Президент тапсырмасына орай елімізде сапалы құқықтық білім беру мәселесіне байланысты Сенат депутаттары заң мамандарын даярлаудағы өзекті мәселелерді зерделеу мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне, М.Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ, ІІМ-нің Қарағанды академиясы және басқа да қазақстандық жоғары оқу орындарында болды. Осы отырыста сенаторлар еліміздегі сот-құқықтық реформалар мен құқықтық білім беруді жетілдіру жолдарын талқылады. Сонымен қатар заң білімінің сапасын арттыру мәселелері жөніндегі үкіметтік мекемеаралық жұмыс тобының қорытындысын талқылап, оқытушылар мен болашақ заңгерлердің сұрақтарына жауап берді.
Іс-шараға онлайн режімде қатысқан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов сапалы мамандар даярлау ісі, талапқа сай емес жоғары оқу орындарының лицензияларын қайта қарастырудың маңызы, оқу-әдістемелік кешенді жетілдіру, т.б. маңызды міндеттерге тоқталды. Министр атап өткендей, еліміздегі конституциялық реформаларға байланысты тиісті министрлік тарапынан нақты істер атқарылуда. Осы орайда құқық саласына білікті мамандар даярлау мәселесі өзекті. Жоғары білім алуға байланысты мемлекеттік тапсырыс көрсеткіші соңғы жылдарда екі есеге дейін өскен. Алайда заң мамандықтарына мемлекеттік тапсырыс керісінше азайған. Бүгінде осы бағытта 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл заң мамандықтарына түсетін түлектер үшін шектік балл 75-ке жетті. Сонымен қатар жоғары оқу орындары қосымша емтихан өткізуге мүмкіндік алады. Жоғары оқу орындарын бейіндеу бағытында бірқатар шара қабылданып, оның ішінде бейінді жоғары оқу орындарының оқытушыларына қойылатын біліктілік талаптарын күшейту, білім беру бағдарламаларының реестрін кеңейтіп, цифрлық криминалистика, IT саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл, екі шет тілін білетін жасыл экономика құқығы сияқты инновациялық басымдықтар енгізу көзделуде. Заң білімін жаңғыртуға бағытталған шаралар қатарында министр салалық біліктілік шеңберінің және «Заңгер» кәсіби стандартының жобаларын әзірлеуді, білім беру бағдарламаларын өзектендіруді, салалық мемлекеттік органдардың және жұмыс берушілердің кадрлар даярлауға қатысуы міндетті екенін атап өтті.
Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Владимир Волков еліміздің 2030 жылға дейінгі құқықтық саясат тұжырымдамасында айтылған құқықтық білім беру жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар соңғы жылдары заңгерлерді даярлау сапасы жиі сынға ұшырағандығына тоқталып, мамандарды даярлаудың заманауи жүйесі көптеген оқу орындарымен сипатталатынына тоқталды. «Бүгінгі таңда еліміздегі оқу орындарының 50 пайызы заңгерлер даярлайды. Соңғы 5 жылда 82 мыңнан астам заңгер бітіріп шыққан. Бұл көрсеткіш Жаңа Қазақстанның құқықтық дамуын қамтамасыз етуге қабілетті сапалы заң кадрларын даярлау саласында түбегейлі реформаларды жүргізу қажеттігін көрсетеді. Комитет кейбір жоғары оқу орындарының жұмысымен танысып, әсіресе, сапалы білім беру қызметіне бейім емес, заңгерлерді оқыту ақша табудың тәсілі болып табылатындығына көз жеткізді», деп атап өтті сенатор.
Бұл түйткілді мәселеге Президент Қ.Тоқаев та аса мән берген болатын. Сенатор атап өткендей, заңгер, дәрігер мамандардың қателесуге құқығы жоқ. Өйткені, бұл қоғам мен мемлекетке қауіп төндіреді. Ал заңгерлік тәжірибе көбінесе адам тағдырымен байланысты. Осы орайда тиісті министрлік жоғары оқу орындарын бейіндеу, бейінді емес және талап етілмеген лицензияларды қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. «Құқық» бағыты бойынша біліктілік талаптары күшейтіліп, оқыту сапасы төмен оқу орындары қысқаруда. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатын болады.
Өз кезегінде сенаторлар Қ.Сафинов, Л.Сүлеймен, Н.Бекназаров құқық саласын жетілдіруде, адам құқын қорғауда білікті заңгерлерді даярлау мәселесінің өзектілігіне тоқталды. Сенатор Н.Бекназаров атап өткендей, білікті заңгерлер даярлау ісін күшейту мақсатында кешенді шаралардың іске асып жатқандығын жеткізді. Сенатордың айтуынша, бүгінде құқық саласы мамандықтарын бітіргендердің 60 пайызы ғана өз мамандығымен жұмыс істеп жүр.
«Құқықтық реформаларды іске асыру, жүйедегі түйткілдерді шешу – осы саладағы мамандардың кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бұл бағытта жүйелі жұмыс атқарып келеді», деді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаев.
Аталған университетте заңгерлерді даярлау 1954 жылдан бастап жүйелі жүзеге асып келеді. Осы жылдар ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетінде біртұтас білім беру-ғылыми экожүйесі құрылды. Бүгінге дейін оқу орнын 30 мыңнан астам заңгер бітірген. Түлектер еліміздің мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты қызметтер атқаруда. Ал қазіргі уақытта «Құқық» бағыты бойынша бакалавриат, магистратура және докторантурада 20-ға жуық білім беру бағдарламасы іске асуда. Университет алдағы уақытта да құқықтық білім беру сапасын көтеру жұмыстарын тиімді жалғастыра беретін болады. Ректор атап өткендей, қазіргі уақытта «Оқу-әдістемелік бірлестік» өкілеттіктерін жүзеге асыратын университеттерге жеке рөл берілген. Атап айтқанда, «Құқық» бағыты бойынша қазіргі уақытта бұл рөлді М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университеті атқарады. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың заң кадрларын даярлаудағы білім беру-ғылыми тәжірибесін ескере отырып, біріккен «Оқу-әдістемелік бірлестік» құруға болады. Бұл саладағы ынтымақтастық – ресурстарды шоғырландыруға және заң білімін жаңғырту жөнінде кешенді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Жиынға Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры Т.Сүлейменов, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Ө.Жалаири, Қазақстан ЖОО қауымдастығының перзиденті Р.Алшанов, тағы да басқа оқу орындарының басшылары қатысты.
АЛМАТЫ