Референдум • 19 Мамыр, 2022

Саяси реформалар ел көкжиегінің кеңеюіне бастайды

432 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Конституциялық реформалар мен әлеуметтік даму моделін трансформациялаудың өзекті мәселелері Қазақстан әлеуметтану­шылары қауымдастығы мен Философия, саясаттану және дінтану институты мамандары ұйымдастырған республикалық конференция барысында талқыланды.

Саяси реформалар ел көкжиегінің кеңеюіне бастайды

Ғылыми-зерттеу ұйымдары мен әлеуметтану, онымен сабақ­тас қоғамдық ғылымдар саласы­ның жетекші сарапшылары консти­туциялық реформалар кезеңіне дайындық барысына, Жаңа Қазақ­станның қоғам алдында тұрған жаңа міндеттерді шешудегі басым­дықтарына тоқталды.

Конференцияны алғысөзі­мен ашқан Қазақстан әлеуметтану­шылары қауымдастығының вице-президенті, Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры, академик Серік Сейдуманов құрылғанына 20 жыл толып отырған қауымдастықтың мақсат-міндеттеріне тоқталды.

«Мемлекет басшысы ұсын­ған Жаңа Қазақстанның тұжырым­дамасы қоғамның қай саласында болсын қызу талқылануда. Мақсатқа жетудің саяси-құқықтық негізі – конституциялық реформалар болып табылады, ал оған халық­тың ерік білдіруінің нәти­жесі жалпыұлттық референдумнан көрініс табатыны сөзсіз. Бұл оқиға елімізде жаңа «сая­си маусым» ашып қана қоймай, қазір­гі мемлекеттілігіміздің жаңа көк­жие­гіне айналады деп санаймын. Халық қаңтар оқиғасынан кейін билікке үлкен үмітпен қарап отыр. Осы орайда қоғам шынайы жаңа демократиялық жүйеге дайын бола отырып, саяси өзгерістерге атсалысады деуге негіз бар. Мемлекет басшысы ұсынған саяси реформаларды енгізу үшін Ата Заңымыздың басым бөлігіне өзгеріс керек. Сарапшы­лар қауымы осы қадамдардың ерекшеліктерін, мемлекеттік инсти­туттардың одан әрі дамуының тәуе­келдері мен мүмкіндіктерін, бүкіл саяси ландшафтағы өзгерістер сұл­басын түсініп, талқылауы да ма­ңызды», деді С.Сейдуманов.

Қазақстанның әлеуметтану­шыларын арнайы құттықтап, хат жолдаған Президент Әкімші­­лігі басшысының орынбасары Аида Балаева Президент Жолдауы қарқынды әлеуметтік-саяси өз­герістерге жол аша отырып, әлеу­мет­танушыларды Жаңа Қазақ­стан мен Екінші Республика­ны құрудың жасампаздық процесіне белсенді қатысуға ша­қы­ратын­дығын мәлімдеді. Қазақ­стан әлеу­меттанушылары қауым­дас­тығының президенті, Қазақстанның Чех Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжин еліміз үшін сындарлы кезеңде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыз­дылығын атап өтті.

Жиын барысында сарапшылар бүгінгі қоғамдағы ахуал, әлеуметтік-саяси көңіл күй барысына сараптама жасай отырып, дәл қазіргі жағдайда ел дамуында ескеретін маңызды жайттарды саралады. Мәселен, профессор Мәнсия Садырова қоғамдағы жастардың белсенділігіне қатысты мәселені көтерді. Сонымен бірге әлеуметтік сая­сатта еңбек нарығындағы сұра­ныс пен кадрлар арасындағы үйле­сімге мән беру керектігін алға тарт­қан сарапшы алдағы бес жыл­дықтағы еңбек нарығының талаптарын ескере отырып, технократ, кәсіби, сапалы мамандар даярлау ісіне көңіл бөлудің әлемдік бәсе­келестікке жол ашатындығына тоқ­талды. Тұлғаның жауапкершілігі, белсен­ділігі, материалдық жағдайы­на жауапты бола білуі сияқты фак­тор­ларды тілге тиек еткен сарап­шы: «Жаңа ғасыр эмоциямен емес, рацио­налдық талаптармен өмір сүру­ді қажет етеді. Заманнан кере­гін алу, тәуекелге бел буу, тіл үй­рену, ІТ технологияларды меңге­ру, еңбекқор болу бүгінгі жас маман­ға аса қажет», деді. Осы орайда ашық­тық, қоғамға бейімділік, отан­сүй­г­іштік, рухани дамуды әлеу­мет­тік-экономикалық дамудың бір бөлшегі ретінде қарастырған М.Садырова қаңтар оқиғасының себеп-салдарын, әлеуметтік құн­ды­лықтардың стратегиялық ба­сым­дықтарды жүзеге асырудағы ғылыми негіздерін атап өтті.

