Кеше Қазақстан парламентшілерінің делегациясы Санкт-Петербургте ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясының және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты.
Сондай-ақ, Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей және Беларусь парламенттік делегацияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді. Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы, ТМД ПАА Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенкомен кездесуде екі елдің заң шығару органдары жоғары палаталарының арасындағы ауқымды өзара іс-қимыл, сондай-ақ, Украинадағы жағдаймен бірге басқа да өзекті мәселелер талқыланды.
Төрағалар Қазақстан-Ресей қатынастарының стратегиялық және одақтастық сипаты парламенттік ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік беретінін және осыған байланысты биылғы мамырда Астанада болатын «Қазақстан-Ресей» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық комиссияның алдағы отырысының маңызын атап өтті. Қ.Тоқаев пен В.Матвиенко алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы келісімге жоғары деңгейде қол қойылуының ерекше маңыздылығын атап өтті.
Қ.Тоқаевтың Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинмен кездесуінде күн тәртібіндегі ҰҚШҰ және ТМД, еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту, сондай-ақ, Қазақстан-Ресей парламентаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қазақстан Сенаты Төрағасының Беларусь Ұлттық Жиналысы Республика Кеңесінің Төрағасы Анатолий Рубиновпен кездесуінде тараптар екі елдің парламенттері арасындағы, атап айтқанда, өткен жылы құрылған «Қазақстан Республикасы – Беларусь Республикасы» парламенттік ынтымақтастық комиссиясы аясындағы байланыстарды дамыту туралы пікір алмасты.
Ресей мен Беларусь әріптестерімен кездесулерде Қ.Тоқаев Қазақстанның Украинадағы ахуалға елеулі алаңдаушылығын білдіре келіп, жағдайдың одан әрі ушығуы жаһандық ауқымдағы халықаралық жағдай үшін өте қатерлі зардаптарға әкеліп соғуы мүмкіндігін атап өтті. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың келіссөздері, оның ішінде ядролық қаруға қарсы Гаагадағы саммит барысындағы кеңесулері Украинадағы жағдайды сауықтыруға қатысты Қазақстанның маңызды халықаралық ойыншы ретінде белсенді тұрпатын дәлелдейді. Бұл кезеңде Украина билігінің бірінші кезектегі міндеті президенттік сайлау өткізу, заңды Үкімет қалыптастыру, Украинаның іс жүзіндегі саяси ахуалын көрсететін жаңа Конституция қабылдау болуы тиіс. Бейбіт келіссөздер өткізіп, БҰҰ және ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымдардың жәрдемімен қалыптасқан жағдайдан бірлесе шығу қажет. «Біз Украина, Еуропалық одақ, АҚШ және Ресей өкілдерінің қатысуымен Женевадағы келіссөздерге үміт артамыз. Украина шиеленісі мүдделі тараптардың барлығы арасында үнқатысу арқылы, халықаралық құқық ережелеріне сәйкес шешілуі тиіс», деп атап өтті Сенат Төрағасы.
ҰҚШҰ ПА Ресей төрағалық еткен кездегі Ұйымның қызметі туралы хабардар еткен ҰҚШҰ Бас хатшысы Н.Бордюжаның баяндамасын тыңдады. Қазақстан Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев ҰҚШҰ соңғы жылдарда елеулі саяси салмаққа ие болған маңызды халықаралық құрылым ретінде қалыптасқанын атап өтті. Бұл ретте ҰҚШҰ тайталасу ұйымы ретінде қарастырылмауға тиіс. Оның пікірінше, ұйымның қызмет тетіктерін жетілдіруді жалғастыру қажет.
ТМД ПАА Кеңесінің отырысында қатысушы мемлекеттер парламенттерінің басшылары күн тәртібіндегі үлгі заң шығару жоспарына түзетуді, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына және Достастық аясындағы бірқатар бірлескен форумдарға әзірлікпен бірге бірнеше ондаған өзекті мәселелерді қарады. ТМД ПАА-ның 2013 жылғы қызметінің қорытындылары қаперге алынды. Өткен жылы тұрақты комиссиялардың ұсынуы бойынша Парламентаралық Ассамблея 28 үлгі заң жобасы мен Достастық мемлекеттерінің ұлттық құқықтық жүйелерін жақындастыруға бағытталған басқа да құжаттарды қабылдады. Қызмет еткен барлық кезеңде ТМД ПАА 413 үлгі заң, кодекс, ұсыным, көмекші құқықтық актілер мен заң жобасына ұсыныстар жобасын әзірледі және қабылдады. Сонымен бірге, заңнамалық актілердің 90 пайызынан астамын ұлттық парламенттер пайдаланып отыр.
