Өнер • 16 Мамыр, 2022

Күйшілік өнердің қос дүлдүлі

466 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Күйшілік өнердің қос дүлдүлі

Сөз басы

Қазақтың күй өнерінде ата-бабалары­мыздан қалған асыл мұралардың ішінде домбыра аспабының орны ерекше. Қос ішекті кие тұтып, қара шанағынан небір туындыны төгілдірген тұлғаларымыз да мыңдап саналады. Шығу тарихы ғасырлар тереңіне тартатын қасиетті домбыраны жаны мен жүрегіне серік еткендердің бірінің есімі осынау ұлы ұлтпен бірге бүгінге жетсе, енді бірінің күйі ғана жетіп жатты. Өйткені уақыт азбанының тезі кей құндылықтарымызды тізеге басып, емексіте беретіні бар. Мәселен, Ақбала Жаңқабылұлының есімі жалпы тыңдарман халық түгілі, өнерсүйер қауымға кеңінен таныс деп айта алмаймыз. Себебі Ақбаланың күйлері бізге кеш мәлім болды.

Қазіргі таңда қазақтың күйі арнайы музыкалық оқу орындарында оқытылып, музыка мамандары ұлт руханиятын дамытуға күш-қарымын жұмсап жатса да, Қазақстанның түкпір-түкпірінде қа­лыптасқан күйшілік дәстүр мен оны таратып жеткізушілердің мектебі тұрмақ, күйлерінің өзі деңгейінде насихатталмай келеді. Көптен бері қордаланып қалған осындай мәселелер туралы сөз қозғағанда, ойға алдымен Ақбала Жаңқабылұлының оралуы заңдылық.

Ақбала Жаңқабылұлының күйлерін насихаттауда күйшінің туған жиені Шағдар Ақылбековтің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Біріншіден, ол артына өлмес орындаушылық дәстүр қалыптастырып кеткен Ақбаланың күй тартудағы мәне­рі­нің, нақышының аспаптық музыкада орнығуына ықпал етті. Екіншіден, күйшінің оннан астам күйін кейінгі ұрпаққа мұра ретінде қалдырды. Ал үшіншіден, Шағдар Ақылбеков күйді тыңдарманына аңызымен байланыстыра отырып ұсынып, байырғы күй тарту үлгісін жаңғырта білді. Төртіншіден, Шағдар – күйді шебер орындаушы ғана емес, өзі де жанынан күй шығарған өнер иесі.

Шағдар Ақылбеков – жоғарыда айтып өткен жетістіктерге қол жеткізу үшін бар ғұмырын арнаған азамат. Бірақ оның Ақбала күйлерін жеткізудегі еңбегі жайында тек соңғы жылдары ғана айтылып, әртүрлі БАҚ-та арнайы хабарлар беріле бастады. Осы жолдар авторы жазып шығарған «Ақбала күйші» атты кітапта да Жаңқабылұлының жалпы музыка өнерінде алатын орны жан-жақты сипатталды деп айта алмаймыз. Бірақ бұл еңбекті Ақбала Жаңқабыловтың өмірі мен шығармашылығы жайында, сонымен қатар оның күйшілік мұрасы туралы келешекте жазылуға тиісті ау­қым­ды зерттеулердің басы деуге болады.

Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін­дегі бұл жинақ төрт тараудан тұрады. Бірінші тарау Ақбала Жаңқабылұлы және Шағдар Ақылбековтің өмір жолдарына арналған. Екінші тарауда қос күйшінің авторлық күйлерінің ноталық жазбасы берілген. Үшінші тарауда Ақбала мен Шағдар күйлерінің шығу тарихы баяндалады. Соңғы тарауда қалың оқырманға кейбір күйлердің ерекшелігі жайындағы музыкалық талдау ұсынылады. Оқырман қауым Ақбала Жаңқабылұлы мен Шағ­дар Ақылбековтің өмірі мен шығар­машылығына, олардың күй өнеріне қос­қан үлестеріне назар аударса, негізгі мақ­сатымыздың орындалғаны деп білеміз.

