен беруге мін­детті». Қол­да­ныстағы заң­наманың нормаларына сәйкес, мем­лекеттік органдар дизель отынын бө­лу процесіне немесе операторларды тағайындауға араласпайды.

– Фермерлер мен ресурс ұстау­шы­­лар арасында дизельді сатып алуға «тікелей» шарттар жасасу үшін жағ­дай жасау, фермерлердің өз бетін­ше кооперациялануға және дала жұ­мыс­та­ры үшін мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі операторды таңдау мүм­кіндігі болуы керек. Сол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі байланыс деректерін, егістік жерлердің жалпы алаңын, жанар-жағармай қажет­ті­лігін көрсете отырып, аумақтық бөліністе ауыл шаруашылығы тауарын өндіру­ш­і­лердің деректер базасын құ­ру­ға тиіс. Бұған қоса отынды тарату үшін электронды-ақпараттық жүйені енгізу арқылы дизель отынының көле­мін тауар өндірушілерге тікелей бөлу мәселесін пысықтауға тиіс, – дейді Энергетика вице-министрі.

Электронды-ақпараттық жүйені енгізе отырып, диқандарға дизель отынының көлемін жеке-жеке бөлу ашықтықты қамтамасыз етеді деп күтілуде. Сондай-ақ бөлу тізбегіндегі артық буындарды жоюға, ықтимал сыбайлас жемқорлық құрамдастарын болдырмауға мүмкіндік бермек.