«Әр әнімді жазған сайын әнім елге тарай ма, әнсүйер қауымның құлағына жаға ма деген ойға түсемін. Кейде өзіме ұнаса, халыққа да ұнар деп қоямын...». Көзі тірісінде осылай деп толғанған композиторды жүрегі әсте алдамапты. Сезімін жарып шыққан сырлы әндерінің қай-қайсысы да талғампаз тыңдарманы – халқының көңілінен шығып, әр туындысы әнұрандай ел аузынан түскен емес.
Залға ине шаншыр орын қалдырмай сазгер рухына тағзым ете келген қалың қауым Ескендір Хасанғалиевтің ерке сезімге толы есті әндерін әншілермен қосыла шырқап, концерттің көрігін қыздырды. Эстрада әншілері Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның орындауындағы «Әдемі-ау», Жеңіс Ысқақова шырқаған «Асыл арман», Гүлнұр Оразымбетова айтқан «Алматының алмасы», «МұзАрт» тобы шырқаған «Анаға сәлем», «Есіңе ал», Медет Салықов пен Клара Төленбаева төгілткен «Елігім-еркем» және тағы да басқа әуезді әндер Хасанғалиевтің мәңгілікке бет бұрған екінші ғұмырының басталғанын паш еткендей.
– Құрметті халқым! Осы кешке жиналып, бойындағы барын халқына арнаған Ескендір Хасанғалиевті еске алып, рухына тағзым ете келген баршаңызға басымды иіп, зор алғысымды білдіремін. Елі барда, әнді жүрегімен түсінер есті тыңдарманы барда Ескендірдің есімі мәңгі жасайды. Өмірден өткеніне бір жыл толды. Халқының сүйікті композиторын сағынғанын көріп ерекше толқып отырмын. Рахмет сіздерге, – деп сазгердің артында қалған сүйікті жары Дарико Сопыжанқызы жиналған жұртшылыққа ризашылығын білдіріп, кешті ұйымдастырған Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігіне, қала әкімі Алтай Көлгіновке алғысын жеткізді.
Ескендір Хасанғалиевті еске алған кештің тағы бір ерекшелігі – концертте композитордың ұлы Біржан мен немересі Нұрсұлтан атасының әйгілі «Айым болып тудың ба?» әнін қосыла шырқап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Сахнаға алғаш шыққан Нұрсұлтанның өнері жұртшылықты тәнті етіп, ата жолын қуған баланың болашағы зор үміт күттіретінін де айқын аңғартты. Концерт халқымыздың бейресми әнұранына айналған рухты да қуатты «Атамекен» әнімен түйінделді. Кешке қатысушылармен қосыла шырқаған көрермен даусы сахнадағы әншілер үнін көміп кетті. Бұл – қазақтың біртуар перзенті, рухты ұлы, сүйікті композиторына деген халқының өшпес, өлмес мәңгілік сағынышы еді...