Осы жұрт Ақбаланы біле ме екен?

1884-1945 жылдар аралығында ғұ­мыр кешкен Ақбала күйші сол уақыт­тағы Шымкент облысы, қазіргі Жетісай ауданына қарасты Қараөзек деген жерде туған. Кейін Шардараның арғы жағындағы Қызылқұм аймағында өмір сүрді. Ақбала жастайынан ерке болып өсті, бала күнінен сол маңдағы жұрт­қа аты шығып, күйші атанды. Сол уақыт­тың салтымен жеңгелері «Аппақ бала, ақ бала» деп еркелетіп атаған соң, есі­мі де Ақбала атанып кетті. Ақбала күй тартқанда, сол күйдің ырғағына елітіп, көзін жұмып алады екен. Тыңдап отыр­­ғандар: «Көзіңді неге жұмып тарта­сың?», деп сұрағанда, «Күй жауатын қар секілді, тіпті бұлт сияқты келеді, көзімді жұмбасам болмайды» дейтін көрінеді. Бір күйді бірнеше рет түрлендіріп тартатын тағы бір қасиеті болған. Ал мұны күй өнерінен хабары барлар сирек кездесетін құбылыс екенін біледі.

Ақбаланың көзін көргендер келбеті ақсары келгенін, дөңгелек жүзді, үлкен­деу көздері қап-қара, әдемі кісі болғанын айтып кеткен. Оның бүгінге дейін төлқұжатындағы суреті ғана сақталған. Сонымен қатар Ақбала күйді қобызда да, шаңқобызда да ойнай білген. Соғыс жылдарына дейін осы екі аспапты да тас­тамай тартып жүрген екен.

Ақбаланың арғы аталары Жандар­бек, Қалдарбек деген күйші кісілер бол­ған. Негізінен Семей жерінен Түр­кіс­тан аймағына, Қызылқұм елді меке­ніне күнкөріс үшін, малға жайлы болғандықтан көшіп келген деседі. Ақбала күйші халық дүниесі талан-таражға түсіп, кәмпескеге ілінген шақты, қазақтың үштен екісі қолдан жасалған аштықтан қырылған өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы қиын-қыстау заманды басынан өткерген. Кейін Ақбаланы да «байдың тұқымы» деп қудалаған соң, Тәжікстан жаққа, тағы бір деректерде Өзбекстанға қоныс аударуға тура келеді. Демек, ол да тағдыр-талайының кермек дәмін татып, тарихи зұлматтың таяғын сезінгенін аңғарамыз.

Ақбаланың күйшілік өнердегі дәуір­леу кезеңі 1917 жылдарға дөп келеді. Қызылдар жеңісіне қол жеткізіп, Кеңес өкіметі орнаған 1920 жылдары Ақбала бір топ бандыны әшкерелуге қатысады. Осы уақытта Ысыраш қожа бастаған бандылар мезгілсіз уақытта бейқам жатқан Ақбаланың ауылына баса-көктеп кіріп, Қызылотау еліне: «Сендер не істедіңдер?», деген сөзді уәж етіп, бір ер-азаматтың шығып жауап беруін талап етеді. Сонда сол ел­дегі Сердалы деген батыр жігіт ел қа­мын ойлап, оларды ауылдастарына тиіс­кізбей, сусыз шөлге алдап алып шығады.

Кейін Сердалыға алданғанын біліп қалған Ысыраш қожа оны ауыл сыртында өлтіріп, сол жерден өз еліне қайтып кетеді. Осы суыт хабарды елден естіген Ақбаланың ағасы Қалдарбек сол елдегі милиция комиссары, Қоңырат руының Маңғытай атасынан шыққан Нақыпбек Шекербековпен бірге бандының соңына түседі. Ысыраш қожамен таңнан түс ауғанша атысады. Осы ұрыста Нақып­бекке оқ тиіп, қаза табады. Нақып­бектің өлгенін білген бандылар қас қарая бұл аумақтан да іздерін суытады.

