Өнер • 18 Мамыр, 2022

Актриса – ақтарылу

28 рет көрсетілді

Ұлттық сахна өнеріне қызмет етіп жүрген актерлер ансамблінің арасында бір жұлдыздың ерекше жарқырайтынын осы шоғырға көз салып, бақылап, бағалап жүрген көрермен жақсы біледі. Таланты толықтай мойындалған, аласармаған асқақ болмысы талайларды тамсантқан. Оның алпыс екі тамырынан туабітті табиғи асқақтық, мінез еркіндігі, қадір-қасиетін сезінген биіктік, бар дүниені құшағына сыйдырғысы келетін кеңдік, ең бастысы, сезімін жасыра алмайтын шынайылық пен жанның нәзіктігі сезіліп тұрады. Сахнаның «Ең әдемі келіншегі» Лидия Кәден барлық образдарын осы мінезімен ашып, көрерменді осы сипатымен баурап келеді.

Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры­ның жас актрисасы Лидия Кә­ден алғаш халыққа «Тамаша» ойын-сауық отауындағы өне­рі ар­қылы танымал болды. Құ­дай­­берген Сұлтанбаев пен Тұң­ғыш­бай Жаманқұлов секілді сах­надағы серіктестерімен бір­ге қоғамның келеңсіздігін күл­кі­ге орап жеткізіп, елге та­ныл­ға­нымен, драма әртісі ретін­дегі дарыны көмескі тартып көп­ке дейін көрінбей жүрді. Бір кү­ні Алматы халқы дүр сіл­кін­ді. Жазушы-драматург Сұл­тан­­­әлі Балғабаевтың «Ең әде­мі келіншек» спектаклінде бас­ты рөлде ойнайтын Лидия Кәден­нің өнеріне екі адамның бірі тамсанып, аңыз етіп айта бас­тады. Лидияның таланты мен драмалық әл-қуаты мықты актриса екенін айшықтаған сол «Ең әдемі келіншек» спектаклі он жеті жыл бойы тек аншлагпен жүрді. Сүйгеніне қосыла алмаған Гүлбаршынның мұңлы тарихы туралы бірінен-бірі естіген көрермен жауын мен қар­ға қарамай, сол күні лек-легі­мен театрға ағылатын. Бұл спек­такль Лидияның бағын, жал­пы, ел ішінде «ТЮЗ» аталып кет­кен жастар театрының жолын ашқан ақжолтай қойылым бол­ды. Ғашығына қосыла алма­ған әйелдің тағдырына толқы­майтын, жыламайтын жан баласы болмайтын. Сонау 1985 жылы сахналанған спектакльдің тоқсаныншы жылдардағы көз алдымызда құлдырап, құрдымға тартқан руханият пен өнердің толықтай тоз-тозы шықпауына бір иығын төсеп, демеу болған спек­такльдердің қатарында осы «Ең әдемі келіншек» те бар еді. Ел сүйіп тамашалаған екпіні қат­ты қойылым репертуарға ұзақ­ уақыт қызмет етіп, 2000 жыл­дың ортасына қарай әрең деген­де ентігін басты. Бұл – театр тари­хында көп бола бермейтін құбылыс.

Құдай оны ең толымды образдармен жарылқады. Лидия сахнада 17 жастағы арудан бас­тап, 70-тегі кейуанаға дейінгі барлық қазақ әйелінің образын сомдап шықты. Жай ғана ойнап шыққан жоқ, терең қат­пар­лы қазақ әйелінің жаны­ның қаншалықты күрделі, қай­шылықты екенін көрсетті. Сахнада Шекспирдің Офелиясы болып сыр шертіп, А.Чеховтың «Шағаласында» Маша болып толғанған, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» Биғайшаның бейнесімен образ жасап, С.Бал­ғабаевтың «Қыз жиырмаға тол­ғанда» қойылымында Гауһар рөлімен ел есінде қалған Қазақ­станның еңбек сіңірген әрті­сі, «Парасат», «Құрмет» орден­дерінің иегері Лидия Кәден күні кеше Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрын­да 70 жас мерейтойына арналған бенефис кешін өткізді. Кеш актрисаның орыс тілінде оқыған «Актриса» монологымен ашылды. Бенефистің басқа тілде басталғанына тіксініп қалған көрермен бірте-бірте актрисаның не себепті дәл осы монологты таңдағанын түсіне бастайды.

