Қоғам • 18 Мамыр, 2022

Қосымша кәсіпкерлікпен айналысқан 23 мектеп директоры айыппұл төледі

612 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматы облысында кәсіпкерлік қызметпен айналысқан 23 мектеп директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қосымша кәсіпкерлікпен айналысқан 23 мектеп директоры айыппұл төледі

ӘҚБтК-нің 154-бабына сәйкес «кәсіпкерлік қызметпен айналысуға тыйым салынған адамның осындай қызметпен айналысуына» байланысты Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның кірістері тәркіленіп, 200 АЕК көлемінде (612 600 теңге) айыппұл салынды.

«Дәл осы баппен облыс бойынша 23 мектеп директоры кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Қазіргі уақытта, білім беру мекеме басшыларының барлығына 200 АЕК яғни, 612 600 теңге көлемінде әкімшілік жаза тағайындалды. Сонымен қатар Алматы облысының 4 мекеме басшысы ӘҚБтК–нің 680-бабына сәйкес «мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауына» байланысты әрқайсысына 50 АЕК (153 150 теңге) көлемінде айыппұл салынды», деп түсіндірді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысындағы Департамент басқармасының басшысы Асқар Садықов.

17 мамырдағы жағдай бойынша, сыбайлас жемқорлыққа байланысты (ӘҚБтК-нің 154, 680-баптары бойынша) 28 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәсіпкерлік қызмет саласына және басшылық тарапынан қабылданбаған шараларға байланысты 28 мемлекеттік қызметші әкімшілік жауапқа тартылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің әкімшілік материалдары бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 10 млн аса теңгені құрады.