Әдебиет • 25 Мамыр, 2022

Қазақы бұрым, Деланың шашы

536 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парақтарға сіңген сөздерде өмірдің өзі, замананың сыры бар. Ақын Дүйсенбек Қанатбаевтың «Бұрым» атты өлеңінде сонау зұлмат жылдары майданға аттанып бара жатқан қазақ қызының бүкіл сезімі, елге, жерге деген құрметі, санасына түскен салмақтың әнтек бұлқынысы жатыр.

Қазақы бұрым, Деланың шашы

Жеті шумақтан тұратын өлеңнің өн-бойында адамның туған даласы мен Отанына айтатын сөзі мен сыры астарланып берілген.

«Айқасқа барам өліммен,

Қайтемін жалғыз бас қамын,

Бұрымымды төгілген,

Туған жер, саған тастадым.

Өзіңде қалсын бұрымым,

Қош боп тұр, байтақ қырларым,

Кесіліп қалған қызығым –

Айта алмай кеткен сырларым!».

Осы жерде біздің есімізге атақты Байрон ақынның «Эффай қызы» атты жыры түседі. Ол туындыда да майданға бара жатқан қыздың соңғы сөзі өлең болып кестеленеді. Ұқсамаған ел, әртүрлі салт, бірақ тарих пен уақыттың шындығы біреу ғана. Байрон да, Қанатабаев та өлім мен өмір тайталасына түскен жанның жалғыз сәтін әсем де ойлы жырға айналдырып, оқырманға ұсынып отыр. Демек «Өлеңнің тек қайшылықтан туатыны» (Мұқағали Мақатаев) рас. Бұл бұлжымас ақиқаттың өзі.

«Шашымды мақтап айтса наз

Қинап ем жігіт талайын...

Тоқташы сәл-сәл, шаштараз,

Айнаға қарап алайын...

Шақырып апат гүрілі,

Майданда жатты ұйып қан.

Арудың әсем бұрымы

Кесіліп түсті иықтан.

Қара жер бетін қан қылып,

Окоптан талай тұрмады.

Ұйқыда қазір мәңгілік,

Батыр қыз – майдан құрбаны».

Не керек, соғыстың сұмдығын жырлап та, айтып та тауыса алмаспыз. Ал Дүйсенбек Қанатбаевтың осы өлеңіндегі адамның жаны, қатер алдындағы ішкі дайындығы, көңіл күйі бәрі-бәрі шеберліктің туындысы екенін дәлелдеп тұр емес пе?! Қалай айтсақ та, соғыс туралы шығарманың соңы трагедия­мен аяқталады. «Бұрымның» соңы да осы үрдісті қайталайды. Жалғыз өлеңнен ақынның поэтикалық қуатын байқауға болатын шығар, ал біз үшін Дүйсенбек Қанатбаевтың поэзиясы – мінсіз әлем.

 Америкалық жазушы О.Генридің «Рож­дество тартуы» атты әңгімесінде де дәл осындай әңгіме өрбиді.

«Осыдан соң ширақ қимылдап, көнетоз пальтосы мен қоңыр қалпағын киіп, асығыс сыртқа шыға жөнелді. Жылаудан домбыққан көздерімен көшедегі у-шу көрініске қызыға әрі құныға қараумен келеді. Дүкендерді аралап келе жатып, «Әйел шашын сатып аламыз» деген жазуы бар есіктің алдына тоқтады. Етжеңді дүкен қожайынына Дела төтесінен сұрақ қойды:

– Шашымды сатып аласыз ба?

– Әрине, қалпағыңызды шешіңіз, шашыңызды көрейін, – деді дүкен иесі.

Қалың әрі ұзын қоңыр түсті бұрым жыланша ирелеңдеп тарқатыла кетті.

– 20 доллар, – деді сатып алушы Деланың шашын ұстап көріп.

– Тезірек кесіңіз де ақшасын беріңіз, – деп жауап қатты Дела».

Біз сөз етіп отырған екі әңгіме екі түрлі бағытта, яғни екі елде болғанын аңдаймыз. Бірақ екеуінің де өзекті тұсы – шаш. Шашын қиып, майданға аттанған қазақ қызы мен күйеуіне тарту алып беру үшін қолаң шашын сатқан Батыс қоғамының қызы.

Қазақы бұрымның иесі мен О.Генридің кейіпкері Деланың арасындағы байланыс та біреу, ол – ниет. Бірі өлім аузына кетіп бара жатып шашына сыр айтып, туған даласына, еліне деген ішкі сырын білдірсе, бірі өлімнен кем түспейтін жоқшылықтан шашын саудаға салып, сүйгенін қуантпақшы. Өкінерлігі, екеуінің де өмірі трагедиямен аяқталады. Батыр қыз майданда опат болады, ал Деланың тартуы күйеуіне түкке жарамсыз болып қалады. Өйт­кені ол күйеуіне сағаттың бауын сатып алған еді. Ал Джим әйеліне тарақ сатып алыпты.

«Менің шашым көп өтпей ұзын болып өседі, Джим, – деді ол аузына басқа сөз түс­пей. Сосын ол жүгіріп барып күйеуіне алған мерекелік тартуын әкелді де Джимнің қолына ұстатты.

– Әдемі шығар, ә? Дүкен біткенді аралап жүріп, осыны қаладым. Бұдан кейін сағатыңа күніне жүз рет қарасаң да болады. Қане, саға­тыңды әкелші, оған жаңа бауын тағып көрейік.

Джим міз бақпастан үнсіз отыра берді, тіпті не істерін білмегендей күле бастады.

– Дела, екеуміздің де мерекелік тартуымыз есте қаларлықтай екен, оларды біраз уақытқа дейін сақтап қоялық. Мен алтын сағатымды сатып, саған тарақ алдым. Қане, енді кешкі ас ішелік». Бұл алып шаһарда өмір кешкен, бір-бірін құлай сүйетін екі жастың махаббат хикаясынан бір тарау еді.

Міне, бұл бізді толғандырған екі шығар­мадағы ұқсастық еді. Екеуі екі кеңістікте өрбі­генімен, негізі бір сияқты сезіле береді. Қай-қашанда әйел затының асыл құндылығының бірі – шашы болса керек. Өйткені олар қи­налған сәтте шашының шарапаттарын көріп келеді. Бұрымы туған даласының сағы­нышын жасырған қазақ қызы мен батыс­тық кейіпкер Дела екі халықтың тынысы деп қабылдаған жөн сияқты. Кейіпкерлер сөйлесе, ар жағын­да шындық тұратыны сөзсіз. Ал сол кейіп­керлерді сөйлеткен қаламгерлер тілі  ұлттың үні секілді.