Экономика • 16 Мамыр, 2022

Үшінші кезеңнен үміт зор

217 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әлемдегі геоэкономикалық жағдай құбылып тұр. Ел экономикасында да жүйелі проблемалар жетерлік. Мұндай жағдайда Қазақстан экономикалық саясатта неге басымдық беруі керек?

Үшінші кезеңнен үміт зор

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Төлеуовтің айтуынша, Қазақстан шағын ашық эко­номика ретінде сыртқы фак­тор­лар­дың ықпалына түсіп отыр.

– Шикізат пен азық-түліктің жаһандық экспорттаушысы болып саналатын Ресейге қатысты ауқымды санкциялар (6 мыңнан астам санкция) жеткізілім тізбегін­де­гі қиындықтарды одан әрі терең­дет­ті. Энергетикалық және азық-түлік нарықтарын жаңаша қайта бөлу жүріп жатыр. Олар энергия өткізу процестеріне әсер етеді және азық-түлік қауіпсіздігі тәуекел­де­рін кү­шей­теді. Жоғары инфляция және экономикалық құлдырау тәуе­келі де соққы болып тиюі мүм­кін, – деді Олжас Төлеуов Берлин Еура­зиялық клубының отырысын­да.

Ол Қазақстан экономикасы 30 жыл бойы екі құрылымдық ауы­су­­дан өткенін атап өтті. Бірін­ші құ­ры­лымдық ауысу – жос­пар­лан­ған­нан нарықтық экономи­ка­ға көшу (1990 жылдардың басы). Екінші ауысу – мемлекеттің эконо­ми­кадағы рөлін күшейте отырып, өсудің шикізаттық моделіне көшу (2000 жылдардың басы). Екі құры­лым­дық өткел Қазақстанға табыс деңгейі орташадан жоғары ел бо­лу­­ға мүмкіндік берді. Бұл елдің бәсе­келестік артықшылықтарының дамуымен қатар жүрді. Соған қара­мас­­тан, екі ауысу жүйелік күрделі мә­се­­лелердің жиналуына алып кел­ді.

– Нарықтарды монополияландыру, шикізат салаларының үс­тем­дігі, өнімділігі төмен ең­бек на­рығы экономиканы терең әр­та­рап­­­тандыру және шы­ға­ру мен экспортты қиын­датуда кедергілерге ай­нал­ды. Шы­­ғару мен экспорттың күр­де­лі­лі­гі төмен деңгейде қалып отыр. Бұл ретте негізгі капи­тал­ға салынған ин­­вес­тициялар шикізат сек­то­рын­да шоғырланған. Экспорт құры­лы­мын­да шикізат секторының үлесі 67 пайызды, өнеркәсіпке инвестициялар құрылымында 76 пайызды құрайды. Экономиканың елеулі бөлігі өнімділігі төмен жұмыс орындарымен ерекшеленген. 2010 жылдан бастап жұмыс орындарының тек 20 пайызын өнімділігі жоғары салалар құрды. Ал өнімділігі төмен секторларда жұмыс орындарының 38 пайызы құрылды және оларда мемлекеттің қатысуы бар салалар басым. Жеке сектор жаңа, тұрақты және өнімді жұмыс орындарын іс жүзінде құрмайды, – дейді ол.

О.Төлеуовтің дерегінше, на­рық­тарды монополияландыру нә­ти­­жесінде ішкі жалпы өнім құ­­ры­­лымында корпоративтік сек­­тордың таза пайдасының үле­сі негізінен шикізат салалары есе­бінен 45 пайыздан 51 пайызға дейін өсті және еңбекақы төлеу үлесі 34 пайыздан 31 пайызға дейін төмендеді. Соңғы 15 жылда еңбек өнімділігінің жинақталған өсуі ха­лық табысының нақты өсуінен 62 пайыздық тармаққа артта қалып отыр. Кірістердің өсуі әлеуметтік транс­ферттердің ұлғаюымен қам­­та­ма­сыз етілді. Мемлекеттік бюд­­жет құрылымындағы өнді­ріс­тік шы­ғындар үлесінің төмен­деуімен шиеленісетін фис­калдық теңгерім­сіз­діктер күшейе түсті. Соңғы 5 жылда бюджеттің шығыс бөлігі оның шығыс бөлігін толық қамтамасыз етуге қа­білетті жет­кілікті кіріс базасымен бе­кітіл­меген.

– Осылайша, Қазақстан экономикасы екі құрылымдық ауысудан өтіп, белгілі бір табыстарға қол жеткізді және бәсекелестік артық­шы­лықтарды қалыптастырды. Бұл ретте мен тізбелеген сындарлы жүйелік сын-тегеуріндерді жинақ­тадым. Барлық сын-қатерлерге жауап еліміздің тұрақты және инклю­зив­ті дамуын көздейтін үшінші құ­рылымдық көшу шеңберіндегі жаңа экономикалық бағыт болуға тиіс, – деді О.Төлеуов.

Үшінші құрылымдық ауысу жүзеге асырылатын алты түйінді ба­ғыт айқындалған – құқық үстем­дігі, адал бәсекелестік пен экономикалық бостандықтарды ынталандыру, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы жү­йе­лі әртараптандыру, адами капиталды дамыту және мемлекеттік басқаруды реформалау.

– Құқық үстемдігі түсінікті, ашық және тұрақты заңдарға, бар­шаның заң алдындағы теңді­гіне, сот жүйесінің әділдігі мен тәуел­сіз­дігіне, дауларды сотқа дейін шешу институтын дамытуға, аза­маттар мен бизнес құқықтарын қорғаудағы құқық қорғау және күш құрылымдары блогына негізделуге тиіс. Ұлттық идея ретінде адал бәсе­ке­лестікті дамыту орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметінің негізгі арқауы бол­уы керек. Макроэкономикалық тұ­рақ­тылықты қамтамасыз ету бірыңғай, келісілген және болжамды макроэкономикалық саясатты іске асыру, фискалдық-бюджет саясатының теңгерімділігінің өсуі, қар­жы секторын толыққанды инфля­циялық таргеттеуге көшуі есебі­нен қамтамасыз етіледі. Еңбек өнім­ділігін арттыру, жұмыспен қам­тудың сапалы құрылымын қам­та­масыз ету және шикізаттық емес тапшылықты қысқарту экономиканы жүйелі әртараптандырудың негізгі мақсаттарына айналуы қа­жет. Адами капиталды дамыту са­палы білім мен медицинаға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сапалы ұлттық инновациялық экожүйені қамтамасыз етуге, еңбек нарығы экожүйесінің тиім­ді­лігін арттыруға, әлеуметтік қорғау жү­й­есін жаңғыртуға негізделуге тиіс. Мемлекеттік басқару­ды рефор­ма­лау шеңберінде мемлекет­тік органдар жұмысының тиімділі­гін арттыру экономиканың жаңа құрылымын тиімді қалыптас­ты­ру­дың негізгі шарты болуы керек, – деді О.Төлеуов.

Үшінші құрылымдық ауысу шеңберіндегі Қазақстанның эконо­микалық саясатының тәсіл­дері алдағы шілде айының соңын­да құрылымдық және институ­цио­нал­дық реформалар пакетін қа­лып­тастыру кезінде нақты­ла­нады.