Жылу мәселесі шешілмегендіктен кейбіреуі мұндағы үйлерін саяжай ретінде пайдаланады. Қыста құлыппен «қаруланып», терезе-есікті шегелеп, облыс орталығындағы үйінде күнелтеді. Ал көбі қысы-жазы осында тұрады. Жалғыз баспанасы – осы. Амалсыздан ауылдың халқы сияқты көмір жағуға мәжбүр. Отынның шығыны өз алдына, әуежай аспанында жайылған көк түтіннің экологиялық зардабы да бар емес пе? Оған бас қатырып отырған шенеуніктер жоқ. Кезінде уәдені үйіп-төккен шенділер зейнеткерлікке шығып кеткен де болар...
Тұрғын үйдің іргетасы қаланған уақытта мәре-сәре күй кешкен Мақсат Ешмұратовтың қазіргі көңіл күйі көтеріңкі деу қиын.
– Жеке тұрғын үй құрылысы жобасында орталықтандырылған жылу жүйесі қарастырылған. Мен жер алған уақытта құбырлардың төселгенін көрген едім. Кейін белгісіз себеппен оны қайтадан суырып алыпты. Содан бері құбыр да жоқ, жылу да жоқ. Бүгінде мұнда үй салғандардың басым бөлігі сусыз, жарықсыз отыр, – дейді М.Ешмұратов.
Қалалық құрылыс бөлімі басшылығының мәліметінше, жобаның сараптамасы дайын болған соң желілерді тарту үшін республикалық бюджеттен қаражат сұралмақ. Егер қолдау тапса, биыл тиісті жұмыстар қолға алынбақ. Кеш болса, келесі жылы жалғасатынына сендіруде.
Әкімдіктің жауабына тұрғындардың разы болмағаны анық. Республикалық бюджет сауын сиыр емес. Одан да маңызды жобалар жетерлік. Сонда республикалық қазынадан қаражат бөлінбесе, желілер тартылмайды деген сөз бе? Тұрғындар тағы 10 жыл күтуі керек пе? Не десек те, жергілікті билік уәдесінде тұрып, қолға алған шаруасын соңына дейін аяқтауға тырысады деген үміт бар. Тұрғындардың тілегі сол.
Павлодар облысы