Референдум-2022 • 20 Мамыр, 2022

Семейге серпіліс беретін бастама

348 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов референдумның мән-маңызын түсіндіру үшін жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына барды. Алдымен Семей қаласында болып, өңір жұртшылығымен кездесті. Бұл жөнінде Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Семейге серпіліс беретін бастама

Ерлан Қошанов жиында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев­­тың бастамасымен қазір еліміз­де ауқымды өзгеріс болып жат­қанын айтып, өңір халқын Абай об­лысының құрылуымен құттық­тады.

– Семей – Алаш арыстарының басын қосқан қазақ руханиятының қара шаңырағы. Сондықтан тарихи тұрғыдан қарайтын болсақ, аумақтық жағынан, халық саны жағынан алсақ та, әділ шешім болды деп ойлаймын. Ендеше, сіздерді сол тарихи әділеттіліктің орнауымен шын жүректен құттықтаймын, – деді Палата Спикері.

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, Президенттің Абай облысын құру туралы шешімі аймақтың одан әрі өркендеуіне тың серпін береді.

– Абай өңірі, Семей жері та­рих­тың жаңа парағын ашты. Біз Абай облысының шаңырағын халқы­мыз­бен, Президентімізбен бірге көте­ре­міз. Осы істе Парламент Мәжілісі, Amanat партиясы да сіздермен бірге болады, – деді Мәжіліс Спикері.

Е.Қошанов ел тағдырын айқын­дайтын үлкен мақсат-міндет­терге тоқталып, ол жалпыхалықтық референдумнан басталатынын атап өтті.

– Жаңа Қазақстан дегеніміз не? Қазір ең жиі қойылатын сұрақ осы. Президент жуырда бұған нақты жауап берді. «Ол – Әділетті Қазақстан» деп дөп басып айтты. Ал жаңақазақстандық қандай болуы қажет? Мұны осы топырақта туған ұлы Абай бір жарым ғасыр бұрын айтып кеткен. Ол – бес нәрседен қашық боп, бес нәрсеге асық болу. Қарап отырсаңыздар, Абай философиясы Президентіміздің Жаңа Қазақстан туралы көзқарасымен толық үндесіп тұр. Сондықтан жастарды білімге, еңбекке баулу, осы бес қасиетті бойына сіңіру маңызды, – деді Палата Спикері.

Ерлан Қошанов Президент реформаларының жаңа мүмкін­дік­терге жол ашатынын айтып, алдағы уақытта Парламенттің рөлі күшейе­тініне, еліміздің сайлау жүйесінде де бірқатар өзгеріс болатынына мән берді.

– Әкімдер сайлауы ел арасында жиі айтылып жүр. Біз оған кезең-кезеңмен келе жатырмыз. Былтыр елімізде 1 мыңға жуық ауыл әкімін халықтың өзі сайлады. Келер жылы аудан әкімдерін сайлауға кірісеміз. Облыс басшыларын тағайындау мәселесіне келер болсақ, бұрын Президент ұсынған жалғыз кандидат 20-30 облыстық мәслихат депутатымен келісілетін. Енді Мемлекет басшысы тарапынан кем дегенде екі үміткер ұсынылады. Оны барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары таңдайтын болады, – деді Е.Қошанов.

Ерлан Қошанов Абай ауда­нын­дағы Қарауыл ауылына барып, жұртшылықпен кездесті. Онда Президент бастамаларының мән-маңызын түсіндіріп, ауыл зиялылары мен тұрғындарының пікірін тыңдады.

– Елімізде Қарауылды білмейтін қазақ жоқ шығар. Бұл – адамзатқа ғұлама Абайды сыйлаған қасиетті топырақ. Осында сіздермен жүз­дес­кеніме қуаныштымын. Жаңа Қазақ­стан құруға бағытталған Мемлекет басшысының саяси реформалары төңі­регінде өздеріңізбен әңгімелесу үшін арнайы келдім. Президент ел тағ­дырын қалың жұрттың өзі шеш­кенін қалап отыр. Осынау жа­уап­ты кезеңде халық пен билік біртұ­тас болуымыз керек. Мем­ле­кет басшысына қол­дау біл­діріп, референдумға бір кісі­дей ат­са­лы­су­ға, тарихи таңдау жа­сауға ша­қы­рамын, – деді Палата Төрағасы.

Зиялы қауым өкілдері Абай ауда­ны жұртшылығының реформаларды жақсы қабылдап жатқанын және алдағы референдумға атсалысатындарын айтты.

– Бұл реформалардың бәрі ха­лық­тың көкейінде жүрген сұрақ­тарға жауап береді. Біз оны жақсы түсінеміз. Елдің иесі, жердің иесі – ха­лық деген сөз жүрегімізге жақын тиді. Президентіміз жұмыс­қа кіріс­кен күннен бастап осы демо­­кра­тиялық процестердің жүзеге асуын­­ сөз етіп жүр. Біз оны толық қол­­дай­мыз, – деді Абай ауданының құр­метті азаматы Амантай Мұқатаев.

Кездесу соңында жиналғандар Президентке Абай облысын құруға ұйытқы болғаны үшін аудан атынан алғысын жеткізді.

– Облысымыз құрылып жатыр. Зор мақтанышпен, үлкен үмітпен қарап отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына біздің сәлемімізді жеткізіңіз. Абайлықтар мен Абай ұрпақтары шексіз ал­ғы­сын білдіреді. Өңіріміздің гүл­денуіне бәріміз атсалысамыз, – деді Абай ауданының құрметті азаматы Төлеген Жанғалиев.

Соңғы жаңалықтар