Абай • 24 Мамыр, 2022

Абай обадан сақтаған отбасы

5495 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Хакім» сөзінің нақты анық­­тамасын ұлы ақын 38-ші қара сөзінде баяндай кетеді. Яғни хакімдер – дү­ние­нің көрінген һәм көрін­­беген сырларын зер­де­леп, өзін тануға тырыс­қан ғұла­малалар. Нильс Бор, Блез Паскаль, Макс Планк, Юджин Вигнер, Эйнш­тейн сынды хакімдік дәре­жеге көтерілген ға­лым­­­дар ғаламды зерттеу ба­­ры­­­сында ақиқатқа жеткен.

Абай обадан сақтаған отбасы

Ал Абай ақынның хакімдігі сол – ол бір ғылым саласымен шектелген жоқ. Әдебиет, философия, тарих, дінтану, медицина салаларынан жан-жақты хабардар болған. Бүгінгі әңгімеміз ақынның медицина саласын білуі хақында, нақтырақ айтсақ бір отбасыны қатерлі обадан құтқарып қалғаны жөнінде болмақ.

Өткен ғасыр тұсында Алматы облысының Ұйғыр ауданында далада отын теріп жүрген әлдебір әйел өлген құндызды отынның арасына салып үйіне келеді. Отағасы оның терісін алмақ болып, пышаққа іледі. Міне, осыдан оба ауруы тарап, ауыл адамдарын шетінен жалмай бастайды. Дәл осы кезде Қырманшы есімді кісі Абай айтқан кеңеске құлақ түріп, отбасы мүшелерін сыртқа шығармай ұстайды. Жә, бұл кісі Абай кеңесін қайдан естіді?

Келесі сөзді естелікті жет­кі­зуші Лашын Әзімжанқызының дерегінен оқиық: «Ұйғыр ауда­нында біздің нағашымыз Қыр­маншы деген алғыр, өжет адам болған. Кейінгі ұрпақ біздер Қырманшы атамызды көргеміз жоқ. Оны тәтемнің сөзінен ғана еміс-еміс білеміз. Сол атамыз пат­ша заманынында болыстыққа тала­сады. Осы сайлауда бір адам қаза болады. Оның бар кінәсін Қырманшы атамызға жабады. Сөйтіп, атамыз түрмеге түседі де, он жылға соттап, Сібірге айдап жібереді. Нағашымыз сол кеткеннен мол кетеді, хат-хабар болмайды. Ал атамыз Сібірде айдауда жүргенде Петро деген орыспен танысып, жан аямас дос болып кетеді. Сонда қарағай кесіп, қиыншылыққа төзе жүріп, орыс тілін де үйренеді. Кесілген мерзімі таяған уақытта досы Петромен көп ақылдасады.

– Петро, менің туған елім Қытайдың шекарасында. Еліме ұшқан құс, жүгірген аңнан басқа ештеңе бармайды. Ертең мені босатқанда ауылыма қалай жетем? – деп сұрайды. Досы көп ойланып отырып: – Сен әрине, өз басың жете алмайсың. Ол жерге тек жараулы аттар болмаса, басқамен жету мүмкін емес. Сен былай істе. Семей деген қаланы естуің бар шығар. Сол жақта Абай Кұнанбаев деген атақты, ұлағатты, қайырымды ақын тұрады. Қазір ол кісі жайлауында болар. Семейге жетсең, ақынды табу оңай. Сол кісі ғана саған қолұшын беруі мүмкін. Оған мен сенімдімін, – дейді. Сөйтіп жүргенде, Қырманшы атамның мерзімі де бітеді. Петро екеуі бірігіп, ақылдасып, жолға дайындалады. Петро атамды жолға шығарып салады. Атамыз бірде жаяу, бірде ат жалдап, бір ай дегенде Семейге жетеді. «Сұрай-сұрай Меккеге де бара­сың» дегендей, сұрап жүріп, Абай атамыздың қалаға келгенде түсетін үйлерін де тауып алады. Сол кезде Абай ауылынан келген бір жолаушылармен ілесіп, Абай ауылына жетеді. Жолаушының біреуі Қырманшыны Абай үйіне ертіп барып, барлық жағдайын айтып таныстырады. Еліне жет­кі­зуге көмек сұрай келгенін мәлім­дейді.

Ұлы ақын Қырманшы атамызды жақсы қарсы алады. – Жа­райды, алыстан, айдаудан жүдеп-жадап келіпсің. Сені осында айдап келген Құдайың да, Петроң да бекер адам емес екен. Бірер ай тынық, мына түріңмен ұзақ жолға шыдамассың, деп ақыл береді».

Сонымен айдаудан арып-аршып жеткен Қырманшы Абайдың үйінде жай тауып, оқымысты ақынның білім-ғылым жайлы сөздері мен жоғарғы мәдениетіне тәнті болады. Қай тақырыпты қозғаса да терең қаузайтын жүй­рік тілді ақын сөздерінен ғибрат алады. Хакім сөз арасында меди­циналық кеңестер өрбітіп: «Қа­зақ халқы көп оқымаған, бір-біріне жаны ашығыш, төзімді ха­лық. Осындай мінезінен кейде өрес­кел қателер жіберіп алады. Мысалы, сүзек, оба, тырысқақ, шешек деген өте жұқпалы аурулар бар. Солардың жөнін білмей, бір-біріне жаны ашып жүріп, ауруды қалай жұқтырғанын сезбей қалады. Осындай жайдан бүкіл ауыл адамдары қырылған уақыттар болған. Сондықтан әрбір ауруға өте сақтықпен, жайлап, ойлап араласу керек. Ауру тым қабынған жағдайда ол маңға аттап басуға тыйым салу қажет», дейді.

Әлқисса, жоғарыдағы Ұйғыр ауданында болған оқиғаға қайта оралайық. Ақынның ұлағатты сөзі жадында жатталып қалған Қырманшы ауылында оба тараған тұста отбасынан ешбір жанды сыртқа шығармай, сырттағыны ішке кіргізбей, бүгінгі тілмен айт­қанда «карантин» режімін ұстанады. Тек бір өркөкірек ке­ліні ғана атасының кеңесін тың­дамай сыртқа кетіп, қайта оралмайды. Осынау апаттан ауылда Қырманшы қарттың отбасы ғана аман қалады. Кейбір көзіқарақты кісілер індет жайлы қажетті меке­мелерге хабарлап Алматыдан, Мәскеуден дәрігерлер арнайы ке­леді. Алайда айтпай келген тосын аурудан ауылды құтқару мүмкін болмайды.

Бұл оқиғадан ұлы ақынның кемеңгерлігі мен шынайы хакім­дік болмысын аңғарамыз. Көре­ген халқымыз: «Сақтансаң – сақ­тай­ды» деген астарлы сөзін тегін айтпаса керек.