Қараңғы сахнада себезгілене түсірілген тілдей жарықтың ас­тынан кең жиекті шляпа киген әйелдің әлдекім емес, актриса екенін көрермен түйсігімен сезеді. Әдемі әйелге өнерде лайық­ты өмір сүру қиын ба? Ак­триса – ақтарылу. Жарқ-жұрқ етіп қайнаған театр тіршілігінің сыртында қандай өмір болып жатыр? Біле ме, сезе ме соны жұрт? Сахнада жан алып, жан беріп ойнап, буырқанған ойынына тамсанған көрерменнің шар­тылдата шапалақ соғып шы­ға­рып салғаннан кейінгі өмір... Жалғыздық. Жабырқау. Жалған­нан безіп кеткісі келіп көз жасын ішіне жұтып, егілу. Содан соң бойды билеген бір сәттік әлсіздік бірте-бірте бәсеңдейді, әдемі ажарын айғыздаған жас құрғайды, ал шырмаған ойдан шынығып алған актриса ертеңінде езуіне үйреншікті күлкісін үйіріп алып, түк болмағандай, театрдағы тынымсыз жұмысына қайта жегі­леді. Осының бәрі не үшін, кім үшін? Әрине, өнер үшін! Құр­бандықты қажет ететін құдіретті өнердің жолында өзін де, өзгені де ұмытып, тағы да алға ұмтылу.

Міне, актриса өмірінің мұ­раты. Тыпыр етпей тыңдаған көрермен барлық өнер адамының тағдырындағы жұмбақ сыр мен мұңды құлақ құрышын қандыра шебер жеткізген Лидияны жа­қыннан тағы да тани түскендей болды. Лидияның ішінен лапылдап от жанып жатқандай осы шындығына бүкіл көрерменді ұмсындырып, лезде отына жылындырып қойды. Шын әртіс сахнасыз өмір сүре алмайды. Тек сахнаға шыққанда ғана өзін толық адам ретінде сезінеді. Осы кеште ол өзінің нағыз халық сүйген актриса екенін көрсетті.

Бенефисте бұдан басқа Лидия сүйіп ойнайтын «Баянсыз бақ» спектаклінен үзінді орындалды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сағызбай Қарабалин мен Лидия Кәденнің Барклей мен Люси Куперлерді ойнаған рөлдері ел есінде мәңгі қалары анық. Әсіресе жарты ғасыр бірге ғұмыр кешіп, үйінен айыр­ы­лып, бірі қызының, бірі қарттар үйінде тұруға мәжбүр болып, екі айырылғалы тұрған қос бейбақтың жастық шағын еске алу үшін соңғы рет бірге қол ұстасып мейрамханаға келетін сәтін тебіренбей, толқымай тамашалау мүмкін емес. Люси–Лидия – ойлы, мұңлы. Бірақ ішін­дегі күйзелісін, жан қайғы­сын сүйіктісінің алдында нәзік күлкісімен жасырып әлек. Өмір бойы бірін-бірі аялап, сыйласқан қос қарияның шын қимастығын көрген көрерменнің көзіне ерік­сіз жас үйірілді. Лидия мұнда да өз ісінің кәсіби шебері екенін көрсетті. «Баянсыз бақты» актриса бекер таңдамаған болуы керек, себебі бұл спектакль­де актер мен актрисаның сезімін, мұңын ашып көрсететін мағыналы диалог, сұлу қозғалыс бар. Қазақ сахнасына еңбегі сіңген әртіс осы рөлі арқылы әлі де шығармашылық бабында екенін, ең үздік рөлдерінің әлі де алда екенін меңзегендей болды. Кәденованың күш-қуаты бәріне жетеді: бұл кеште актриса төгілтіп жыр оқыды, ән де шырқады, жас­тармен бірге жұлқынып би де биледі. Көрерменді бұрқ-сарқ қайнаған шығармашылығымен қуандырып, қызықтырып келе жатқан актриса өзіне, кәсібіне адал екеніне көрерменін сендіре түсті. Лидияның өнерін қызықтап отырып, 70 дегеннің жай ғана сан екенін түсінесің. Ширақтығына, жігеріне, құлшынысына қарап, қазақ сахна өнерінің падишасы екеніне шек келтіре алмайсың. Кеш соңында актрисаның өнер­дегі ағалары мен үзеңгілес әріп­тестері ақжарма тілегін ақтарып, құттықтау-лебіздерін білдірді.

Асанәлі Әшімов, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі: «Лидия Кәден – үлкен актриса. Алғаш Құдайберген Сұлтанбаев, Тұңғышбай Жаман­құлов, Лидия Кәден бастаған «Тамаша» үлкен өнер болып қалыптасып еді. Көзкөрген ха­лық сол «Тамашаны» осы уа­қыт­қа дейін ұмытпайды. Әзіл-сы­қақ арқылы қоғамның күрделі мәселелерін шешетін. Өйткені бұлар келістіріп көрсете алатын нағыз шеберлер болатын. Ең бас­тысы, жақсы актер дегеніміз – жақсы адам. Таза адам. Сахна шындыққа, әділдікке үйретеді. Лидия біздің сондай адам. Көп қыздар Лидиядан үлгі алып, үйренсе, жақсы болар еді».

Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның халық әртісі: «Ли­­дия – ерекше адам. Ерек­ше өнер қайраткері. Өнер – білек­тің емес, жүректің ісі. Асе­кең айтқандай, осы сахнада біздің де теріміз тамды. Сахнада Серағаң­дардың қамшы­сын алып беріп, қасында жүрдік. Жастық шағымыз осында өтті. Ақыл-есіміз, көңіліміз осы театрдың залында болды. Залдағы көрермен­мен бірге қуандық, мұңайдық, шерлендік. Бұл ат басындай ал­тынға да айырбасталмайтын керемет кезең, ғажайып уақыт еді. Қазақстан Театр қайраткерлері одағына 60-қа тарта театр қарайды. Оның 3 000-ға таяу мүшесі бар. Одақ биылдан бастап жылына бір театрдың әртісіне ерекше еңбегі үшін «Дара» деген медалін беруге шешім қабыл­даған болатын. Ұлттық театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін «Дара» медалімен Лидия Кәден марапатталады».

Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы Ұлттық театрдың директоры: «Ұзақ жылдардан бері театр өнерін зерттеп, «бұл өзі не өнер?» деген мәселені тереңінен қазып, қызыға қадағалап келе жатқан адаммын. Расында да, біздің соңғы буын «актердің энергетикасы», «актердің қуаты» деген мәселенің бетін ашып, жіліктеп айта алмай жүрген жайымыз бар. Дәл осы сұраққа келгенде, өз басым Лидия Кә­денді үлгі етіп айтамын. Ол сахнаға шыққанда үндемей тұрса да, отырғандарды толқытып жіберетін дара актерлердің бірі. Режиссер М.Ахманов сахналаған «Желтоқсан» спектаклінде Ли­дия апам орыс әйелінің рөлін­де ойнайды. Басы ауырып, көршісінің үйіне келетін шағын сахна бар. Желтоқсанда қазақтың ендігі тағдыры қалай болары белгісіз болған абыр-сабыр түнде жаны бар, жүрегі бар орыс әйелі қазақ көршісінің намысын жанып, сілкіп, қайрап жібереді. Сол спектакльді көріп отырғанда мен Лидия апамның сол әрекетіне сенемін. Өйткені ол сахнада өтірік айтатындарды, өмірде жалған сөйлейтіндерді, жақынын сататындарды, жалпы, ізгілікке жат іс қылатын нашар адамдарды көзқарасымен-ақ орнына қойып жүретін адам. Тіпті театр басшыларының өзі оның алдында өтірік айтудан именіп тұрады. Себебі адам адамнан қорықпайды. Адам шындықтан қорқады. Меніңше, апамның алдында өтірік айту мүмкін емес. Дархан көңіліңіз, таза жүрегіңіз, әдемі ажарыңыз, дара талантыңыз жасай берсін, апай!».

Кеш соңында балалар мен жастар театрының жас, орта, аға буын әртістері тұтас сахнаға шықты. Мұның да мағынасы тереңде жатыр. Бүгінде театр анасына айналған талантты актрисаның ізін басқан жас буын осы шеберліктен үлгі алып, сахнаны толтырып, өнерді жаңа сапамен өрістете бермек.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырғандар көбейді

Коронавирус • Бүгін, 10:29

Газеттер «сөйлеген» күн

Қазақстан • Бүгін, 08:34

Түркияда бақ сынайды

Спорт • Бүгін, 08:33

Әбиба қола алды

Спорт • Бүгін, 08:32

«Уимблдон» додасы басталды

Спорт • Бүгін, 08:30

Байтұрсыновқа арналған байқау

Ахмет Байтұрсынұлы • Бүгін, 08:22

Мемлекетті айыптап отыр

Әлем • Бүгін, 08:17

Сал-серінің соңы

Қазақстан • Кеше

GGG – CANELO: Ер кезегі үшке дейін...

Кәсіпқой бокс • Кеше

Алаш ардақтысын түркі әлемі ұлықтады

Ахмет Байтұрсынұлы • Кеше

Ұқсас жаңалықтар