Аймақтар • 24 Мамыр, 2022

Түркістан – рухани өлке

667 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түркістан облысына «Рухани өлке – 2022» мәртебесі берілді. Әсіресе өңір халқы үшін қуанышты хабар мәдениет және өнер саласының ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2022» фестивалінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде жария етілді.

Түркістан – рухани өлке

Еліміздегі мәдениет және өнер саласы ұйым­дарының шығар­машылық жетіс­тік­терін анықтап, талантты, өзін­дік ерек­шелігі бар ұжымдар мен орын­­дау­шыларға қолдау білдіру мақ­сатын­­дағы «Рухани қазына – 2022» фести­­валі­нің республикалық кезеңі Мәде­­ниет және спорт министрлігі мен Түркі­­стан облысы әкімдігінің ұйым­­дас­­­ты­руы­мен Түркістанда өтті. «Farab» кітап­хана­сын­да өткен фести­ва­ль-конкурстың ашы­лу салтанатында «Қазақ әуен­дері» АҚ президенті Ғалым­жан Өтелбайұлы мұндай іс-шара­лар қатысушылардың кәсіби шеберлігін арттырып, өңірлердің мәдени мұрасын таныстыруға, қыз­­меткерлердің өзара тәжірибе ал­масуына мол мүмкіндік бере­ті­нін айтты. Бірнеше кезеңнен тұ­ра­тын республикалық фести­валь­дың алғаш­қы күндері мәде­ниет қызметкер­лері мұражай, кітап­­­хана, мәдени-дема­лыс қыз­­меті са­ласында бақ сынаса, ке­­йін­­гі күн­дері лекторлар кон­курс­қа қа­тысу­­шы­ларға дәріс оқып, шебер­лік саба­ғын өткізді. Түркі­стан өңі­ріндегі киелі орын­­­дарға сая­хат жасалды. Биылғы фес­ти­вал­ь­дың ерекшелігі – конкурсқа мем­­лекет­тік мекемелермен қатар жеке­­мен­шік мәдениет ұйымдары да қатысты.

Қазылар алқасы еліміздің 17 өңі­рінен келіп түскен кітапхана саласы бойынша – 125, мәдени ойын-сауық саласы бойынша –  87, музей саласы бойынша 73 өтінімді қарастырды. Бір аптаға созылған байқау нәтижесі ресми жарияланып, фестивальдың 44 жеңімпазы арнайы сыйлықтармен марапатталды. Фестивальға қатысушы­ларды марапаттау рәсімінде  Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жа­рас­баев барша мәдениет және өнер саласының қызметкерлерін кәсі­би мерекесімен құттықтады. Бұдан бөлек жеңімпаздарды министрліктің Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова, «Қазақ­стан Республикасының Ұлттық кі­тап­ханасы» республикалық мем­ле­кет­тік мекемесінің директоры Ба­хыт­жа­мал Оспанова, «Бозоқ» Мем­ле­кеттік тарихи-мәдени музей-қоры­ғы» республикалық мемлекеттік қазы­­налық кәсіпорнының директоры Сәуле Бөрібаева, «Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрадалық-цирк колледжі» рес­пуб­ликалық мемле­кеттік қазы­налық кәсіпорнының дирек­торы, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері Жеңіс Сейдул­лаұлы, дәстүрлі әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ардақ Балажанова  мара­паттап, қаржылай сыйлық табыс­тады. Жеңімпаздар арасында Түркістан облысының өкілдері де барын айта кетелік.  Мы­салы, музей саласы бойынша «Үздік мәдениет, өнер музейі» аталымына Түркістан облыстық «Бейнелеу өнері музейі» лайық деп танылды. Жүлде қоры – 1 000 000 теңге. Кітапхана саласы бойынша «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана қызметкері» аталымын Түлкібас аудандық орталықтандырылған кітап­ханалар жүйесі КММ жеңіп алды. «Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдығы құрметіне кітапханалар арасында» номинациясы бойынша облыстық А.Пушкин атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік атанды. Жүлде қоры – 500 000 тең­ге. Сондай-ақ фестиваль аясында бірқатар мәдениет саласының майталманы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Фестиваль соңында Мәдениет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев «Қазақ әуендері» АҚ-ның телеграм каналында дауыс беру нәтижесінде Түркістан облысы «Рухани өлке-2022» мәртебесіне лайық деп танылғанын жария етіп, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевқа арнайы белгісін табыстады.

 

ТҮРКІСТАН

Соңғы жаңалықтар