Қоғам • 17 Мамыр, 2022

Қантқа жұмыссыздықтың да қатысы бар

225 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Күнделікті тіршілікте біреуге керек, енді біреуге түк те керегі жоқ тәтті ұнтақтың азық-түлік түрлерін дайындаумен айналысатын көп салаға қатысы бар екенін, тіпті көрші мемлекетте «арнаулы операциялар» басталғанда бірінші болып қымбаттаған тауардың бірі қант болғанын көрдік.

Қантқа жұмыссыздықтың да қатысы бар

Осы жағдайға қатысты мемлекет те қарап отырмай, Ауыл шаруашылығы министрінің 2022 жылғы 4 мамырдағы бұйрығына сәйкес, ақ қант пен құрақ шикізаты қантын шығаруға тыйым салынған болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігіне белгіленген тәртіппен Еуразиялық экономикалық комиссияға аталған шаралардың қолданылғаны тура­лы хабарлау тапсырылған. Аталған бұйрық 2022 жылғы 23 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі.

Ел жоғарыдағыдай қадамдарға барып отырғанына қарамастан, қант жетіспеушілігіне байланысты 15 мыңнан астам қазақстандық жұмыссыз қалуы мүмкін. Неге? Өйткені Ресейден қант шығаруға тыйым салынғандықтан, яғни елде қант жетіспеушілігі салдарынан туындаған проблемаларға байланысты Қазақстан алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығы еліміздің Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ашық хат жолдады. Қауымдастық өкілдерінің пікіріне қарағанда, қазіргі жағдай талай кәсіпорынның жабылуына және соңғы 25 жыл ішінде құрылған бүкіл саланың жойылуына әкелуі мүмкін. Қысқасы, қауымдастық осы жағдайға бай­ланысты аса алаңдаушылық білдіріп, мәлім­демелер жасауға мәжбүр болып отыр. Себебі, қант алкогольсіз сусындарды ғана емес, бүкіл тамақ индустрия­сын өн­діру­дегі негізгі құрамдауыштың бірі бол­­ған­дықтан, аталған қауымдастық мем­ле­кеттен мәселеге назар аударуды сұрайды.

Хат авторлары Ауыл шаруашылығы министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен кездескен кезде алкогольсіз сусындар өндірушілерді қантпен қамтамасыз ету мәселесін бірнеше рет көтергенін айта кету керек. Алайда қазақстандық өндірушілер қанттың жеткілікті екеніне сендіруге тырысқанына қарамастан, қантқа байланысты жағдай әлі де күрделі. Өйткені қазақстандық қант өндірушілер компанияларды тиісті сапаның талап етілетін көлемімен қамтамасыз ете алмайды, қант шектеулі мөлшерде және 100% алдын ала төлем жағдайында жіберіледі, ал компаниялардың көпшілігінде айналым қаражаты жеткіліксіз. Сон­дай-ақ шикізат қантының шек­теулі көлемі­нің, жетк­ізілімдерге қатыс­ты түйткілдер сал­­­дарынан жергілікті өндірістегі қант баға­­сының тұрақты өсуіне жағдай жасалды. Мәселен, соңғы бірнеше аптада қазақ­стандық өндірушілердегі қант бағасы бір килосы үшін 400 теңгеден 460 теңгеге дейін көтерілді және одан әрі өсе береді.

Алкогольсіз сусын өндірушілердің көпшілігі қантпен қамтамасыз етілме­генін және оның қоры бірнеше күндік үздіксіз өндіріске ғана жеткілікті екенін атап кеткен жөн. Егер қант мәселесі жуық арада шешілмесе, онда көптеген кәсіп­орын өз өндірісін жабуға және қыз­мет­керлерін таратуға мәжбүр болмақ. Қазір алькогольсіз сусын өндірісі саласында 15 мыңнан астам адам жан бағып отыр.

Көтеріліп отырған мәселеге қатысты Алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығының жетекшісі Әлия Мамытбаева: «Өздеріңіз білетіндей, Ресей біржақты тәртіппен – Үкіметтің 2022 жылғы 14 наурыздағы № 361 қаулысымен Ресей Федерациясынан ақ қант пен шикі құрақ қантын әкетуге тыйым салды. Бұдан басқа, 2018 жылы Арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде ақ қантты баж салығынсыз әкелуге шектеу енгізілді. Бұл ретте Қазақстанда өн­діріл­ген қант саны бойынша да (қантты тұтынудың жалпы көлемі шамамен 582 мың тоннаны құрайды), сапасы бо­йынша да өнеркәсіптік тұтынушылардың қажет­тіліктерін өтей алмайтынын атап өткен жөн. Сусындар өндірісінде, кейбір түрлерінде экстра санатындағы қант қол­данылады, бұл Қазақстанда өнеркәсіптік көлемде өндірілмейді. Сонымен қатар ТС-2 санатындағы қант қазіргі уақытта өндірушілерге тәуліктік қажеттілікке сәйкес шектеулі режімде беріледі. Бұл өнеркәсіптік өндіріс үшін қолайсыз».

