Қазақстан • 25 Мамыр, 2022

«Қазақфильм» ұжымы Асанәлі Әшімовке тұлпар мінгізді

590 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Қазақфильм» киностудиясында қазақ киносының абызы, Кеңес Одағының және Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтың 85 жасқа толуына орай  салтанататты шара өтті, деп жазады Egemen.kz.

«Қазақфильм» ұжымы Асанәлі Әшімовке тұлпар мінгізді

Жақында ғана мерейтойын атап өткен дарын иесі ұлттық кинематографияның алтын қорына енген Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек», Шәкен Аймановтың «Атаманның ақыры», Мәжіт Бегалиннің «Тұлпардың ізі», Хуат Ахметовтың «Ка мырза, Сіз кімсіз?» және басқа да көптеген фильмдерді жарыққа шығарған қазақ киносының қара шаңырағы – «Қазақфильм» киностудиясында өзінің мерейтойын өнердегі әріптестері мен жақындарының ортасында атап өтті.

,

Салтанатты шараны ашқан «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев Асанәлі Әшімовты 85 жасқа толуымен құттықтай отырып, қазақ киносының аңызы атанған актердің еліміздің мәдениетіне қосқан ерекше үлесі туралы айтып, оған ұзақ ғұмыр, зор денсаулық және отбасына бақ-береке тіледі.

Кеш соңында қазақтың салт-дәстүрі бойынша Асанәлі Әшімовке құрмет көрсетіліп, асыл тұқымды тұлпар тарту етілді. Сонымен қатар, мерейтой иесіне режиссер ретінде түсірген және өзі түскен картиналардан құралған фильмдер жиынтығы сыйға берілді. Айта кетсек, олардың қатарында Асанәлі Әшімовтың мерейтойына орай «Қазақфильм» киностудиясы түсірген режиссер Төлеген Нұқытовтың «Өмірім-өнерім» атты деректі фильмі де бар.

,

Мерейтой иесін құттықтауға киностудия қызметкерлерімен қоса өнердегі әріптестері мен шәкірттері, атап айтсақ, белгілі режиссер Болат Қалымбетов, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Азамат Сатыбалды, Nomad Stunts каскадерлер тобының жетекшісі Жайдарбек Күнғожинов, Бауыржан Қаптағай, Айдос Бектеміров сынды актерлер келіп, жылы лебіздері мен тілектерін білдірді.