– Кәсіпорын қалдықсыз өнім шығаруға арналған жаңа технология бойынша жұмысын жалғастыруда. Өнімнің 90 пайызы экспортталады. Серпінді жобаларды жүзеге асырып, өндіріс өнімділігін еселеген жұмыскерлер арасында Референдум өткізу мәселесі қызу талқыға түсіп жатқаны анық. Нақты шешімді қабылдау – әркімнің өз қолында, – деді штаб жетекшісі Серік Сәдуақасов.
Штаб мүшесі Нұргүл Қайырденова референдум жасауда халықтың пікірі маңызды екенін атап өтті. «Реформаны жасауда Президентіміз халыққа зор сенім артып отыр. Іргелі істер тек қана халықтың шешімімен жүзеге асырылуға тиіс. Бұған елім, жерім деген азаматтық ұстанымы бар жандардың бәрі атсалысуы қажет деп есептеймін», деді ол.
Зауыт басшылығы саяси реформадан қарапайым халықтың тағдырына, еліміздің дамуына жаңаша серпін беретін өзгерістер күтетінін жасырмады. Осылайша, ұжым қызметкерлері жалпыхалықтық референдумның өткізілуін қолдайтынын жеткізді.
Бұдан кейін штаб мүшелері «Қазақстан алюминийі» АҚ ұжымымен кездесті. Штаб мүшесі Серік Ілиясов Конституцияға ұсынылған түзетулердің қабылдануымен азаматтардың құқықтары едәуір кеңейетінін, Мәжілістің, Сенаттың депутаты болу және саяси партия құру оңай болатынын айтты.
Павлодар облысы