Дегенмен, индустрия жағдайды тұрақ­тандырудың келесідей мүмкін­дік­­терін қарастырып отыр: дағдарысқа қарсы шаралар кешені, оның ішінде 2021, 2022 жылдары шарт жасасқан компания­лармен Ресейдегі экстра санатындағы қантты әкетуге шектеулерді алып тас­тау; квоталау арқылы Қазақстан аума­­ғын­­да ресейлік қантты импорттауға рұқ­сат беру; үшінші елдерден ақ қантты әкелуге арналған арнайы инвестициялық келісімшарттар шеңберінде преференция­ларды жаңарту.

Алкогольсіз сусындарды өндірушілер қауымдастығы өтініш-хатында әкелу мерзімдерін ұзарту мен квоталар көлемін 250-ден 500 мың тоннаға дейін ұлғайту жолымен ЕАЭО-ға мүше емес, үшін­ші елдерден Қазақстан Республикасы­ның аумағына ақ қант пен құрақ шикі қантты әкелуге квоталауды пайдалану­ды жалғастыру қажеттігіне ерекше назар аударады. Ә.Мамытбаеваның айтуынша, аталған шараларды қабылдау қантқа қатысты жағдайды өзгертпей­ді. Жалпы, бүкіл индустрия үшін бұл шиеленісті жағдай болып қала береді. Қазіргі Қазақстандағы қант тапшылы­ғы жағдайында жергілікті дилерлерге бағаны көтеруді манипуляциялауға тамаша қызмет жасалған, ал мемлекеттік органдар тарапынан қантты өнеркәсіп­тік тұтынушыларды қолдау бойынша шешімдер өте баяу қабылданады. Бұл мамыр-қыркүйек айларына тура келетін сату маусымы қызып, сауда жүретін кезеңде тіпті тиімсіз. Дәл осы аралықта ком­паниялардың шикізат, соның ішінде қант қорларын толықтыру қажет. Мұның салдары кәсіпорындардың тоқтап қалуы­на, қызметкерлердің жұмыстан босатылып, яғни әлеуметтік шиеленістің пайда болуына әкелуі ғажап емес.

Сондықтан қауымдастық өкілдері қазақ­­­стандық өнеркәсіптік қант тұтынушы­­лары жергілікті қант өнеркәсібіндегі жағ­дайдың құрбаны болмауы керек, бір сала­ның мәселесі екіншісінің есебінен шешілмеуі керек деп есептейді. Қалай бол­ғанда да, енді екі тарап үшін де пробле­малар дәйекті, тиімді және уақтылы мем­лекеттік қолдау шеңберінде шешілуге тиіс.

Ал елімізде жыл сайын 582 мың тоннадан аса қант тұтынылатынын, оның 50-55%-ын қантты өнеркәсіптік қайта өңдеушілер (кондитерлік өнімдерді, алко­гольсіз сусындар мен шырындар­ды өндірушілер) пайдаланатынын айта кету керек. Сонымен қатар ресми дерек­тер­ге сәйкес 2021 жылы Қазақ­стан Респуб­лика­сына ақ қант импорты­ның көлемі 308,4 мың тоннаға барса, импорт­тың жалпы көлемінде Ресей Федера­циясының үлесі шамамен 90%-ды құрайды.

Құрамына 10 компания кіретін қазақстандық алкогольсіз сусындарды өндірушілер жылына жалпы есеппен 195 мың тонна қант пайдаланса, ай сайын 23 мың тонна тұтынады. Өндірушілердің басым бөлігі қантты жергілікті жеткізушілерден сатып алады.

Бағаның өсу динамикасына тоқта­латын болсақ, 2022 жылдың басынан бері қант 36,1%-ға қымбаттады. Наурыз айының ортасында қанттың бір килосы орташа есеппен 396 теңгені құрады. Бір айдың ішінде бұл баға бірден 33,2%-ға көтерілді, жалпы бір жыл ішінде қант 50,2%-ға қымбаттады. Бағаның ең көп жыл­дық өсуі Алматыда (плюс 70,1%), сон­дай-ақ Қостанай (плюс 64,7%) мен Жамбыл облыстарында (плюс 60,5%) тіркелді.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар