Әрине, сыбайлас жемқорлық еліміздің қай саласын болсын шырмауықтай шырмап алғаны анық. Сондықтан да әшкереленген коррупциялық қылмыстар санының біршама көбейгеніне қарап, қоғамдағы осы теріс құбылыс тіпті белең алып бара жатыр деп байбалам салу қисынсыз сияқты. Мұны аңшылардың аңға шығып, бір көкжалды атып әкелгеніне қарап: «Далада қасқыр көбейіп бара жатыр», деп орынсыз ойбай салуға ұқсастыруға болар. Себебі, кең-байтақ далада бой тасалап жүрген ит-құстың саны қанша екенін ешкім білмейтіні секілді, «адам аласы ішінде» болғандықтан, еліміздегі жемқорлардың санын да ешкім білмейді. Ал кейінгі кезде сыбайлас жемқорлық қылмыстардың жиірек ашылуын Мемлекет басшысының талап етуіне орай Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен басқа да құқық қорғау органдарының коррупциямен күресті күшейткенімен байланыстырған жөн шығар.
Дегенмен, өңірлерде жылда әшкереленіп жатқан жемқорлық қылмыстар үрдісіне қарап, олардағы коррупция деңгейін аңғаруға болатын сияқты. Бұл ретте Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы тұрақты түрде «көш бастап» келеді деуге болады. Мәселен, «оңтүстік астанада» былтырғы бірінші тоқсанда 70 жемқорлық қылмыс әшкере болса, биылғы сәйкес мерзімде 89-ға жеткен. Елордада бұл жөніндегі көрсеткіш өткен жылы да, биыл да 71 болған. Көмірлі өңірде былтырғы үш айда – 72, биылғы сәйкес кезеңде 64 коррупциялық қылмыс тіркелген. Ал Алматы облысының құқық қорғау органдары биыл коррупциямен күрес қарқынын айтарлықтай арттырған. Мұнда былтырғы бірінші тоқсанда 39 жемқорлық қылмыс әшкереленген болса, биыл 83-ке дейін шарықтапты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан (59), Түркістан (57), Атырау (47), Маңғыстау (36), Ақмола (24), Солтүстік Қазақстан (24) облыстарында да әшкереленген коррупциялық қылмыстар былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда едәуір көп.
Парақорлықты әшкерелеу ісі де былтырғы бірінші тоқсандағымен салыстырғанда 31,5 пайызға артып, 349-дан 459-ға дейін жеткен. Әсіресе Алматы облысының парақор шенеуніктерінің «жолдары болмай», былтырғы үш айда 28-і ұсталса, биылғы сәйкес кезеңде 67-сі қолға түскен. Жетісулық құқық қорғаушылардан Алматы қаласындағы әріптестері де қалыспауға тырысып, үш ай ішінде 57 парақордың қолдарына кісен салған, яғни былтырғы сәйкес кезеңдегіге қарағанда 17 парақорлық қылмысты көп ашқан. Парақорлығы әшкереленген шенеуніктер саны Нұр-Сұлтан (47) және Шымкент (29) қалаларында, Атырау (38), Түркістан (35), Солтүстік Қазақстан (18), Маңғыстау (16), Ақмола (12) облыстарында да былтырғы үш айдағымен салыстырғанда әлдеқайда көбейе түскен.
«Ұсталмаған – ұры емес» демекші, талай жемқордың әлі де аяғын алшаң басып, мұртынан күліп жүргені даусыз. Сондықтан Антикор мен өзге де құқық қорғау органдары оларды әшкерелеу қарқынын тіпті үдете түссе, құба-құп. Өйткені «Түйені – түгімен, биені бүгімен» жұтып, құнығып алғандар қатары сиреген сайын мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік сектордағы жауапты лауазымдарға қолы таза, ниеті түзу жас кадрлар көбірек келмек. Осы орайда Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы сыбайлас жемқорлық салдарымен күрестен гөрі оның алғышарттарын жоюға бағытталғандығы көңілге үміт ұялатады. Әсіресе, озық шетелдік тәжірибеге сүйеніп, негізсіз баю үшін жауапкершілікті заңдастыру, Follow the money қаржылық тергеу институтын және Integrity check парасаттылықты һәм коррупциядан адалдықты тексеру тетігін тезірек әрі кеңінен енгізу жемқорлардың жегендерін желкелерінен шығаруға мүмкіндік бермек.