Медицина • 23 Мамыр, 2022

Сапалы медицина: Сақтандыру ісіне салғырт қарамайық

394 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қолға алынғалы бері оның қызмет аясына қатысты әртүрлі сұрақ-сауал туындап жатқаны анық. Көптің көкейінде жүрген мұндай сұрақтардың бір парасына жуырда Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жауап беріп, МӘМС жүйесінің елорда аумағындағы биылғы жұмыс барысы туралы баяндады.

Сапалы медицина: Сақтандыру ісіне салғырт қарамайық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Баспасөз мәслихатында медициналық қызмет түрлеріне (алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек, консультативтік-диаг­­ностикалық қызмет, жоғары техно­логия­лық медициналық көмек, паллиа­тив­тік көмек, оңалту, КВИ және тағы басқаға) бөлінген қаражат мөлшері, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қадамдары, медициналық қызмет сапасын мониторингілеу жұмыс­та­ры, пациент құқығын қорғау амалдары туралы айтылды. Мәселен, биыл елордада МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында медициналық көмек көрсетуге 197,5 млрд теңге бөлінді.

– Сатып алу жоспары бойынша 2022 жылы елордада МӘМС жүйесінде және ТМККК аясында медициналық көмек көр­сетуге 197,5 млрд теңге (ТМККК-ге – 101 млрд, МӘМС-ке – 94,5 млрд) бөлінді. Бүгінде қор Нұр-Сұлтан қаласының аумағы бойынша 114 медициналық қыз­мет жеткізушімен шарт жасады. Соның 77-сі – жекеменшік клиникалар. Жыл өткен сайын халыққа медициналық қыз­мет көрсететін жекеменшік қызмет көр­се­тушілер үлесі артып келеді. Бұл па­­циент­тің үздік клиниканы таңдауына мүмкіндік береді. Медициналық қызмет көр­се­тушілер тізімін қордың fms.kz сай­тынан қарауға болады, – деді Н.Қабды­қа­паров.

Нұр-Сұлтан қаласындағы жекеменшік медициналық қызмет көрсетушілердің үлесі – 67%. Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бо­йынша филиалы оңалту қызметтерін көр­сететін 45 медицина ұйымымен келі­сімшарт жасады. Соның ішінде, же­кеменшік – 20, мемлекеттік – 22, рес­публикалық 3 медицина ұйымы бар.

– 2021 жылмен салыстырғанда, 2022 жылы операция жасау көрсеткіші 16,5%-ға өсті. Тек жоғары технологиялық ме­ди­­ци­­налық көмек қолданысы арқылы МӘМС бойынша 4,4 млрд теңге сомасына қосымша 1 549 қызмет көрсетілді. Кар­дио­хирургиялық операция 565 пациентке жасалса, нейрохирургиялық операция (нейро­на­вигациялық жүйе қолданылған) – 71 адамға, ортопедиялық операция 70 пациентке жасалды, – деді спикер.

Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету Денсаулық сақтау минис­трі­нің 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-75 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаторлық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы» бұйрығына сәйкес іске асырылады.

2022 жылғы 1 мамырдағы мәліметке сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында 4 млрд 370 млн теңге сомасына 306 211 те­гін рецепт бойынша 121 886 пациент тегін дәрі-дәрмекпен қамтылды. Соның ішінде МӘМС жүйесінде дәрі-дәр­­мекпен қамтылған балалар да бар. Мәсе­лен, жіті респираторлық инфекциямен, яғни жоғарғы тыныс жолдарының ауру­ла­ры бар 683 бала және төменгі тыныс жол­да­рының аурулары бар 2 182 бала, темір жетіспеушілігі анемиясына шал­дық­қан 290 бала, рахит ауруымен ауыратын 324 бала, пневмонияға шалдыққан 598 бала, синуситпен/ бадамша безі (миндалин) және аденоид ауруларымен ауыратын 158 бала бар.

Амбулаторлық қамтамасыз ету жө­ніндегі бұйрыққа сәйкес, емхана дәрі­ханалары МӘМС жүйесінде тегін бе­рі­ле­тін барлық қажетті дәрілермен (антибиотиктер, ыстық түсіретін препараттар, темірқұрамды препараттар, сондай-ақ басқа да спецефикалық препараттар) қам­тыл­ды.

– Елорда тұрғындары коронавирус инфек­циясы мен пневмония кезінде ме­­ди­­ци­налық көмекті Әлеуметтік ме­ди­ци­налық сақтандыру қорындағы мәр­­те­­бесіне қа­рамастан тегін алады. Биыл Нұр-Сұлтан қаласы бойынша COVID-19 ко­ро­на­ви­ру­сының таралуын болдырмауға және COVID-19 корона­ви­русымен ауыратын науқастарды емдеуге 7,6 млрд теңге бө­лін­ді. Соның ішінде, жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсетуге – 3,1 млрд теңге, COVID-19 ко­­ронавирусының таралуын бол­­дырмау және COVID-19 ко­ро­на­ви­ру­сы­­мен ауы­ратын науқастарды емдеуге – 4,5 млрд теңге (инфекциялық КВИ – 2,9 млрд теңге, карантиндік КВИ – 137,3 млн теңге, амбулаториялық деңгейде КВИ па­циенттерін ПТР зерттеу – 563,8 млн теңге, үйдегі стационар – 4,5 млн теңге, мо­биль­ді бригадалар шақыртуға шығуы үшін – 919,2 млн теңге) қарастырылды, – деді Н.Қабдықапаров.

