Білім • 24 Мамыр, 2022

Ең үздік мың бала анықталды

543 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ауыл балаларына арналған «Мың бала» олимпиадасының нәтижесі шықты. 150 мыңнан аса оқушы олимпиадада бақ сынауға өтінім берген. Жеңімпаздар республикалық маңызы бар мамандандырылған мектептерге конкурссыз қабылдана алады.

Ең үздік мың бала анықталды

Елбасы академиясы олимпиаданың қорытындысына қатысты баспасөз жиы­нын өткізді. Брифингте сөз алған Білім және ғылым министрлігі жанындағы Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Марат Сүлейменов:

– Біздің ведомство Елбасы академиясымен бірлесе отырып, 3 жыл қатарынан ауыл балаларының арасында «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасын өткізіп отыр. Биылғы білім бәйгесі сәтті, нәтижелі ұйымдастырылды. Сайыс негізінен ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздейді. Биылғы жарыстың ерекшелігі – өте көп оқушы қатысқанында. «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең логикалық ойлауды бағалауға арналған тапсырмаларды қамтыды. Ең жоғары қорытынды балл жинаған 5 мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алды. Соның ішінен іріктелген 1 мың дарынды бала үздік деп танылды. Оның 500-і – 5-сыныптың, 500-і – 6-сыныптың оқушылары. 6-сыныпты бітірген жеңімпаздар мамандандырылған білім беру ұйымдарына конкурссыз түсуге жолдама алды, – деді.

Министрлік өкілінің айтуынша, жылдан-жылға өңірлердің белсенділігі артып келеді. Биылғы нәтижелер бойынша Қызылорда, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарынан қатысу деңгейі өте жоғары.

«Елбасы академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Алина Хаматдинова интернеттің сапасына қатысты шағымдар, өтініштер көп түскенін жеткізді.

– Тестілеу қатысушының оқыту тілін­де, яғни қазақ және орыс тілдерінде бол­ды. Олимпиаданың бірінші кезеңі өңірлердегі кестеге сәйкес онлайн режім­де өтті. Өңірлердің 40 пайызы интернетпен қамтылмағанын білеміз, интернет болған күннің өзінде сапасы нашар. Сондықтан бір күнде 10 бала ғана тапсыра алатындай арнайы кесте жасадық. Өйткені былтыр барлық өңірден бір уақытта жүйеге кіргенде, қатысушылар жылдамдығы баяу интернеттің кесірінен онлайн тапсырмадан өте алмай қиналды. Тәулік бойы жұмыс істейтін сall-орталы­ғымызға Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарындағы интернеттің сапасына қатысты шағымдар жиі түсті. Бұл ақпаратты тиісті министрлікке береміз, – деді А.Хаматдинова.

Қор директорының мәлімдеуінше, Жам­был облысының оқушысы ұпай саны бойынша ең жақсы нәтиже көрсетті. Екінші орында Қарағанды облысының баласы және үшінші орында Солтүстік Қазақстан облысының қатысушысы тұр. Жеңімпаздардың бірі – Елнар Қожах­мет Ақмола облысындағы №2 Қосшы ор­та мектебінің 6-сыныбында оқиды. Ол аталған байқауға 5-сыныпта да қатысыпты.

– Әр жылы жас ерекшелігімізге, деңгейімізге қарай тапсырма берілді. Пәндердің ішінде математика қиындау, онда логикалық есептер біраз ойлануды қажет етеді. Дегенмен жауап табуға болады. Болашақта сәнгер болғым келеді. Оған да математика керек, себебі киімді пішкенде өлшеуге, табысты са­науға, қажетті уақытты есептеуге мате­ма­ти­ка­­лық дағды ғана көмектесе ала­ды. «Мың бала» олимпиадасында ағыл­шын тілі­нен де тест тапсырамыз. Менің­ше, ағыл­шын тілі – барлық маманға ке­рек­ті пән. Мысалы, маған шетелдегі сәнгер­лердің жұмысын көріп, танысуға, сая­хат­­тауға қажет болады. 130 мыңнан аса адам­ның ішінен жеңіп шығу үшін қаты­сушыға арман, мақсат, табандылық керек. Мен, мысалы, осы олимпиадаға мықты мектептердің біріне түсу үшін қатыстым, – дейді Е.Қожахмет.