Осы уақытта аудан орталығынан көмекке жігіттер алып келген Ақбала Нақыпбектің қазасына қатты қайғырған екен. Олар әлі ауылдан ұзап үлгермеген Ысыраш қожаның тобын қуып жетіп, талқандайды. Ал Ақбала Нақыпбектің ерлігі мен қазасына арнап «Қайран На­қып­бек», «Өкініш» атты зар мен мұңға толы күйлерін шығарады.

Нақыпбектің ерлігі күні бүгінге дейін Мырзашөл, Жызақ, Тамды елдерінде аңыз болып айтылады. Оны сол елдегілер «Батыр Нақыпбек» деп атап кеткен. Сол аңызбен бірге Ақбаланың да күйлері дәуір тезінде мұқалмай, өміршеңдігін сақтап келеді.

Ақбаланың 1940 жылы туған Жол­дасбай деген ұлы, 1942 жылы туған Тұрған атты қызы болған. Екеуінің де ғұмырлары қысқа болды, ертерек өмірден озып кетті. Бірақ қазір немерелері бары көңілге медет. Мақтаарал ауданындағы бұрынғы Киров, кейін Фрунзе деп аталған совхозда тұрады.

Ақбала алғаш рет Хадиша деген әйел­мен шаңырақ көтереді. Кейін Күлән есімді қызға үйленеді. Күйші Шағдар Ақыл­бековтің айтуынша, Күлән күй өнерін жете түсінетін, өте сезімтал жан болған.

Ақбала күйші туралы белгілі музыка зерттеуші, қаламгер Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Ақбаланың күйлеріне негізінен өз басынан өткен оқиғалар, өзі куә болған тарихи-әлеуметтік жағдайлар арқау болған. Яғни Ақбаланың күйлері ту­ралы сөз қозғау, өзінен өзі оның ғұ­мыр жолына қыдыра шолу болып шығады».

Саралап қарасақ, Қызылқұм топы­ра­ғында, әсіресе қобызшылар көп туға­нын аңғарамыз. Бірақ оларға Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қобызбен күй ойнауға тыйым салды. Өйткені онсыз да қара халықтың жылағаны жетеді, мұңлы күй, зарлы ән айтылмасын деген бейсауат сөздер айтыла бастады. Осындай өктем де көзсіз бұйрықтың салдарынан Қызылқұмнан да қобыз үні көп естілмей кетті. Тіпті, ұмытылып кетуге шақ қалды. Қобыздың қоңыр сарынын түсінетіндер, түйсінетіндер сиреді. Десе де, Ақбаланың күйлері орындалғанда, қобыздың қоңыр да сана түбіндегі әлдебір сезімді қозғайтын сарыны басымдау келетінін аңғару қиын емес.

Көзкөргендердің естеліктерінде Ақ­баланың күй тартқанда оң қолының қағысы білінбейтіні айтылады. Дом­бырада өте жұмсақ ойнайды екен. Оның домбырасы жеті пернелі болған деген деректер де бар.

Заманында Ақбала Ұлмекен, Айжан, Аянкеш есімді күйші қыздармен күй тартысқан. Олардың тартқан күйлерін Ақбала шаңқобызбен ойнап береді екен. Ал Ақбала ойнаған аспап адамша сөйлейтін сияқты, күйдің астарын құлаққа құйып тұрады. Сананы сілкіп, жүректі тебірентеді. Ақбаланың күйінен дала төсіндегі ат тұяғының дүбірі, зәу биікте қалықтаған қыран құс­тың саңқылы, ну қамысты панала­ған бозторғайдың сайрағаны, көл жаға­сындағы тіршіліктің үні қаз-қал­пында естіледі. Немесе сайын далада желе жортқан желді, көшкен құмды, түн­дігі қайырылып, сүреңі кеткен киіз үйді көз алдыңа әкеледі...

Ақбала өнерінің толысқан шағында Қызылотаудағы ойын-сауық үйірмесінде қызмет етеді. Қазақ өнерінің дамуына үлес қосқан күйші сол тұста «Қазақ биі» деген күй шығарған. Қызылотауда бұл шығармасын қобыз, шаңқобыз аспаптарына қосып ойнаған. Кейін Ақбала бұл шығармасын «Домбыра биі» деп атады.

Музыка зерттеушілері Ақбала күй­лерінің Жетісу мен Сыр бойы күйші­лік дәстүрінің қақ ортасынан арна таратқанын айтып жүр. Өйткені оның туындыларынан Алатаудың асқақ биігін көруге болады, Жамбылдың жырлары естіледі, Бетпақтың бетегелі даласы көзге шалынады, сүлейлердің рухты сарыны құлақ тұндырады. Тіпті, әлдебір Ақбаланың өзіне тән тұмалық, тазалық аңғарылады.

Ақбала 1944 жылы денсаулығына байланысты қарындасы Шәркүл мен күйеу баласы Ақылбектің қолына келіп тұрады. Біз жоғарыда айтқан Шағдар Ақыл­беков – Ақбала күйшінің осы Шәр­күл деген қарындасынан туған жиені.

Шәркүл шаңқобызда ойнаған. Ол Ақбаланың күйлерін аузымен ыңылдап тартады екен. Осы тұрғыдан келген­де, Шағдарға күйшілік өнер ана сүтімен сүйегіне дарыған деуге болады. Онда да табиғи дарын, тума талант бар. Бая­­­ғы­ның құйма құлағының нақ өзі. Әйтпесе, теориялық сауаты кем, оқып-тоқуы аз азаматтың естігенін қос ішектен күмбір­лете беруі нендей құді­рет? Тек оның да есімін уақыт безбені бүгінге жеткізбей, ұмыттырып жібергені қынжылтады.

Сол Шәркүлден туған Шағдар Ақыл­беков ілгеріде мына бір қызықты оқи­ғаны айтып бергені есімізде: «Ақбала күйші домбырамен қатар қобызды да, шаңқобызды да шалған. Ол небәрі 12-13 жасында үкілі тақия киіп, қара жорғаны ерттеп мініп, ел ішін аралап, әр ауылға қона жатып, күй тартып жү­реді екен. Қазақтар үлкен жылан жылы деп атап кеткен, зор аласапыран тудырған 1916 жылға дейін Қызылқұм елі тыныш заман кешкен. Ең өкініштісі, Ақбаланың күйлерін үйреніп, шертіп жүрген шәкірттері Бірінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болып, елге оралмайды».

Шағдардың айтуынша, Ақбала Жаң­қабылов күй тартудан еш жалықпаған. Ол ауырып жүрген шағында да домбырасын қолынан тастамай, шалқалай жатып тартады екен. Күй тартқанда қолының қағысын, домбыраның мойнында зыр жүгірген саусақтарын анық көру үшін сол ауылдағы күйге тәнті бір топ бала, оның ішінде Шағдар күйші де бар, киіз үйдің түрілген керегесінен, шаңырақтың ашық тұсынан шалқалай күй тартып жатқан Ақбала күйшіні тыңдайтын болған. Сол киіз үйдің үстінде, етегінде ұйықтап қалған балаларды шешелері талай оятып әкеткен екен.

1945 жылы Ақбала жанын жегідей жеп, ұзаққа созылған аурудан көз жұмады.

Ақбала күйлерін жеткізуші – Шағдар Ақылбеков

Белгілі күйші Ақбала Жаңқабыл­ұлының күйшілік өнерін көзінің қара­шығындай сақтап, келешек ұрпаққа жеткізген – жиені Шағдар Ақылбеков. 1939 жылы 1 мамыр күні оңтүстік Қа­зақстан аймағына жататын, сол кездегі Сырдария облысының Ильич ауданында дүниеге келген.

Шағдар өз сөзінде: «Мен нағашым Ақбаланың күй тартқанына қатты қызы­ғып өстім. Ол кісі қартайған шағында біздің үйімізде тұрды. Күйді шалқалап жатып күмбірлетіп тартатын. Менің домбыра шертуге әуестеніп жүргенімді сезіп, маған хандым ағашынан домбыра жасатып берді», дейді. Ол домбыра қазіргі таңда Жетісай еліндегі Сыр­дария университетінің фольклорлық кабинетінде сақтаулы тұр. Өсе келе Шағдар сол төңірекке аты шығып, күйші ретінде таныла бастайды.

Жалпы айтқанда, Шағдардың музыка­лық сауаты болмаса да Ақбала күйлерін осы күнге айнақатесіз, нақышын да, қағы­сын да бұзбай жеткізді. Сондай-ақ Шағдар бала күнінен құлағына сіңген Ақбала күйлерімен қатар, Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина сынды күйшілердің шығармаларын есту қабілеті арқылы үйреніп, тартқан. Шағдардың домбыра тартысына, Ақбаланың күйлерін халқына қалтқысыз жеткізгеніне риза болған күй зерттеушісі, белгілі ғалым Ақселеу Сейдімбек мынадай баға берген: «Ақбаланың Шағдардай жиені бар бақытты ғой, бұл Ақбаланың күйлерін жетесіне жеткізді ғой», деген.

Шағдар ауылда дәрігер болып жұмыс істесе де, қара домбырасын қолынан тастамаған. Домбыра тартқанда тек бас бармақ пен сұқ саусақты сипай қағып, жұмсақ қана шерту арқылы дыбыс­ты құлаққа жағымды етіп шығаруды мең­гергенін Ақбаладан үйренген шеберлік деуге болады.

Шағдар 1964 жылы Ресейдің астанасы Мәскеу қаласында болып, әйгілі Кремль сахнасында өнер көрсетеді. Оның «Анама» деген күйі өзінің туған анасына арналған. Анасы Ақбаланың «Сағыныш», «Өкініш» атты күйлерін шаңқобызға салып шалған. «Анама» атты күйді шертпе дәстүрімен тартылатын күйлер қатарына жатқызуға болады.

Шағдар үлкен атасының баласы болып өскендіктен, жеңгелері «Еркежан» деп еркелеткен екен. Сол себептен де ол «Еркежан» деген күйін сол жеңгелерінің ілтипатына арнап шығарған.

Шағдар Ақылбеков күйшілік өнерді, сондай-ақ Рахат деген кісіден де үйренеді. Ол ұстазы жайында мына бір аңыз әңгімені айтқан еді. «Рахат күйші мектепте оқып жүргенде, бір қария ұстап алып, «Сен үйіңе барып домбыра тарт!», деп айтады. Рахат үйіне барып домбыра тартайын десе, ағалары «Сабағыңды оқы», деп домбырасын тығып тастайды. Сол күні түнде ұйықтап жатқанда әлгі қария Рахаттың көкірегіне домбыраны қойып, аяқ-қолын байлап кетеді. Домбыраға қанша құлып салса да ашылып, Рахат домбыраны бірден тартып кетеді.

Осы жайт, Рахатқа домбырасын бермей жүрген ағаларының іс-әрекеті, сол ауылдағы бір шалдың түсіне енеді. Шал: «Біз сонау Арқадан бірге көшіп келген ел едік қой, сенің балаң домбыраны тартпаса, біз елге көшіп кетеміз», депті. Содан олар елден көшіп жатқанда: «Ойбай, анау Рахаттың домбырасын беріңдер, тартсын домбыраны», депті әкесі.

Бұл оқиғадан нені ұғынуымыз керек? Шағдардың ұстазы да қатардағы күйші емес, таланты мен дарынын Тәңір берген, табиғи болмысы да күйші адам болған. Ол сондай жаннан дәріс алған.

