Бұл қылмыстық істің ерекше назар аударарлығы – оның мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты екенінде. Антикордың мәліметіне қарағанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы мен бөлім басшысы мүгедектікті кедергісіз ұзартып беру үшін 30-70 мың теңге аралығында пара алып келген көрінеді. Мұндай «ақылы қызмет» онсыз да мемлекеттен алатын жәрдемақысын шайлығына әрең жеткізіп жүрген кембағал адамдардың ашу-ызасын туғызып, жанайқайлары ақыры Антикордың да құлағына шалынғаны анық.
Пайымдап қарасақ, мүгедектігі бар мүсәпір жандардан пара дәмету үшін қаншалықты арсыз, имансыз, қатыгез, құлқынның құлы болу керек десеңізші?!
«Естімеген елде көп» демекші, бұдан бірер жыл бұрын еліміздің батыс аймағындағы басқа бір облыс орталығында болып, жергілікті әлеуметтік қызметкерлермен кездескенімізде олар сөз арасында бізге сырт көзге сап-сау көрінетін, әрі автокөліктің анау-мынауын емес, аса қымбат тұратын «Джипін» мініп жүйткітіп жүрген кейбір алпамсадай жігіттердің мүгедектігі бар адамдар ретінде мемлекеттен жәрдемақы алатынына таңданатындықтарын айтқан еді. «Ондайлар мүгедектігі бар екені туралы қағазды қолдан жасатып, мемлекеттен алатын жәрдемақы есебінен машиналарының бензинінің құнын өтеп жүрген қулар секілді», деп күлген болатын. Расында да, Атырау облысы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментіндегі сияқты, мүгедектігі бар туралы анықтама параға ұзартылып қана қоймай, сатылатын да болса, тепсе темір үзетін жігіттердің арасынан осындай «батпан құйрыққа» кетәрі болмайтындар шығуы әбден мүмкін. Сондықтан бұл салада жаппай тексеріс жүргізіп, темірдей тәртіп орнатуға күш салатын кез келген тәрізді.
Ал Қаржы мониторингі агенттігі Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері биылғы қаңтар айында «Қамқор» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында жергілікті Ардагерлер үйінің қызметкерлерін сол мекемеде тұрып жатқан 25 зейнеткер мен мүгедектігі бар адамның жалпы сомасы 1,3 миллион теңге зейнетақысы мен жәрдемақысын жымқырып, өзара бөлісіп жатқан сәтінде қолға түсірген. Олар мұндай қылмыстық «кәсіппен» бес жыл бойы айналысқан болып шықты.
Осы орайда қуаты тайған қариялар мен мүгедектігі бар адамдарға жанашыр болады деген үлкен сенім жүктелген басшы кадрлардың адамгершілік деңгейінің қандай екені, ең алдымен, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің шенеуніктерін қатты ойландыруға тиіс. Бәлкім, мемлекеттік қызметшілердің парасаттылығын һәм жемқорлықтан адалығын тексеруге арналған Integrity check тетігін осы министрліктің халықпен қоян-қолтық жұмыс істейтін өңірлік департаменттері мен жер-жердегі Ардагерлер үйлерінің басшыларына да қолдану керек шығар. Алайда аталған министрлік әзірге бәрін қағаз жүзінде «қатырып» жатқанға ұқсайды. Мәселен, 2021 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі медициналық-әлеуметтік сараптаманың барлық бөлімшелерінде бейне-бақылау жүйесін және азаматтардың әртүрлі органдарға сабылып, қағаз толтыру машақаты мен қызмет көрсетушілермен тікелей байланысын болдырмай, мүгедектік белгілеу үшін оны қашықтан өткізу форматын енгізуді қамтамасыз етті», деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Бірақ Атырауда әшкере болған сорақы жағдай сөз бен істің арасы жер мен көктей алшақ екенін көрсетіп берген сияқты. «Домбырам не дейді, мен не деймін?» демекші, «Министрлік не дейді, ал оның департаменті не істейді?», деген сауал көкейге келіп, қынжылтып-ақ тұр.