Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жуырда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев осындай мәселе көтерді. Рас, екі жылдай әлекке салған пандемия аяқталды. Жұрт қалыпты өмірге оралды. Тиісінше, жүк және жолаушылар тасымалы да толықтай қайта жанданды. Пандемия уақытында ұшақтардың ұшу жиілігі кемінде 1,5 есе азайғаны есімізде. Қазір еліміздегі Air Astana, SCAT, Qazaq Air секілді ірі авиакомпанияларға тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді. Десе де, авиарейстердің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылық толастамай тұр. Бұған нақты мысалды әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарынан табу түк емес.
Елнұр Бейсенбаевтың мәліметінше, 2020 жылы 51 мыңға жуық рейстің 6 735-і кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мыңнан астам рейстің 13 мыңға жуығы кешіктірілген. Яғни әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр. Яки ұшу рейстері айтарлықтай көбеймесе де, борттардың кешігу себептері шамамен екі есе көбейген.
– Мұндай жағдайда әуе компаниялары жауапты «ауа райының қолайсыздығымен» байланыстырып қысқа қайырып, халықты сабырға шақыратыны бар. Оның ішінде SCAT, Qazaq Air әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсінің уақыты кешіктіріледі. Өткен жылдың қортындысы бойынша, 12,8 мың кешіккен рейстің 9 045-і борттың кешігіп келуімен байланысты болған. Ең қызығы, ауа райының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен, – дейді Мәжіліс депутаты.
Ішкі рейстердің жиілігін көбейту және халықтың ұшақты пайдалану деңгейін арттыру мақсатында Үкімет 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд теңге бөлгені мәлім. Оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд теңге SCAT, Qazaq Air компанияларына бөлінген.
– Аталған компаниялардың қандай сапалы қызметтері үшін осыншама қаржы бөлінуі тиіс?! Біле білсеңіздер, рейстің кешігуін хабарлайтын смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланамыз. Бұл – бір. Ал Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» заңының баптарына сәйкес, авиакомпанияның кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынуға міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті сияқты қызметтерін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырғанын естімедік, көрмедік. Тек, БАҚ-тың араласуының нәтижесінде қоғамдық резонанс туғанда ғана тұтынушылар қажетті қызметтеріне қол жеткізіп жатады, – деді Е.Бейсенбаев.
Депутаттың айтуынша, әуе компанияларының онлайн тіркеу қызметін көрсетудегі арнаулы ақылы орындардың бағасына қатысты шағымдар да жиілеп келеді.
– Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Осы ретте, ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есе артады. Мысалы, Түркиядан Air Astana ұлттық әуе компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгені құрайды. Логика қайда? – дейді депутат.
Сондай-ақ уақытында мемлекеттің тікелей қолдауымен ашылған Fly Arystan компаниясынан бір жұтым суды 500 теңгеге сатып аласың. Депутат осының өзі дұрыс емес деген пікірді алға тартты.
– Ұлттық әуе компаниясының лоукостері қыстың күні қар сатқан, дәрі ішуге су сатқан ертегідегі Шықбермес Шығайбайдай көрінеді. Әлемде суды ұсыну мәдениеті жаппай қалыптасып келе жатыр. Бүйректен сирақ шығармай, алты құрлықтың суы таусылса да, бір кесе суды тегін беруді ұйымдастыруға болады ғой! Оған қоса, лоукестердің саясатына кереғар болатын соңғы билеттер қалған уақытта, оның құнын 5-6 есе көтеріп сатуды ретке келтіретін уақыт жеткен сияқты. Қысқасы, жыл өткен сайын отандық әуеиндустрияның ахуалын еуропалық стандарттарға сай реттеу қажет. Әне-міне дегенше жазғы демалыс басталады. Елдегі сапар байланысын уақытында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеу маңызды. Айналдырған үш әуе компаниясының жұмысын бір ізге түсіретін уақыт әлдеқашан жетті, – дейді Е.Бейсенбаев.