Шағдар 1961 жылы шаңырақ көтеріп, отау құрады. Сүйген жары да бағына қарай күй өнерін түсінетін, парасат иесі еді. Сүйген жарына риза болған Шағдар «Ақ отау» деп күй тартады.

Күйшінің Сәдуақас, Тәттімбет, Бек­бала, Бекжан есімді төрт ұлы, Ханшайым, Жәмила, Ұлмекен атты үш қызы бар.

Өнер жолында жүрген адам сол өнерін түсінетін ниеттестерімен кездесіп тұрғаны жақсы. Шағдар Ақылбеков те күй тарта жүріп, аты елге мәлім ірілі-ұсақты күйшілермен дәмдес, дастар­қандас, дос болады. Солардың ішінде әйгілі күйші Жаппас Қаламбаевпен кездесуі айрықша есінде сақталған. Бұл жайында күйшінің өзі былай дейді: «1964 жылы Мақтарал еліндегі халық оркестрімен Мәскеу қаласына концертпен бармақшы болдық. Алматыдан Жаппас Қаламбаев келді. Оның күй тарту мәнері маған қатты ұнады. Мен естіп өскен қариялардың барлығы күйді осылай тартушы еді. Жаппас Шағдарға: «Біз Сүгір күйлерін киіз үйдің сыртынан тыңдап үйрендік. Ол кісі сезіп қойса, «Әй, мыналар тыңдап отыр екен ғой», деп тыңдап отырған жерімізден бұзып жіберетін. Біздің құйма құлақтығымыздан Сүгірдің күйлері осы заманға жетті ғой, әйтпесе жетпес еді», дейді. Жаппас ақсақал сол дыбыстарды қобызға қалай түсірген десеңші?!» деп таңырқайды.

Шағдар қаратаулық күйші Төлеген Момбековпен де кездесіп, күй тартысады. Екеуі 1974 жылы Алматы қаласына келіп, алғаш күй табақтарын да жаздырады. Осы жайында күйшінің мынадай естелігі қалған: «Бізді ол кезде белгілі күйші, өнер зерттеушісі Жарқын Шәкәрім үнтаспаға жазып алды. Төлеген күйшімен де дос болдым», дейді.

1972 жылы Рахманқұл Бердібаевтың шақыруымен Шағдар Ақылбеков арнайы хабарға түседі. Зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің сол уақыт туралы келесі ес­те­лігі қызықты: «Өткен ғасырдың 70-ші жылдарында Шағдар алғаш рет Алма­тыға келді. Шағдардың саусағы сала­лы, қағысы құлаққа өте жағымды, бір күй тартқаннан маған қатты ұнады. Қарақалпақ күйшілерінің іліп тарту мәнері бар шебер күйші. Тарту шебер­лігінде Мұхамеджан Тілеуханов, Дәулет­бек күйші, Төлеген Момбеков, Уәли Беке­нов, Сапаржан Торсықбаев сынды күй­ші­лердің бел ортасынан орын алатын аса ірі тұлғалы күйші», деп өз бағасын береді.

Расында да, Шағдардың күй тарту­дағы мәнері ғажап, тасыр-тұсырдан ада, жібектей есілген дыбысы, қалыпты ыр­ға­ғы бар. Бір кең далаға шығып жұпарын жұтқандай боласың. Бұл жайында өзі: «Күй тартқанда домбыраның құлақ күйін бос бұрап, күйді сөйлете, айтатын ойын жеткізе орындау керек», дейтін.

Шағдар күйші елден жырақ жүрген шақтарында ағайынды аңсап, қоштасу күйінің екінші бір бөлімі іспеттес «Елді аңсау» атты күйін, Қалжан деген досына арнап «Қимас достық» деген күйін шығарады.

«Қазақтың 1000 күйі» антология­сына Шағдар Ақылбековтің өз күйле­рі­мен қатар нағашысы Ақбала Жаңқа­был­ұлының күйлері де енген.

 

Аякөз НҰРСҰЛТАН,

күйші

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше