Өнер • 17 Мамыр, 2022

Балықшы

644 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Судан сұрауын тапқан адамды «балықшы» десе болатындай. Ау құрып, қармақ салып ашаршылықтан аттап өткен қазақтың бір нәсібі осы кәсіппен байланыс­ты. Кеңестік кезеңнің кемесінде отырып сүзекі тартқан әжемнің әңгімесі де ескек пен қайықтан әрі аспаушы еді. Картинаға қарап, сол тәтті естеліктер қайта санамда жаңғырғаны…

Балықшы

Белгілі суретші Қанафия Тел­жановтың «Балықшы Дүйсе­тайдың портреті» картинасы портрет жанрына жатады және реализм стилінде жазылған. Олай дейтін се­бе­біміз, ол сол дәуірде кол­хоз­дарға барып, ең­бек­ші­лер­­мен, мәдениет қай­рат­керлерімен және еңбек ер­лерімен кездесе жүріп, эс­киз сыз­ды. Оның алғашқы кар­ти­на­лары тың игеруге, жа­ңа қалалар, өндірістік зауыт­тар құрылысына, яғни Қа­зақстанның тұрмысы мен мәде­ниетіне арналған.

Суреткер Балқаш өзе­ні­нің оңтүстік жағасында ор­наласқан балықшылар ауылы­на арналған бірқатар карти­на жазған. Бұл жерге жиі шы­ғармашылық іссапармен келіп тұрды. Бақсаңыз, аталған шы­ғармасында моторлы қа­йықпен кетіп бара жатқан ба­лықшыны бейнелейді. Бір қа­рағанда өте жинақы портрет, балықшының тұлғасы мөлдір суға қарама-қарсы көрінеді. Кейіпкердің бас киімі мен иы­ғына ақ таң­ба болып түс­кен күннің жа­рығы көл тол­қындарымен ақтаңдақтанып әдемі көрініс сыйлайды. Кө­рерменнің назары күнге күйген, тотыққан және бір қарағанда қатал жүзді ер кісінің келбетіне түседі, оның балықшыға ар­нал­ған брезент плащының жа­ғасынан жел есіп тұр.

Қ.Телжанов картинасында контражур тәсілін қолданған. Мұнда жарықтың сәулесі зат­тың немесе нысанның артынан тү­седі. Контражур – жұ­мыстың сезімталдығы, оның бейнелігі. Заттар сұлба, үлкен таңба болып көрінеді. Сондай-ақ артық бөлшектерді кесіп тас­­тайды, бейнелерді жалпылайды, кеңістікті еркін сезінесіз.

Суретші кейіпкерінің айқын бет келбетін, қалың ернін, әжімдерін, тілімделген ашық маңдайын, терең ойлы көздерін айқын берген. Сол ар­қылы ол қылқалам мен бояу­дың көмегімен қарапайым бей­нелердің артында тұтастай әлем тұрғанын көрсетеді. Кө­рер­мен өнер туындысын кө­ріп қана қоймайды, сол сияқты ойға да батады. Картинада сыртқы қолайлылық, тақырыппен сыр­ғу жоқ. Бұл жерде біз адамға деген эмоционалды терең әрі жылы қатынасты көреміз.