Ауыл шаруашылығы министрлігі Өсімдік шаруашылығы департаментінің директоры Азат Сұлтановтың айтуынша, егіс науқанын оңтайлы және уақтылы өткізу үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар қабылданған. Биыл шаруаларға бұрын-соңды болмаған көмек көрсетіліп жатыр.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемі ұлғайтылды. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігін сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға бөлінген қосымша қаражатты ескере отырып, республикалық бюджетті нақтылау нәтижелері бойынша 449 млрд теңге көзделген, – деді А.Сұлтанов.
Бір ғана өсімдік шаруашылығының өзіне 107,2 млрд теңге бағытталады. Сондай-ақ әлеуметтік нан өндірісінің маңыздылығын ескере отырып, астықты субсидиялау үшін 9,2 млрд теңге көзделген.
Әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, биыл жалпы егіс алаңы 23 млн гектарды құрап отыр. Бұл былтырғы деңгейден 105 мың гектарға көп.
Сондай-ақ биыл жемшөп дақылдарының алаңын 3,6 млн гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл жемшөпті көбірек өндіруге және мұқтаж өңірлерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар картоп, күнбағыс, көкөніс, яғни әлеуметтік дақылдар егілетін алқаптар да ұлғайтылды. Осы жылдың өніміне егіс науқанын жүргізу үшін 2,3 млн тонна тұқым себілді.
– Егіс жұмыстары барлық облыста қызу жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, әзірше 2,9 млн гектарға жаздық дақылдар, оның ішінде 1,5 млн гектарға майлы дақылдар, 231,2 мың гектарға дәндік жүгері, 309,6 мың гектарға көпжылдық шөптер, 133,4 мың гектарға картоп, 128,7 мың гектарға көкөніс егілді, – деді департамент директоры.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін тыңайтқыштармен қамтамасыз ету жұмыстары да ойдағыдай. Биыл барлығы 670 мың тоннадан астам тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Қазір 308,1 мың тонна немесе жоспардың 46 пайызы тиелді.
– Үкімет қолдауы арқылы отандық минералды тыңайтқыштарды өндірушілермен аграрийлердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеді. Тыңайтқыштар бағасын төмендету бойынша қосымша жұмыстар жалғасуда, – деп нақтылады ол.
Қазіргі егіс науқанына 144 мың трактор, 4,7 мың бірлік жоғары өнімді егіс кешені, 77 мың бірлік астық сепкіш, 221 мың басқа да топырақ өңдеу құралдары қолданылуда.
Егіс жұмыстарын жүргізу үшін 400,2 мың тонна дизель отыны бөлінді. Былтыр 380 мың тонна қарастырылған еді. Сондай-ақ биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыру үшін 140 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие бөлінді. Астықты форвардтық сатып алу шеңберінде 80 млрд теңге көзделген.
– Көктемгі дала жұмыстарын табысты жүргізу Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты және ерекше бақылауында екенін атап өту керек. Осы мақсатта министрлікте көктемгі дала жұмыстарын жүргізудің барлық мәселесін уақтылы шешуге арналған жедел штаб құрылып, аталған бағыттағы жұмыстарға ерекше мән берілген, – деді А.Сұлтанов.