«Астана тұрақ кеңістігі» мекемесінің мәліметінше, аймақты ақылы ету жұмыс күні ішінде бос орындар санын көбейтеді, әр тұрақ орнының айналымын арттырады және бос тұрақ іздеуге жұмсалатын орташа уақытты азайтады.
«Автотұрақ шекарасындағы үйлердің тұрғындары үшін айына 1 500 теңге тұратын резиденттік абонемент жұмыс істейді. Құжаттар тізбесі және ресімдеу жөніндегі нұсқаулық astanapark.kz сайтының «Резиденттер» бөлімінде орналастырылған.
Тұрақтарды пайдалануға жұмсалатын қаражатты үнемдеу үшін абонементтер қолданылады. Абонемент иелері қала бойынша барлық ақылы аймақтарда көліктерін тұраққа қоя алады - тіркеу жүйесі төлемнің болуын автоматты түрде анықтайды», деп жазды ведомстводан.
Айта кетейік, әрбір тұрақ аймағында ақпараттық қалқандар және ақылы тұрақ белгісі орнатылған. Қалқанның жоғарғы жағында төрт таңбалы нөмір орналасқан. Бұл нөмір тұрақ ақысын төлеу кезінде көрсетілуі керек. Сондай-ақ уақыт пен техпаспортқа сәйкес автомобильдің мемлекеттік нөмірін жазу қажет.
Еске сала кетейік, елордада нөмірлері 11**, 2***, 3***, 4*** деп басталатын ақылы автотұрақ аймақтары жұмыс режиміне 2022 жылғы 1 наурыздан бастап ауыстырылды. Ақылы тұрақтардың жұмыс тәртібі: жұмыс күндері сағ. 8:00-ден 20:00-ге дейін. Төлем алғашқы 30 минутта жасалуы керек. Демалыс және мереке күндері тұрақтар тегін.