Коронавирус инфекциясымен немесе орташа, ауыр және аса ауыр дең­гей­дегі пневмониямен ауырған пациенттер Медициналық сақтандыру қоры­ның қа­ра­жаты есебінен оңалтудан өте алады. Азаматтар үйінде емделді ме, әлде ауру­ханада емделді ме, оған қара­май­ды. Ме­ди­ци­налық оңалтуға жолдама реабилиотолог маманның қатысуымен ауруха­на­ның немесе емхананың мульти­дис­­цип­ли­нарлық командасының қорытын­ды­сы бойынша беріледі.

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 2022 жылдың 3 айында көрсетілген медици­на­лық қызмет сапасы мен көлеміне жүргі­зіл­ген түрлі мониторингтер аясында 9 390 кемшілік (дефект) анықталып, 415 млн 837 мың теңге алынды. Соның ішінде, Тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) аясында 300 млн 13 мың теңге сомасына 2 004 кемшілік анықталды. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру (МӘМС) жүйесінде 115 млн 824 мың теңге сомасына 7 386 кемшілік анық­тал­ды, – деді спикер.

Проактивті мониторинг аясында 12 меди­цина ұйымына тексеру жүргізілді. Осы­лайша, 1-кезеңде 16 млн 237 мың теңге сомасына 3 846 кемшілік (дефект) анықталды. Ал мақсатты мониторинг аясында 410 кемшілік (дефект) табылды. Медициналық қызметтерді сатып алу шартын орындауда 12 бұрмалаушылық фактісі анықталып, айып төлеу есебінде 8 млн 899 мың теңге алынды.

– Сондай-ақ қордың Нұр-Сұлтан қа­ла­сы бойынша филиалының медици­на­лық қызмет сапасы мен көлемін мо­ни­торингілеу бөлімі жоспардан тыс мониторинг бойынша 48 қорытынды жа­сады. Соның 17-сі негізді шағым екені дә­лел­денді. Жоспардан тыс тексеріс нә­ти­жесінде алынған сома 2 млн 701 мың тең­гені құрады. Ақпараттық жүйелерден алынған мәліметтер бойынша, жоспарлы ем­д­еуге жатқызуды күту мерзімі 2021 жыл­­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ға өскені байқалады. Біздің сарапшылар ме­дициналық қызметтің қолжетімді болуы және сапасының жақсаруы үшін, яғни пациент құқығы сақталуы үшін тұ­рақ­ты жұмыс жүргізеді, – деді спикер.

Қор тұрғындарды медициналық сақ­тан­дыру жүйесімен қамту жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұрғындардың 83,2%-ы МӘМС жүйесінде сақтандырылған. 2022 жылы елорда аумағында МӘМС жүйесіне қатысушылар саны 17 406 адамға көбейді. Яғни 2022 жылдың қаңтар айында 1 025 256 адам болса, 1 мамырдағы көрсеткіш – 1 042 662, адам.

– Алайда 210 142 қала тұрғыны қам­тыл­май, МӘМС жүйесінен тыс қалып отыр. Бұл азаматтар МӘМС жүйе­сін­де сақтандыру мәртебесі болмаса да тегін меди­­циналық кепілдендірілген көмек көле­мінде медициналық (шұғыл медици­на­лық көмек, жедел жәрдем бригадасын шақыру, учаскелік дәрігер қабылдауы және тағы басқа) көмек ала алады, – деді Н.Қабдықапаров.

Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады.

«2022 жылы қаңтар-мамыр ара­лы­ғын­да қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойын­ша филиалының қызметкерлері 2 687 өтінішті қабылдап, қарады. Соның ішінде, 1 363 – шағым, 173 – алғыс, 104 – шағын және орта бизнес үшін сақтандыру мәртебесін түзету, 1 047 – жеңілдік санаты бо­йын­ша уақытша мәртебе беру жөнінде шағым-өтініштер бар. Мұндай өтініштер мен шағымдардың негізгі бөлігі 1406 байланыс орталығы мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы түседі. Бұл өтініштер үш деңгейлі өңдеуден өтеді. Қор тұрғындармен кері байланыста тұрақты жұмыс жүргізуі нәтижесінде, елорда тұр­ғындары Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорына, 1406 байланыс ор­талығы мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы жиі хабарласады, – деді спикер.

Түскен барлық шағым бойынша шара қабылданып, өтініш иелеріне жауап бе­ріл­ді. Тұрғындар көбіне консультативтік-диаг­ностикалық қызметтердің аздығына (құрал-жабдықтардың болмауы, кезекті көп күту, жолдама бермеу, кадр жетіспеу), медицина қызметкерлерінің дөрекі сөйлеуі мен қызметін білмеуіне, медициналық қызмет сапасына, қызметтерді көп күту жағдайларына шағымданады. Ал МӘМС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесі туралы немесе медициналық көмек алу бо­йынша қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда қордың елордадағы филиалына 1406 байланыс орталығы немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, Telegram-дағы SaqtandyryBot, қордың fms.kz сайты арқылы хабарласуға болады.