Театр • 17 Мамыр, 2022

«Астана опера» – әлем назарында

671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көптеген рейтингілік БАҚ «Астана Операның» оныншы мерейтойлық маусымы туралы әлемнің 40 тілінде жаңалық таратты. Қазақстан өнеріндегі осынау маңызды оқиғаны АҚШ, Канада, Жапония, Қытай, Корея, Италия, Испания, Үндістан, Германия, Аустралия, Бразилия және басқа да елдердің бұқаралық ақпарат құралдары қызу талқылады.

«Астана опера» – әлем назарында

Ірі халықаралық ақпарат агент­тігі Ассошиэйтед Пресс: «Қа­зақстандық «Астана Опе­ра» алғашқылардың бірі болып 2022-2023 жылдардағы мау­сым­ның басталуы туралы мәлімдеді. Салтанатты ашылуы 9 қыркүйекке жоспарланған, көпшілікке әлемдік жұлдыз­дар­дың қатысуымен Гала-опе­ра ұсынылады. Дирижер тұ­ғы­рында – атақты маэстро, «Ас­тана Опе­раның» бас дирижері Алан Бөрібаев», деп хабарлады.

Айта кетейік, былтыр мау­сым­ның ашылуын жарияла­ған театрлар арасында миландық Ла Скала көшбасшы болған еді.

Жапонияның 88 миллион аудиториясы бар танымал CNET жаңалықтар сайты театр директоры Ғалым Ахмедьяровтың пікірінен дәйексөз келтіріп: «Га­ла-опера корейдің белгілі опе­ра әншісі, «Грэмми» сыйлы­ғы­ның лауреаты Суми Чоның қаты­суымен өтеді, сондай-ақ ұжым бірқатар айтулы премьералар ұсынады. Біз көпшіліктің назарына С.Прокофьевтің музыкасына неміс хореографы Рай­мондо Ребектің «Күлше қыз» балетінің жаңа заманауи қойылымын дайындадық. Сонд­ай-ақ маусымның басын­да Балнұр Қыдырбектің «Қалқаман – Мамыр» ұлттық операсының премьерасы күтілуде. Бұдан бөлек, репертуарды жуырда ғана толықтырған керемет балет Иржи Килианның «Алты биі» афишаның сәнін келтіреді. Барлық спектакльдер жоғары деңгейде ұсынылған және Қа­зақ­­станда сұранысқа ие», дейді.

«Астана Операның» айтулы жетістіктерін India Today үнді журналы да атап өтті: «Театрда түрлі бағыт бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде: театрдың Қамқоршылық кеңе­сінің қолдауымен Astana Opera Халықаралық опера академиясы құрылды. Академия қазақ­стандық театрлар үшін ғана емес, шетел театрлары үшін де жас мамандар даярлауда. Сон­дай-ақ «Астана Операда» балалар театр студиясы жұмыс істейді, ол хор және балет секіл­ді екі бөлімді, сондай-ақ театр­лық қолөнерді үйрететін студияны қамтиды. Камералық зал­да бірнеше жыл бұрын опе­ра-буффа жауһарлары шыр­қалатын Piccolo театры перс­пективалық жобасы іске қо­сыл­ды. Балет труппасының көркем­дік жетекшісі Алты­най Асылмұратова репертуарды Р.Петидің «Париж Құ­дай ана­сының соборы», К.Мак­мил­­ланның «Манон» секілді бас­қа да әйгілі спектакльдермен толықтырды».

Ал Europa Press испан газе­тінің журналистері «Астана Операдағы» әрбір оқиға – бұл театр жылнамасындағы дербес жарқын парақтар екенін айтты. «Соның бірі ауқымды гастроль – бес мемлекет: АҚШ, Канада, Франция, Бельгия, Нидерландқа әлемдік турне. Труппа бір емес, бірнеше рет Италия, Испания, Қытай, Оман­ға және басқа да елдерге гастрольмен барып, өнер көрсетті. Театр Қазақстандағы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде таныстырған қойы­лымдар көпшіліктің есінде қал­ды, көрме аясында «Астана Опе­рада» Пласидо Домингоның «Опе­ралия» ХХV Халықара­лық вокалистер байқауы өткен бо­латын. 1 200 музыканттың орын­­­­дауындағы Малердің №8 сим­­­фониясының қазақстандық премьерасы жұртшылыққа ерекше әсер сыйлады. Атал­ған концерттің жазбасы биыл «Мец­цо» телеарнасында көр­сет­іл­ді», дейді испан газеті.

Барлық шетелдік БАҚ «Ас­­тана Операны» туристер­ге, сондай-ақ әлемдік ынты­мақ­тастыққа ашық ел Қазақ­станда осы жылдары орын алған аса ірі жағымды өзгерістерді көрсететін әрі жаңа елорда деген­де бірден ойға оралатын жаһандық жобаға теңегенін атап өткен жөн.