Қазақстан • 19 Мамыр, 2022

Телевизиялық байқау жеңімпаздары анықталды

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Qazaqstan телерадиокорпорациясы жазушы-публицист, өнертанушы, телевизия қайраткері Камал Смайыловтың 90 жылдығына және тележурналист, жазушы, қоғам қайраткері Сағат Әшімбаевтың 75 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жалын» телевизиялық жастар байқауының қорытындысын жариялады.

Телевизиялық байқау жеңімпаздары анықталды

2022 жылғы 15 сәуірден бастап конкурсқа республикалық, аймақтық телеарналардан, ақпараттық агенттік журналистерінен, жоғары оқу орын­дарының студенттерінен түрлі жанрда 60-қа жуық шығармашылық жұмыс келіп түсті. Телерадиокорпорация тарапынан арнайы құрылған комиссия 4 үміткердің жұмысын үздік деп таныды.

Әр аталым бойынша байқау жеңім­паздары:

«Үздік деректі фильм» аталымы бойынша Камал Смайылов атындағы жүлдені Kokshe kontent ақпарат агент­тігінің тілшісі Ұлан Зейнелқабден ие­ленді («Қарағанды лагері – қара таң­ба» деректі фильмі);

«Үздік режиссерлік жұмыс» аталымы бойынша Камал Смайылов атын­дағы жүлдемен Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының III курс студенттері Анель Оразгелді және Зере Амангельдинова марапатталды («Бейсен Құранбек» деректі фильмі);

«Үздік авторлық бағдарлама» аталымы бойынша Сағат Әшімбаев атын­дағы жүлдені Turkistan телеар­насының тілшісі Айдос Игіліков иеленді («Жедел желі» бағдарламасы «Абақтыдағы ару» шығарылымы);

«Үздік сюжет» аталымы бойынша Сағат Әшімбаев атындағы жүл­дені Сәт­баев қалалық Aqsham телеар­на­сы­ның тіл­шісі Еркеназ Шоқан иеленді. («Төл жур­налистиканың қамалы» сю­жеті»);

Үздік шыққан жоба иегерлері 500 мың теңге қаржылай сыйлықпен марапатталды.

«Біздің мақсатымыз – жас журналис­тер арасында Қазақ телевизиясының бастауында тұрған тұлғалар есімін ұлықтау және жас әріптестеріміздің шығармашылығына қолдау көрсету. Үздік деп танылған жұмыстардың негізінде Камал Смайы­лов пен Сағат Әшімбаев кезінде әрбір авторлық жобасында көздеген ұлттық мақсат-мүдде жатыр. Әрбірінде бір тақырып арқылы ауқымды мәселе қамтылған. Келіп түскен жұмыстарды іріктеуде техникалық және шығарма­шылық ізденістен бөлек, осы жайттарға мән берілді», – деді басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Телевизиялық «Жалын» жастар кон­курсы Qazaqstan телерадиокор­пора­циясының бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылып отыр.