Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы», деп жариялаған болатын. Президент өз сөзінде өскелең ұрпақтың болашағына баса мән беретінін, жастарға зор үміт артатынын айтқан еді. «Жастарымыз атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін міндетті түрде көреді. Олардың арасында көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр азаматтар аз емес. Біз өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сондықтан да 2022 жылды «Балалар жылы», деп жариялау керек деп есептеймін. Әңгіме жалаң ұран мен мерекелік шаралар туралы емес. Ең алдымен, билік тарапынан балаларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Балалар жылына» орай тұңғыш рет ұйымдастырылған «Министр кубогы» бір ай бойы еліміздің бірнеше қаласында өткізілді. 2-24 мамыр аралығында республиканың 17 мамандандырылған оқу орнының өкілдері Олимпиада бағдарламасына енген және елімізде кең тараған спорт түрлерінен, атап айтқанда бокс, дзюдо, грек-рим және еркін күрес түрлерінен бас жүлде үшін бақ сынады.
Сәуір айында елордадағы «Қазақстан» жеңіл атлетика кешенінде жарыстың жеребе тарту рәсімі өтіп, онда 17 команда төрт топқа бөлінді. Одан әрі командалар Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Тараз қалаларында аймақтық іріктеу жарыстарында бақ сынады. Яғни әр топтағы командалар айналмалы жүйе бойынша бір-бірімен кездесіп, төрт спорт түрі бойынша жеңіп алған медальдарының сапасы жағынан бірінші орын алған командалар жартылай финалға шықты. Жартылай финалда А тобының жеңімпазы С тобының үздігіне, В тобының мықтысы D тобының жеңімпазына қарсылас атанды. Іріктеу сайыстарының қорытындысы бойынша, өз топтарында оза шапқан Кәркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Алматы қаласы), Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлұлы атындағы олимпиада резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Қызылорда облысы), Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі (Нұр-Сұлтан қаласы) және Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінің (Қарағанды облысы) спортшылары 22-24 мамыр аралығында «Министр кубогын» сарапқа салды.
– Спортшылар мен жаттықтырушылар және болашақ чемпиондардың ата-аналары үшін шын жүректен қуаныштымын. Өңірлерде осы жарысты өткізу туралы бастаманы үлкен ынтамен қарсы алғандары қуантады. Күрделі іріктеу кезеңдерінен кейін елордада ең мықты спортшылар жиналды. Бұл жарыстардың атмосферасы сіздерге жағымды эмоция мен әдемі әсер сыйлайды, ал жарқын жеңіс қосымша серпін мен мотивация береді деген сенімдемін, – деді жарыстың ресми ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Спорттық іс-шараның алғашқы күніндегі жартылай финал бәсекесінде қарсыластарына жол берген Ә.Молдағұлова атындағы олимпиадалық резервтегі интернатының спортшылары мен Жалаңтөс Баһадүр атындағы олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің өкілдері ертесі күні турнирдің қола жүлдесін сарапқа салды. Үшінші орынға таласқан жас спортшылар татами, ринг және бозкілемде жан алысып, жан берісті. Нәтижесінде, спорттың төрт түрі бойынша жалпы есепте мықтылық танытқан Қызылорда облысының жас өрендері жеңімпаз атанып, турнир ережесіне сай жарыстың қола жүлдесі мен қосымша 2 млн теңге көлемінде қаржылай сыйақыға ие болды.
Ал шешуші сайыста Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі мен К.Ахметов атындағы олимпиада резерві республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің спортшылары «қос құлақты» кубокты жеңіп алуға барын салды. Финалдық шешуші айқас болған соң барлық бәсеке өте тартысты өтті. Өйткені кез келген бір жеңілістің өзі, болмашы қателіктің салдары командасын жүлдеден қағуы әбден мүмкін еді. Сондықтан сайысқа шыққан спортшылардың ешқайсысы да жеңілгісі келмей, бар күш-жігерін алаңда қалдырып, соңғы демі қалғанша жеңіс үшін күресті.
Бозкілемде белдескен балуандардың, татамиде өнер көрсеткен дзюдошылардың тамаша айла-тәсілдері, шаршы алаңдағы былғары қолғап шеберлерінің әрбір жасаған соққысы спорт кешеніне жиналған жанкүйерлердің қошеметіне бөленіп отырды. Нәтижесінде, бокс, еркін және грек-рим күресінде жеңіске жетіп, тек дзюдо бәсекесінде ғана қарсыласына жол берген елордалық Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резерві мектеп-интернат-колледжі спортшылары тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық «Министр кубогы» жарысының жеңімпазы атанып қана қоймай, Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қолынан кубок пен 5 миллион теңге қаржылай сыйақы алды. Екінші орынға табан тіреген алматылық спортшыларға 3 млн теңге сыйақы берілді.
Сонымен қатар турнирде жекелеген аталымдар бойынша да үздік атанған спортшылар арнайы марапатқа ие болды. Атап айтар болсақ, бокстан 80 кило салмақта өнер көрсеткен елордалық Расул Асаханов (Қ.Мұңайтпасұлы атындағы олимпиада резерві) «Үздік техникасы үшін», еркін күресте 71 килоға дейінгі салмақта белдескен алматылық Данила Таурбаев (К.Ахметов атындағы Олимпиада резерві) «Жеңіске деген жігері үшін», дзюдода 60 килоға дейінгі салмақта күрескен қарағандылық Дияс Таңатқан (Ә.Молдағұлова атындағы спорт интернаты) «Үздік әдісі үшін» және грек-рим күресінен 80 килоға дейінгі салмақта бақ сынаған Нұр-Сұлтан қаласының тағы бір балуаны Асанәлі Серікбаев «Көрермен көзайымы» аталымдарында жеңімпаз атанды. Жоғарыда аталған барлық спортшыға жарысты ұйымдастырушылар ынталандыру ретінде 250 мың теңге көлемінде қаржылай сыйақы берді.
Жарыс соңындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтан бөлек, бокстан Олимпия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері, әлем чемпионы Болат Жұмаділов, дзюдодан Олимпия ойындарының күміс жүлдегері Асхат Жіткеев, еркін күрестен әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрлан Бекжанов, сондай-ақ грек-рим күресінен әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері және Азия чемпионы Алмат Кебіспаев қатысып, екі күн бойы спорт сарайының шаңын қаққан жас ізбасарларының жарқын өнерлеріне дән риза болып, болашақта олар да ел намысын халықаралық ареналарда, Олимпия ойындары мен әлем біріншіліктерінде лайықты түрде қорғайтынына сенім білдірді.