Спорт • 19 Мамыр, 2022

Алтын қыз

470 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шара десе, қазақтың маңдайына біткен биші қызы ойға оралады. Ал әңгімеміздің кейіпкері Шара Хамзина спорт саласында маңдай терін төгіп, халықаралық жарыстарда облыс былай тұрсын, ел намысын абыроймен қорғап жүр. Алысқа бармай-ақ қояйық, ержүрек қыз 12-15 мамыр күндері Түркияда өткен Әлем кубогында алтыннан алқа тақты. Осылайша, екінші рет аталған жарыста топ жарып отыр.

Алтын қыз

Оның келбетіне, дене бітіміне көз жүгірткен жан көркем гимнастикамен айналысады деп топшылауы мүмкін. Үш мүмкіндік берілсе де, дәл таба алмай­тынына сенімдіміз. На­мысшыл ару кикбоксингпен айналысады. Иә, қағыс естіген жоқсыз. Шара аталған спорт тү­рінен халықаралық дәрежедегі спорт ше­бері және жекпе-жектен спорт ше­бері!

– Спорттық жолымды 2013 жылы бас­та­дым. Ол кезде 19 жаста едім, «қо­лымды мез­гілінен кеш сер­медім» деу­ге болады. Спорт­қа кіш­кен­тай кез­ден бастап барады ғой. Мен болсам, сол жасқа дейін бірде-бір спорт сек­циясының босағасын аттап көрмеппін. Көбінің қоятын сұрағы бір. «Неге ерлерге тән спорт түрін таңдадың?» деп қызығушылық танытады. Бала кезімде теледидардан төбелес туралы кинолар жиі көрсетілетін. Солардың бірі танымал актер Жан Клод Ван Дамм түскен «Кикбоксер» деген туынды болатын. 9-сыныптан бастап кикбоксинг спортына қатты құмарта бастадым. Кейін оқуда түрлі емтихандарға дайындық кезеңі бас­талды. Осы­лайша, 11-сыныпқа дейін спорт туралы мүлдем ойлаған емеспін. Мектепті тәмамдап,

колледжге оқуға түскен кезде кикбоксинг секциясына жазылдым. Шынымды айтсам, спорт менің өмірімді қатты өзгертеді деп ойламаппын. Ал­ғаш­қы бапкерім  – кикбоксингтен ха­лықаралық дәрежедегі спорт шебері Ерсайын Қасамбаев. Жарты жылдан кейін Қазақстан Республикасының ең­бек сіңірген жаттықтырушысы Сабыржан Жақыповтан тәлім ала бастадым. Алғашқы жарысым 2014 жылы Қарағанды қаласында өткен Қазақстан кубогы сарапқа салынған бәсеке еді. Онда күміспен күптелдім. Бұдан кейін бапкеріммен бірге қателіктерімді тү­зеп, алтын медаль аламын деген мақсат қой­дым. Ты­нымсыз дайын­дық­тың арқасында арманыма жеттім де. 2016 жылы өт­кен ел чемпио­на­тында же­­ңімпаз ата­нып, кикбоксингтен спорт шебері нор­ма­тивін орын­дадым. Сон­дай-ақ ұлттық құ­­­­раманың қа­­та­­­рына қа­был­дандым. Осы­лайша, ха­лық­­ара­лық жа­рыстарға қа­­ты­са бастадым. Ендігі мақсат ха­лық­аралық дәрежедегі спорт шебері атағына қол жеткізу еді. Оған 5 жыл уақыт қа­жет болды. Былтыр Будапешт (Ма­жарстан) қаласында өткен Әлем ку­богы жарысында алтыннан алқа тағып, тағы бір мақсатым орындалды. Әрине, әлі де биік армандар аз емес. Жас спортшыларға ай­тарым, мақсатыңа қол жеткізу үшін жал­қаулыққа салынбай, аянбай тер төгу керек. Алынбайтын қамал жоқ екенін ұмытпаңыз, – дейді Ш.Хамзина

Бүгінде спортшы қыз келесі жа­рыстарға тыңғылықты дайын­далуда. Оны сұхбат алу үшін хабар­ласқан сәтте аңғарып үл­гердік. Те­лефон арқылы 10-15 ми­нут ақ­парат берді де, қайтадан спорт залына кіріп кетті.

 

Павлодар облысы