Атап айтсақ, ерлердің жартылай орта салмағында қазақтың қос өрені – Нұрғали Нұрғайыпұлы мен Олжас Абзалиев айқасса, әйелдердің ең жеңіл салмақ дәрежесінде ресейлік Валерия Карыгина мен Дильшода Умарова күш сынасады.
Жоғарыда айтылған кездесулерден бөлек, спорт сүйер қауым тағы бірнеше қызықты жекпе-жектің куәсі болады. Солардың бірі жартылай жеңіл салмақтағы ресейлік Георгий Попов пен қазақ жігіті Елжан Әлиасқар арасында өтеді деп күтілуде. 38 жастағы Георгий – Саха Республикасының тумасы. Осы күнге дейін 18 мәрте октагонға шыққан ол 14 рет жеңіске жетті. Осыдан үш жыл бұрын Попов UFC-де өнер көрсетті. Бірақ мұхиттың арғы жағалауында оның жолы болмады. Якут спортшысы америкалық Эдди Вайнлэнд пен ұлыбританиялық Дэйви Гранттан жеңілгеннен кейін әйгілі промоушен Ресейдің өкілімен келісімшартты ұзартудан бас тартты. Соңғы кездесуін Попов былтыр жазда Алматыда Сержан Сапарғалиевпен өткізіп, оны үшінші раундта ұрып жықты.
25 жастағы Елжан Әлиасқар – таэквондодан қара белбеу иегері және панкратионнан әлем чемпионы. Бұл атаққа ол 2017 жылы Ресейдің Сочи қаласында қол жеткізді. 2018 жылы қандасымыз Kazakhstan Fighter турнирінде бақ сынап, финалға дейін жетті. Шешуші тұста Елжан қазақтың тағы бір мықты өрені Еламан Шертаевқа есе жіберді. Аралас жекпе-жектен барлығы 11 бәсеке өткізген Әлиасқар соның сегізінде басымдық танытты.
Сондай-ақ сол кеште жерлестерімізден бөлек, алыс және жақын шет мемлекеттерден келген тағы бірнеше танымал спортшылар өз өнерлерін ортаға салады.