Қоғамдағы белсенділік мәсе­ле­сіне мән берген сарапшылар рес­публика тұрғындарының рефе­рендумға қатысу туралы ахуалына назар аударды. Қазіргі кезде халықтың қоғамдағы өзгерістерге қызығушылығы артып келеді. Инс­титуттың қоғамдық пікірді зерттеу орталығының жетекшісі Гүлжан Әлімбекованың айтуынша, бұл тұста ақпараттандыру жұмысына көп көңіл бөлген жөн.

Жұртшылықты қажетті дең­гейде ақпараттандыру мәсе­лесін құптаған Мәжілістің депутаты Айгүл Құспан: «Қарапайым жұртшылық күнделікті тыныс-тіршілігімен жүріп, референдумды жеткілікті түсіне бермеуі де мүмкін. Сондықтан жұмыс тобы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, еліміздің дамуына бағытталған стратегияның мәнін жеткізуге күш салуда. Бүгінде қалың көпшіліктің әлеуметтік желілердегі қаржы пира­ми­далары, тексерілмеген ақпа­рат­тарға сеніп қалатын жағдайлары жиі кездеседі. Ол үшін ақпараттандыру жұмыстарымен қатар өңірлерде жүзеге асып жатқан бағдарлама­лар барысын да түсіндіру маңызды», деді. Ауыл тұрғындарының жағ­дайы, жас мамандарды ауылға тарту мәселесі туралы көзқарасын білдір­ген А.Құспан бұл бағытта кәсіби сарапшылардың пікіріне құлақ асу қажет екенін алға тартты.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым­ның айтуынша, бүгінде қоғам үл­кен өзгерістерді бастан өткеруде. «Әрине, Жаңа Қазақстанға қадам бас­қан тұста айтылатын сын көп. Дегенмен референдум саяси құры­лыс­тың өзгеруімен, әлеуметтік-эко­но­микалық бағдарламалардың ілгерілеуімен байланысты. Осы орайда міндетті заңдардан бөлек Әлеуметтік кодекс қабылданады», деп атап өтті депутат. Жиында білікті мамандар, демографиялық ахуал, жастардың болашағы туралы ойын ашық білдірген сарапшы: «Бүгінгі жағдайымызды барлай қарағанда келешектің жағдайын жасауға, ұлттық идеологияға мән берудің келешегі зор», деді.

Қоғамдағы ахуал жайын сөз ет­кенде институттың бас ғылы­ми қыз­меткері, философия ғылым­дары­ның докторы Елена Бурова бүгінгі қазақстандық менталитет, этнорационалды құрылым барысына тоқталды. Осы орайда профессор бүгінгі құндылықтар төңірегінде ой қозғап, қоғамның өзгеріске дайындығы, болашақтан не күтетіндігіне байланысты деректермен бөлісті. Қоғамда жеке бастың қамына баса мән берілетіндігі, азамат­тық белсенділіктің төмен­дігі, діни көзқарастағы және дін­ге сенбейтіндер арасындағы алшақ­тық, олардың қоғамдық мүд­деге жұмыла кіріспейтіндігіне қатысты жайттарды негізге алып, осы тұрғы­да терең зерттеулердің қажет­тігін алға тартты.

Еліміздің, сондай-ақ Орталық Азия елдеріндегі соңғы өзгерістер­ге жан-жақты тоқталған Paperlab зерт­теу орталығының директоры Серік Бисембаев Инглхарт әлем­­дік карта сипаттамасы бо­йын­ша қазақстандықтарды бәрінен бұ­рын тұрмыс-тіршілік қамы мен қауіп­сіздік мәселесі алаңдататынын алға тартты. Осы орайда сарапшы Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжік­станмен салыстыра отырып, елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал, гендерлік теңдік, демографиялық көрсеткіштерге, саяси белсенділікке тоқталды. Соңғы жылдарда Орталық Азия елдерінде белең алған ксенофобия, ажырасу, зорлық-зомбы­лық сияқты кереғар факторларға бай­ланысты салыстырмалы көрсет­кіштерді ұсынды. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамында адам дамуы­на кері әсер ететін жайттармен күрес, кемшіліктерге қатысты тиіс­ті ор­гандарға сын айту сияқты қоғам­ды демократияландыруға бағыт­талған өркениетті қадамдар бар.

Жиын барысында Қазақстан әлеуметтанушылары кәсіби сарапшылар қоғамдастығын біріктіре отырып, ұлт мүддесі жолында социологиялық білімді дамытумен қатар Жаңа Қазақстандағы реформаларға ғылыми-талдау жасап, қоғамдастықты күшейтудің маңызына мән берді. Осы орайда бұл платформада 7 ұлттық әлеу­меттік конгресс, түркітілдес әлем әлеу­меттанушыларының екі кон­гресі, ел дамуының әлеуметтік-саяси және халықаралық күн тәрті­біне арналған оннан астам халық­аралық конференция жоспарланып отыр. Жиында қауымдастықтың 20 жылдығына орай «Қазақстан әлеуметтануы» энциклопедиясының таныстырылымы өтті.

 

АЛМАТЫ