Сондай-ақ, кеше кешкісін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Кеңесінің отырысына қатысты. Онда Кеңес мүшелері – ТМД Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер парламенттерінің жетекшілері бірқатар өзекті мәселелерді қарастырды, Парламентаралық Ассамблея тарапынан дайындалған құжаттарды талқылады және тиісті мәселелерге байланысты баяндамаларды тыңдады.
Атап өтейік, кеше және оның алдыңғы күні (16 сәуір) Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы Тұрақты комиссиясының, ЕурАзЭҚ Парламентаралық Ассамблеясы Тұрақты комиссиясының және ТМД Парламентаралық Ассамблеясы Бірлескен комиссиясының отырыстарына да қатысқан еді. Осы отырыстарда саяси және халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс және қауіпсіздік, әлеуметтік-экономикалық, сауда саясаты, кедендік реттеу, жаңа қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, тиісті заңнамаларды оңтайландыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Осы іс-шаралар барысында қазақстандық делегация Таврия сарайында Тарас Шевченконың туғанына 200 жыл болуына арналған көрменің ашылуына да қатысты. Көрмеге ұлы ақынның суреттерімен қатар, шығармалары, құжаттары және ақынның қазақ, орыс, әзербайжан, армян, тағы басқа тілдерге аударылған атақты «Кобзарь» поэмасы қойылған.
Санкт-Петербургтегі Парламенттік орталыққа ТМД елдері Жастар парламентаралық ассамблеясының өкілдері – жас депутаттар да келген екен. Олар да өздерінің отырысын өткізіп, онда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Жастар парламентаралық ассамблеясының жаңа үйлестірушісін сайлады. Ережеге сәйкес ол алфавит бойынша Әзербайжаннан Арменияға өтті.
* * *
Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов бастаған Мәжіліс депутаттары да осы күндері Санкт-Петербургте өтіп жатқан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы шараларына қатысуда.
ТМД ПАА, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ парламенттік ассамблеяларының дәстүрлі жиыны аясында бүгінгі күннің өзекті мәселелерін талқылау үшін Достастық елдері парламентшілері ТМД ПАА штаб-пәтері – Таврия сарайына жиналды. Маңызды шара Санкт-Петербург университетінде «Еуразиялық экономикалық болашақ» халықаралық форумынан басталды.
Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастырудың құқықтық тетіктері, Біртұтас экономикалық кеңістікті жаңа өсу полюсі ретінде дамыту болашағы, полицентрлік әлемде геостратегиялық мүдделердің қиылысуы сынды маңызды мәселелер танымал саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің, бизнес және ғылыми қауымдастық өкілдерінің әңгіме өзегіне айналды.
ТМД елдері парламенттері бастамашы болған бұл форум бүгінгі күні еуразиялық интеграцияның экономикалық, саяси және құқықтық өзекті мәселелері талқыланатын үнқатысу алаңына айналса, II пленарлық отырыста сөз алған Қ.Жақыпов шараның атаулы жылға сәйкес келгенін атап өтті. Осыдан тура 20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ломоносов атындағы ММУ-де алғаш рет Еуразиялық одақ идеясының үлгілік жобасын ұсынған болатын. Сондықтан, ЕурАзЭҚ те, Кеден одағы да, Біртұтас экономикалық кеңістік те еуразиялық интеграция идеясын жүзеге асырудың элементтері болып табылады, деді Мәжіліс Спикері.
Одан әрі Қ.Жақыпов «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсаттарының бірі – еліміздің ең дамыған 30 елдің қатарына кіру міндетіне тоқталып, осы жолда аймақтық экономикалық жүйеге біздің экономикалық интеграциямызды тереңдету, нақтылап айтқанда, Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға қатысу аталған мақсатқа жетуге жол ашатындығын атап көрсетті. Интеграцияның экономикалық қырын дамыту үшін ұлттық заңнамаларды үйлестірудің, осы ретте, ЕурАзЭҚ Парламенттік Ассамблеясы қызметінің маңызы өте зор, деді Мәжіліс Төрағасы.
Ассамблеяның кезекті отырысының қарауына «Атаулы әлеуметтік көмек туралы», «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру негіздері туралы», тауарлық белгілер туралы, халықтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы әлеуметтік заңнамалық құжаттардың үлгілік жобасы енгізілді.
Жиын барысында Мәжіліс Спикері Қ.Жақыпов ЕурАзЭҚ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы болып сайланды. Қазақстан аталған ұйымның дамуына, беделінің өсуіне айрықша үлес қосты, нәтижесінде біздің еліміз екі мерзім қатарынан ЕурАзЭҚ ПАА-ға төрағалық етіп отыр.
Қ.Жақыпов Санкт-Петербургте ТМД ПАА шаралары аясында қырғызстандық, тәжікстандық және ресейлік әріптестерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан» –
Санкт-Петербургтен (Ресей).