Спорт • 26 Мамыр, 2022

Жерлесімізге жанкүйер болайық

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5 маусымда аралас жекпе-жектен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өте­тін UFC Fight Night 207 турнирінің то­лық карды белгілі болды. Аталған жа­рыс­та Жалғас Жұмағұлов та өнер көрсетеді.

Жерлесімізге жанкүйер болайық

Аса жеңіл салмақта бақ сынап жүрген 33 жастағы Жалғас бұған дейін америкалық промоушенде төрт кездесу өткізіп, соның үшеуінде жеңілген еді. Енді бір рет ұтылса, UFC-дің басшылары онымен келсімшартты ұзартпауы да әбден мүмкін. Сол себепті осы бәсекеде Жалғасқа жеңіс ауадай қажет. Бұл жолы қандасымыз Джефф Молинамен күш сынасады. 24 жастағы АҚШ спортшысы октагонда барлығы 12 кездесу өткізіп, 10 рет жеңіске жетті. Сегіз рет айқын басымдық танытты. Молина жеңістеріне көбіне «сабмишен» әдісі арқылы қол жеткізді.

Лас-Вегастағы турнирдің басты бәсекесі аса ауыр салмақта айқасатын ресейлік Александр Волков пен суринамдық Жаирзиньо Розенстрайк арасында өтеді. Сондай-ақ Дэн Иге (АҚШ) мен Мовсар Евлоев (Ресей), Майкл Тризано (АҚШ) мен Лукас Алмейда (Бразилия) және Оде Осборн (Ямайка) мен Зарух Адашев (Өзбекстан) арасындағы жекпе-жектің де көпшіліктің қызығушылығын тудыратыны анық.