Референдум-2022 • 26 Мамыр, 2022

Байқаушылардың рөлі басым

841 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Партиялық емес байқау орталығының ұйытқы болуымен республикадағы байқаушыларға арналған оқу семинары өтті. Семинарға орталық филиалдарының төрағалары мен байқаушылары қатысты.

Байқаушылардың рөлі басым

Қазіргі уақытта байқаушылар санын аймақтар бойынша нақ­ты­лау, тренингтер өткізу, оларға материалдар әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Партиялық емес байқау орталығының төрағасы Төлеген Күнәділовтің айтуынша, оқу семинарына қатысқандар 5 мау­сым күні өтетін референдумды, оның ішінде сайлау учаскелерінде байқау мен мониторинг жүргізуге атсалысады. «Референдумның айқын, әділ өтуін қамтамасыз ету үшін партиялық емес бай­қау­шылар үлкен рөл атқарады. Ол үшін байқаушылар өздерінің құқық­тары мен міндеттерін және заңнаманы білуі тиіс. Қазір байқаушылар арнайы оқытудан өтіп, білімін шыңдауда», деді орталық төрағасы.

Семинарға қатысушылар бай­қау­шылардың функциялары мен міндеттерін, сондай-ақ «Рес­публикалық референдум туралы» және «Қазақстан Респуб­ликасындағы сайлау туралы» заңдарының негізгі ереже­ле­рін талқылады. Іс-шара барысында байқаушылар сайлау орган­да­рының құзыреті, дауыс беру күні сайлау комиссиясының қыз­метін ұйымдастыру, қоғамдық бай­қау­шылардың құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ олардың жұмыс істеу қағидаттары сынды мәселелерді қарады.

Осы бағытта қатысушыларға сайлау бойынша тәжірибелі маман, Орталық сайлау комиссиясының бұрынғы мүшесі Серік Сыдықов «Республикалық референдумдағы байқаушылардың өкілеттіктері, құқық­тары мен міндеттері» тақы­ры­бында дәріс оқыды. Спикер заң­дарда белгіленген байқау­шы­лардың құқықтары мен міндет­те­рінің негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктерін толығырақ баяндады.

«Референдумда байқау­шы­лардың рөлі өте маңыз­ды. Олардың басты міндеті – про­цесті объективті түрде қада­ға­лап, әділ және адал өткізу­ге ықпал ету. Байқаушының не­гіз­гі функциясына дауыс беруге, сайлау учаскесінде дауыс беру қорытындыларын белгілеуге қо­ғам­­дық бақылауды қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын қада­­­ғалау жатады», деді Серік Сыдықов.

Семинар соңында референ­думға дайындық барысы тал­қыланып, сарапшылар қатысу­шы­лардың сұрақтарына жауап берді.