«Қазақ журналистикасын зерттеудегі тарихи дискурс пен жаңа көзқарас» тақырыбына арналған республикалық ғылыми-әдістемелік конференцияны Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев жүргізіп, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі «Хайыржан Бекхожин журналистика тарихын зерттеушілердің ізашары» тақырыбында жасаған баяндамасымен жалғастырды.
Қазақ журналистикасы тарихын зерттеуде жаңаша көзқарас танытқан Х.Бекхожиндей ғалымның еңбектерін саралауда баспасөздің тарихына қатысты жазғандарын жүйелі пайдалану қажеттігі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев ойларын ортаға сала отырып, «Хайыржан Бекхожин – қазақ журналистикасының тарихын ғылыми-методологиялық тұрғыдан зерттеген алғашқы ғалым» атты баяндамасында ғалым еңбектерінің әдістемелік жағына мән берді.
Жиын барысында сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Ысқақұлы, филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы С.Медеубекұлы, кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Б.Бауыржанұлы, Журналистика факультетінің аға оқытушысы Л.Нода, саяси ғылымдар докторы, профессор, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Г.Сұлтанбаева ғалымның ғылыми мұрасына талдау жасады.
Конференцияда жас ғалымдар мен студенттер арасында ұйымдастырылған «Х.Бекхожиннің өмірі мен шығармашылығына арналған ең үздік мультимедиалық жоба», «Ең үздік ғылыми жоба», «Ең үздік публицистика» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Іс-шара барысында ғалымның диссертациялық еңбектерін ғылыми айналымға енгізу мақсатында цифрлы форматқа көшіріліп, еңбектерін оқу үрдісіне енгізу, сондай-ақ еліміз өңірлерінде журналистика саласында білім алып жүрген бұқаралық коммуникация өкілдерін тарту туралы қарар қабылданды.
АЛМАТЫ